Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткен тарихымызбен өзектес

Өткен тарихымызбен өзектес

Осы жылы кең көлемде аталып өтетін туған қаламыздың 95 жылдығы барша халықтық мереке деп білемін.
Адамзат тарихында бізге дейін өркениет ошағындай үлкенді-кішілі талай қалалар, кенттер бой көтерген. Олар жаугершілік не болмаса басқа да жағдайларға байланысты қирап, тоналып, жермен-жексен болып өшіп кеткені өткен тарихтан белгілі. Тіпті осы маңайларда Арал теңізінің ерте замандағы Женд теңізі аталуына сәйкес Женд деген қалашықтың болғанын тарихшылар, археологтар айтып та, жазып та жүр. Қалай болғанда да туған қаламыздың Арал деп аталуы кешегі ұлы теңізге байланысты шығар деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім.
Өткен ғасырда бой көтеріп, қала статусына ие болған теңіз жағасындағы бұл қалада кешеге дейін өндіріс, өнеркәсіп ошақтары болғанын біздің ұрпақ жақсы біледі. Сонымен қатар қасиетті осынау топырақтан қанат қаққан мемлекет және қоғам қайраткерлері, атақты еңбек шамшырақтарының, әдебиет пен мәдениет өкілдерінің атақ-даңқтары кең-байтақ Отанымыздан тысқары алыс-жақын шетелдерге де мәлім болған. "Елдің атын ер шығарады" деген осы да. Алдағы уақытта олардың ізбасарлары бұл топырақтан шығатынына сенімім мол.
Арал қаласы, әсіресе тәуелсіздігіміздің тұсында керемет айшықталып, ажарланып, ұшқыр уақытпен бірге жайнап, келбеті мұнан да көріктеніп, заманауи шаһарлар қатарынан ойып орын аларына сенім мол. Сондықтан
Көркіңді Күн қызықтап, Ай қарасын,
Теңгерем саған жұрттың қай қаласын.
Өсе бер,
Өркендей бер, туған қалам,
Сен ертең ертегіге айналасың,– дегім келеді.
Толыбай Абылаев,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жарасқан Әбдірашев, Тұрсынзада Есімжанов атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты
28 қыркүйек 2022 ж. 257 0