Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас суретшілер байқауы өтті

Жас суретшілер байқауы өтті

Биыл теңіз төскейіндегі қаланың 95 жылдық мерейтойы. Аралдағы айтулы жылды атап өту жоғарғы деңдейде өтіп жатыр. Әр сала қызметкерлерінің үлесінен бөлек, балалар да бұл шаралардан тыс қалмай келеді. Туған жердің тарихын ұлықтауда олардың да еңбегі өлшеусіз.

Жақында осындай шаралардың бірі Арал аудандық оқушылар үйінің ұйымдастыруымен өтті. Арал қаласының 95 жылдығына орай «Әсемпаз, жасампаз Аралым!» атты жас суретшілердің қалалық сайысында оқушылар өнерлерін ортаға салды. Қаланың барлық мектептерінен қаламды жанына қанат еткен 14 оқушы қатысып, 2 жас санаты бойынша қаралды. Бірінші жас санаты 6-8 сынып оқушылары, екінші жас санаты 9-11 сынып оқушылары арасында өтті. Аралдың өткенін көзбен көрмесе де, көңілдегі қиял, санадағы үлкендердің естеліктерін ұштастыра білген жас суретшілердің арасынан шын жүйрікті анықтау оңайға соқпады. Бірінен-бірі асып түскен оқушылардың арасында жарыс қорытындысы бойынша №14 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Мейірім Әлібекова, №260 орта мектебінің 9 сынып оқушысы Ақниет Тұрғанбаев, №62 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Аянат Досанова мен №220 орта мектебінің 6 сынып оқушысы Меруерт Темірбаевалар жүлделі ІІІ орынға ие болса, №220 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Айтолқын Жайшылық пен №83 орта мектептің 8 сынып оқушысы Нұрперзент Алиева ІІ орынға тұрақтады. Ал №64 орта мектебінің 9 сынып оқушысы Мадияр Жолдыбаев пен №262 мектеп- гимназиясының 6 сынып оқушысы Меруерт Саматова жарыс жеңімпаздары болып табылды.
Жарыстың жүлдегері Айтолқын Жайшылық:
– Бұл байқау өте жоғарғы деңгейде өтті. Жарысқа қатысқан 14 оқушының ішінде осалы жоқ. Барлығы суреттің қыр-сырын меңгерген, суретке тіл бітіре алатын жас суретшілер. Осындай жастарды қолдап, оларға талпыныс беріп биылғы жылды жастар жылы ретінде қабылдаған тәуелсіз мемлекетте дүниеге келгенімізге қуанамыз. Қай уақытта да жастарды елдің ертеңі, болашақтың тұтқасы санаған қазақ халқының келешегі кемел боларына сенімім мол. Арал – біздің туған жеріміз. Оның топырағы қашан да ыстық көрінеді. Өткенін көрмесек те естіп, біліп жүрміз. Қазіргі гүлденген кезі көз алдымызда. Ал болашағы біздің қолымызбен жасалады. Сондықтан болар, әр қатысушының шығармашылығынан қазіргі ақиқат пен қиялдан туындаған ғажайып бейнелерді көруге болады. Сол қиялымызды есейген шақта ақиқатқа айналдыру біздің қолымызда, – деді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
14 қазан 2022 ж. 369 0