Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала жүрегіне жол тапқан

Бала жүрегіне жол тапқан

Ұстаз – адамдықтың диқаншысы. Адам тәрбиелеудің, жеке тұлғаны қалыптастырудың бағбаны. Кіршіксіз, пәк сезімді жас ұрпақты арман жолына жетелейтін де, білімнің қия шыңына көтеретін де ұстаз. «Ұстазы жақсының –ұстамы жақсы» деп ғажайып дүниенің сырын ашқан, өмірдің қыр-сырын меңгеретін де ұлық тұлғалар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ шығар. Шындығында, мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Ендеше бүгінгі әңгімеміз білімнің отын жағып, нәрін шәкірт бойына сіңіруді мақсат еткен Ардақ Надырханқызы Каденова туралы болмақ.
Ардақ Каденова 1985 жылы 12 тамызда Арал қаласында дүниеге келген. Отбасында әкесі Надырхан мен анасы Ақжарқынның тәлім-тәрбиесін алып, өмірге қанат қақты. Ол 2002 жылы қаладағы №62 орта мектепті бітіріп, 2003 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне түскен. Аталған оқу орнын 2008 жылы ойдағыдай тәмамдап, 2010 жылдың ақпан айында №64 орта мектепке мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Содан соң 2014 жылдан бері №220 орта мектепте жемісті ұстаздық қызмет атқарып келеді. 2015-2019 жылдары ерекше білімді қажет ететін оқушыларды тәрбиелеп шығарса, бүгінде 4 «Е» сыныбының сынып жетекшісі ретінде балаларды білім нәрімен сусындатып келеді.
Өзінің жайдары мінезімен, біліктілігімен балаларды, олардың ата-аналарын өзіне баурай білген білімді маманның рәтті еңбегі де лайықты бағаланып, әр жылдары «Қазақстанның Білім және ғылым әлемі» журналы, іс-тәжірибе тарату мақсатындағы ұйымдастырылған «Он жылдықта он игі іс» бағдарламасы бойынша екпінді әрекет еткені үшін Құрмет грамотасы, инклюзивті балалармен жүргізіп жатқан нәтижелі жұмыстары үшін Алғыс хатпен, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар және даму мүмкіндіктері шектеулі балалар арасында «Жұлдызай» II республикалық спартакиадасының аймақтық іріктеу кезеңінде ұйымдастырушылардың мүшесі болып, балалардың танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға қосқан үлесі ескеріліп және аудандық білім бөлімі ұйымдастырған «Алғыс – сөздің асылы» тақырыбындағы ата-аналармен бірлескен іс-шараны ұйымдастырудағы белсенділігі үшін Алғыс хатты еншілеген. Сонымен қатар республикалық «Жас толқын» жасөспірімдер мен балалар шығармашылық байқауына сіңірген еңбегі үшін Құрмет грамотасымен және Абай Құнанбайұлының «Қыс» атты өлеңін мәнерлеп оқудан республикалық байқауға дарынды шәкірт дайындағаны үшін Алғыс хатпен марапатталған.
Өткен жылы аудандық білім бөлімінің бастамасымен «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда сындарлы оқыту әдістерін қолдану» тақырыбында бастауыш сынып мұғалімдерінің аудандық онлайн-семинарында іс-тәжірибесімен бөлісіп, сертификат те иеленді.
Міне, осындай шәкірт тәрбиелеудегі ұтымды ісімен дараланған Ардақ ұжымда абыройлы, өнегелі ұстаз отбасы тірлігін де қатар алып жүр. Ол жолдасы Жадырасын Көбегенұлымен бірге үш бала тәрбиелеп отырған бақытты ана.
Ұстаздар мерекесі қарсаңында ата-ана Мөлдір Кеңесқызы:
– Алғашқы мұғалім кез келген оқушының өміріндегі басты тұлға. Баланың жеке қасиеттерінің қалыптасуы оның тәрбиеленушілеріне қаншалықты байыпты және құрметпен қарайтындығына байланысты. Ардақ ұстаз балаларына тек білім беру дағдыларын қалыптастыруға ғана емес, олардан тарихи Отанын бағалай және сүйе білетін, басқа халықтың дәстүрлерін құрметтей білетін елдің нағыз азаматтарын тәрбиелеуде тынымсыз еңбек етуде. Сондықтан балалар мен ата-аналар нағыз сынып жетекшілерін қатты жақсы көреді әрі бағалайды,– дейді.
Біз де осындай шәкірт тәрбиелеуде көптің алғысына бөленіп келе жатқан Ардақ мұғалімге ұстаздық еңбектің биік шыңынан көріне беріңіз демекпіз.
К.Махсұт
01 қазан 2022 ж. 628 0