Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаламгер «Құрметті азамат» атанды

Қаламгер «Құрметті азамат» атанды

25 қазан Республика күні мерекесі ауданда кең көлемде аталып өтті. Орталық стадиондағы өткен шарада бірқатар жыл үздіктері марапатталса, сонымен бірге ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосқан жерлестеріміз «Арал ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Осы азаматтардың қатарында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың» лауреаты, халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, республикаға танымал ақын, журналист Толыбай Абылаев та болды.
Ақпарат майданында өзіндік қолтаңбасы қалған, қаламын жанына қару еткен Тобылай Абылаев 1952 жылы 14 сәуірде Қызылорда облысының Арал ауданындағы Көнебөген елді мекенінде балықшы отбасында дүниеге келген. №45 Көнебөген бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, З.Шүкіров атындағы №20 Бөген орта мектебін 1969 жылы бітіргеннен кейін еңбек жолын туған ауылда балықшы болып бастады. Әскери қызметтен соң да 1973-1976 жылдары балық кәсіпшілігінде, мәдениет бөлімінде қызмет атқарған. Бірақ бала күнгі арманын ақиқатқа айналдырған ақын шығармашылықтан қол үзбеді. Осылайша 1976-1985 жылдары Қармақшы аудандық газетінде, 1985-1989 жылдар аралығында біраз үзіліспен «Толқын» газетінде, 1990-1995 жылдары облыстық теле-радиокомпанияның Арал қалалық радио хабарын тарату редакциясында редактор, 1996-2016 жылдары «Толқын» газетінде бөлім меңгерушісі, 2014 жылы «Үмітті Арал» газетінің редакторы, 2016-2021 жылдардың аралығында облыстық «Сыр ардагері», «Кәсіпкер келбеті» басылымдарында, «Әлімсақ» журналында жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі қызметтерін адал атқарды.
Ол журналистикамен қатар поэзиядан да бір сәт алыстаған жоқ. Балалық шақтан шығармашылықпен шұғылданған Толыбай Абылаев көптеген поэзиялық жинақтардың авторы. Оның ішінде балалар әдебиеті, туған жерді толғау, өзге де құнды дүниелер жарық көріп, қалың оқырманның жүрегінен орын таба білді. Ақындық дейтін саф өнерді ақиқатпен ұштастыра алған Толыбай Абылаев поэзия әлемінде биіктен орын таба білді. Оған1974-1977 жылдары Шымкент, Алматы қалаларында өткен Қазақстан жас ақын жазушыларының кеңестеріне, 2015 жылы Астана қаласында өткен Евразия ақын-жазушыларының Халықаралық конференциясына қатысқандығы анық дәлел бола алады.
Қашанда Аралды шығармашылығына арқау еткен, ақпарат айдынында ауданның дамуы мен жетістігін жазып, оқырмандарын таба білген жанның күні бүгінге дейін көптеген авторлық кітаптары жарыққа шығып, оқырман олжасына айнала білді.

О. ЖОЛДАСОВ
27 қазан 2022 ж. 419 0