Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Егемендікті еншілеген күн

Егемендікті еншілеген күн

Биыл 13 жылдан соң 25-қазан Республика күні ретінде қайта бекітілді. Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесі берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қыркүйек күні тиісті заңға қол қойды. Бұл барша қазақстандықтардың қуанышына айналды. Себебі тарихы тереңде жатқан мейрамның дәл осы күнге тұспа-тұс келуінде де себеп бар екенін барша жұртшылық өте жақсы білетіні даусыз.
Расында елдігімізді танытатын ерекше күнді баршамыз қолдап, қастерлеуіміз керек. Толықтай азаттықты еншілемесек те, тәуелсіздіктен бір жыл бұрын дәл осы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен қабылданған деклария біздің егемендікке алғашқы жасаған қадамымыз іспетті.
Барша Қазақстан азаматы ретінде мен өз пікірімді білдіруді жөн санадым. Бұл күн ел үшін аса маңызды болғандықтан, мейрам ретінде тойлануын қолдаймын. Себебі ата-бабамыздың қолы еркіндікке, егемендікке дәл осы күні жетті. Ал 1986 жылы болған желтоқсан оқиғасы өткен күн – аза тұту күні, тәуелсіздік алуға үлес қосқан батырларымызды ұлықтайтын күн. Сол себепті 25 қазанда ел тарихында елеулі сәттің орын алғанын бүгінгі және кейінгі ұрпақ ұмытпай есте сақтау үшін Республика күнінің мейрам ретінде қайта тойлануы Мемлекет басшысының тарихи шешімі болды.
Сонымен қатар осы күннің мемлекеттік деңгейде, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа ортақ мереке ретінде тойлануы халқымыздың бойына қуат, жүзіне қуаныш сыйлаған оң шешім. Әуелі, қоғамның патриоттық сезімін арттыруға сеп болары анық. Сол үшін бұл күнді Тәуелсіздік күнінен әсте кем етіп және бір күндік іс-шаралармен атап өту қате. Рухани құндылығымызды, қазақы қайсар рухымызды, бай тарихымызды, бабадан қалған даланың мұрагері ретінде Алты алашты әлемге таныту арқылы осы тарихи датаның біз үшін қасиеттілігін аша білуіміз, көрсете алуымыз қажет.
Шындығында, бұл тыңнан түрен соғу емес. Тарихи бағасын әлдеқашан алып қойған. Тек бүгінгі қоғамнан өз орнын таппаған еді. Алайда осы жылдан бастап қайта түлеп, жаңғырып, ұлтымызды ұлықтайтын мерекеге айналғаны көңіл қуантады. Егеменді ел болуымыздың алғашқы құжаты алғаш рет қабылданған осы күнді құрметтеу – барлық қазақстандықтың парызы.
Тәуелсіздігіміздің кірпішін қалап берген бұл күнді мереке етіп өткізу қазақ халқының қуанышы деп білем.
Бұл күн жайлы айтар болсақ сөз көп. Қазақтың том-том болып қатталған терең тарихында алтын әріппен жазылып қалған елеулі күнді ешкім жоққа шығара алмайды. Себебі тарихи сәт қайталанғанымен, тарихты өзгерту мүмкін емес. Тәуелсіз ел ретінде талай тарихи жылдарды табысты мемлекет ретінде кестелеп жазып, кейінгі ұрпаққа жарқын болашақ, кемел келешек сыйлайық. Еліміз аман, республиканың іргесі берік болса, Қазақстан жаһан жұртшылығын мойындатары сөзсіз.

Гүлшат Жалғасбаева,
"Жазира" балабақшасының меңгерушісі
25 қазан 2022 ж. 292 0