Ата-ана баланың бағбаны
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты – балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдіретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздейді. Бірақ нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады.
Бірақ шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен міндет тұрады. Ол – бала тәрбиесі. Жоғарыда айтқандай, өзімізді бақытты ететін ұрпақ өсіруде біз басты тұлға екенімізді ұмытпауымыз керек. Ол үшін алдымен әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмайтын, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл жай ғана ақталудың амалы. Шындығында баламен сөйлесуге арнайы уақыт бөлудің де қажеті жоқ. Олармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге де болады. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан ғайбат сөз айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінде үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Себебі "әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер" дегендей, көргенінен тәлім алады. Сол себепті барынша баламыздың болашағына балта шабатын жат қылықтардан өзіміз де алшақ болуымыз керек. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді.
Сондай-ақ өзімізге байқалмайтын жат нәрсе – арақ пен темекі де осы тәрбиеге теріс әсер ететін дүние. Ішімдікке құмар, маскүнемдікке бой үйреткен, ұрыс-керіс көп орын алатын отбасында өскен балалар басқа өмірді аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгеретіні ғылыми тұрғыдан, психологтардың зерттеуімен дәлелдеген. Егер осы теріс жолға бет бұрып кетсе, онда бәйтеректің бір бұтағы қисық өсті дей беріңіз. Бақытсыз қыз, бұзақы ұл осыдан шығады. Сонда кінәлі кім? Әрине, ата-ана.
Бұзақылықтың басы бос жүруден басталады. Кейде сабақтан жиі қалдыруға әр түрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда ата-ана балаға өтірік айтуды үйретіп отырғанын аңғармай да қалуы мүмкін. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі ғой. Сондықтан бала тәрбиесінде барынша абай болған жөн.
Қымбат Жолдасова,
№57 Е.Көшербаев атындағы орта мектебінің әлеуметтік педагогы