Толғақтан кейінгі той немесе даңғазалық керек пе?

Бұрындары қазақ халқы босанған әйелге арнайы қалжа беретін болған. Әйел босанарға таяу күндері аяқ-қолы бүтін ақсарбаз қойды қалжаға дайындап қойған. Әйел босанған түні сол қалжаны сойып, оның оң жақ асық жілігі мен барлық мүшесін асады да, әйелге қалжа жегізетін болған. Қазақта «Менің де анам бір күні қалжа жеген» деген ұғым содан пайда болған. Қалжа жеген әйел қалжырамайды, кеткен қаны толығады деп есептеген. Кейін туыс-туғандарды шақырып, қалжадан ауыз тигізген екен. Бұл жөнінде Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметова «Күретамыр» атты кітабында былай деген: «Кейбір өңірлерде қалжаны келін төркіндері әкелген. Сол секілді ағайын-туыс, дос-жарандар да қарап қалмаған. «Қалжасы үзілмесін» деп қуанышқа қойын өңгеріп келеді екен. Өйткені, бір әулетке ұрпақ сүйгізіп, айналасын қуантып отырған анаға арналған бұл дәстүрді жасау сауабы зор әрі абыройлы іс делінген. Ана мен баланың былайғы жерде дені сау, көзі қара болуы қалжаға тікелей байланысты болған. Бүкіл дене-мүшесі дел-сал болып жатқан әйел күнде күйлі қойдың жас сорпасын ішіп, етін жеген сайын күш-қуаты қалпына келіп, белі бекиді. Кездейсоқ кезігетін түрлі ауру-сырқауға қарсылық қуаты артады, сүті нәрленіп, құнарланып балаға жұғымды әсерін береді. Сәби күн санап ет алып, ширай түседі.Әйелдің денесіндегі ұйыған, қатқан қан, артық тұз секілділер термен шығып, бойы тазарады, көңілі сергиді, өңі ашылып, ажарланады».
Міне, қазақ халқының әйел босанғаннан кейінгі оның күтіміне аса назар аударғаны көрініп-ақ тұр емес пе?! Шаңырақ басында ағайын-туыстарымен бірге той тойлап, ән айтатын. Сондай-ақ бертін келе, әйелді ауруханадан алып шығарда думандатып тойламаған. Тек жақындары ғана келіп, қуанышымен бөлісіп, көлікпен алып кететін. Кейін бұл қуаныштарын үйіне барып жалғастыратын.
Иә, дүбірлетіп той тойлап, шашылып жататын ағайындарымыздың қуанышына барлығымыз да қуанамыз, әрине. Алайда ауруханадан алып шығар сәттегі шеттен тыс кететін дәстүрге айналып бара жатқан әдет санын азайтсақ дұрыс болар еді. Себебі онда қиын жағдайда қалған түрлі тағдыр иелерін де ескеріп, жанашырлық танытқанымыз жөн. Тіпті бірінің мұндай тойға материалдық жағдайы да келмейді. Сол үшін қанымыз бір өзге де адамдарды ойға алып, мекеме айналасын тойға айналдыруды азайтқанымыз абзал.
А. СӘКЕНҚЫЗЫ