Бүгін – халықаралық қарттар күні
Халықаралық қарттар күні – 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды.
Бұл мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі. Және оның аясында қарттарға құрмет көрсетіліп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады.
Атап айтқанда, қарттарға құрмет көрсету акциялары, мемлекет тарапынан біржолғы қаржылай көмек, сондай-ақ, азық-түлік себеті, шипажайларға жолдама және тағы басқа.
Сол секілді егде жастағы жандарға арналып мерекелік концерт те ұйымдастырылады.
Одан бөлек, қарттарға арналған ауқымды шараның бірі – «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық жобасы.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр қолға алған жоба аясында еліміздің барлық өңірінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу жоспарланған. Жоспарға сай онда егде жастағы жандар бос уақытын өткізе алады.
Аталған орталықта ағылшын тілін үйрену, компьютерлік сауаттылық курстарынан өту, емдік дене шынықтыру, би және тағы басқа шараларды өткізу қарастырылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде жасы алпыстан асқан 3 миллионға жуық жан бар.
Мереке қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова әлеуметтік еңбек саласының ардагерлеріне зор денсаулық, амандық және ұзақ өмір тіледі.
Сондай-ақ, айтулы күнге орай зейнеткерлерге құттықтау хатымен қатар елордадағы Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрындағы концертке билет табыс етілді.
Аталған ведомство мәліметіне сәйкес, елімізде қарттар күніне орай айлық шара басталып кетті.
«Облыс, қала және аудан басшыларынан бөлек, кәсіпорындар мен ұйым басшылары әлеуметтік қолдау шарасына орай ашық есік күнін ұйымдастырып жатыр. Министрлік мәліметіне сәйкес, 188,4 мың қарт жанды қамти отырып, барлығы 1,6 млрд теңге сомасында біржолғы материалдық көмек көрсетілді», – дейді ведомстводан.