Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгінгі жастар өз құқығын қаншалықты біледі?

Бүгінгі жастар өз құқығын қаншалықты біледі?

Қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза атамыз: “Заң – мемлекеттің тоғыз қабат тор көзді сауыты” демекші, тәуелсіз елдің әрбір азаматы Заң аясында өте сауатты болуы керек. Иә, келешек ел болашағы бүгінгі жастар қолында екені белгілі. Ендігі кезекте қазіргі заң үстемдік еткен заманда жастардың құқықтық сауаттылығы да кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отырғаны анық. Осы мақаламызға “Бүгінгі жастар өз құқығын қаншалықты біледі?”, “Жастарға құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында қандай іс-шаралар қолға алынған?” деген сауалдар арқау болып отыр.
Ең алдымен тақырыбымызға себеп болған құқықтық сауаттылық деген не екендігіне тоқталып өтелік. Құқықтық сауаттылық – мемлекеттің құқықтық негіздерімен, нормаларымен таныс болу. Яғни өз құқығын жеткілікті білген адам ғана кез келген тығырықтан қиындықсыз шыға алары анық. Қазіргі жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру ең алдымен отбасы шеңбері, білім ордалары мен бұқаралық ақпарат құралдары тағы басқа да салалар бойынша жүзеге асырылады.
Бүгінгі жастар арасында қылмыс, қарақшылық, кісі өлтіру сынды жат әрекеттер баршылық. Ондай жағдайларды құлағымыз шалып, көзіміз көріп жатады. Тіпті екі көше балаларының арасындағы түсініспеушілік салдарының арты төбелеске ұласып кетеді емес пе?! Осындай теріс әрекеттер ұлттық тәлім-тәрбиеміз бен келешегімізге жағымсыз әсерін тигізеді. Мұндай жағдайға баратын жастар көбіне өз ісінің қайда апарып соғарынан хабарсыз болады. Бұл дегеніміз құқық жағынан сауаты жоқ деген сөз. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, аудан халқының 19 606-сы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар екен. Арал аудандық жастар ресурстық орталығы жыл көлемінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін біршама жұмыстар атқарып келеді. Мәселен құқықтық сауаттылыққа байланысты арнайы аудан жастарына 3 тренинг, 18 кездесу, сонымен бірге 14 рейдтік шара өткізген. Сонымен бірге аудандық полиция бөлімі және де тиісті сала мамандарымен бірлесе отырып мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында да құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде арнайы кездесулер жиі өткізіліп жүр. Аталған мәселе жөнінде Арал ауданының полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесі ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Дулат Қуанғалиұлы:
–Бүгінде заңды білу заман талабына айналып отыр. Әрбір жас азаматқа қоғамдағы қарым-қатынас заңдылықтарын терең ажырататын құқықтық сана мен мәдениет қажет. Ең алдымен бұл үшін отбасындағы бала тәрбиесін басты назарға алып, жіті қадағалау маңызды. Жалпы Арал ауданының полиция бөлімімен жыл басынан бері кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған құқық бұзушылықтардың алдын алуда ҚР ІІМ-нің 29.12.2015 жылғы №1098 санды «Ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру туралы қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының негізінде нақты жоспарлар жасалды. Негізінен ауданда 51 мектеп, 2 колледж бар. Оның ішінде 10 мектеп пен 2 колледж аудан орталығы Арал қаласында орналасса, қалған мектептер Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері мен ауылдық округтерде орналасқан. Аудан көлемінде жалпы 32254 кәмелетке толмағандар болса, олардың 19550 оқушы мектепте, колледж қабырғаларындағы студенттер саны – 697. Аудандық полиция бөлімімен жыл басынан кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған құқық бұзушылықтардың алдын алуда нақты жоспарлар жасалып, жоспар барысындағы жұмыстар өз нәтижесін көрсетті. Ағымдағы жылдың қараша айымен аудан көрсеткіші бойынша кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған қылмыстар 1-2 өсіп отыр, ал, кәмелетке толмағанға қарсы жасалған қылмыстар – 2-ден 3-ке өсіп отыр. Жүргізілген рейдтік іс-шаралар мен өткізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 517 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Жастар арасындағы құқық бұзушылық мәселелерін тоқтату мақсатында аудан көлемінде көптеген шараларды жүргізіп келеміз. Әлі де мұндай шаралар жалғасын тауып келеді,– деді.
Айтуынша, қылмыс пен құқық бұзушылықтың жолын кесу мақсатында жыл басынан үкіметтік емес ұйымдармен және бала тәрбиесіне мүдделі органдармен бірлесе отырып, аудан көлемінде «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп автобусы», «Жасөспірім-Көше», «Заң-Бала-Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз балалар!», «Отбасында әкенің рөлі», «Зорлық зомбылықсыз балалық шақ», «Демалыс» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген. Сонымен бірге білім беру ұйымдарында оқушылармен құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қарсы жасалатын зорлық зомбылық сипатындағы іс әрекеттердің қаупі, нашақорлық, араққұмарлықтың адам өміріндегі зияны, әлімжеттік, суицид әрекеттерінің алдын алу бағытында түсіндірме жиындар, еркін тақырыпта пікір алмасулар 418 рет өткізілген. Кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша облыстық, аудандық білім бөлімдеріне 123 ұсыныс жолданған екен.
Бүгінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында мектеп қабырғасы мен жоғары оқу орындарында арнайы пәндер қарастырылған. Бұл – жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Алдағы уақытта мұндай оқу істерін кең көлемде қарастырса артық болмас еді.
Түйін. Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы: “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды” дегендей, елдегі тәртіпті сақтау үшін жастардың Заң аясындағы білімін кеңейту қажет. Осы тұста мемлекет тарапынан да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Сондықтан қоғамның талабына сай жастарды жан-жақты тәрбиелеу үрдісіндегі мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – оқу-тәрбие жұмысының барлық құрылымында құқықтық білім беру мен тәрбиеге айрықша мән беріп, оны ұйымдастырудың тиімді жолдары мен тәсілдерін үнемі жетілдіру, жаңарған қоғамның саяси құқықтық сана сезімдерін қалыптастыру. Отбасы тәрбиесінде де әр ата-ана балаға құқықтық сауаттылықты үйретіп, тәртіпке бағыну керектігін қадағалағаны жөн. Сол кезде ғана болашақта бала шалыс баспай, келешегі жарық болары сөзсіз.

А. НҰРЛАНОВА
15 қазан 2022 ж. 3 722 0