Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен туған жер...

Мен туған жер...

Мен туған жер....
(Естелік толғаныс)
І
1957 жылы ақын Әбділдә Тәжібаев Арал қаласындағы «Балықшылар клубында» теңіздің тарлан балықшыларымен кездесу кешін өткізген болатын. Сол кездесуде ақынның оқыған өлеңінің аты «Балықшы» еді. Енді кезекті сол өлең жолдарына берейік:
Жағасында Аралдың,
Балықшылар құрған аудың.
Шыр айналып төңірегінде,
Қанаттарын төсеп күнге.
Шырқырайды шағалалар,
Содан шабақ қағады олар.
Ортасында көкпеңбек сел,
Үрлеп баяу желкенін жел.
Борандарға бас имеген,
Тұзға піскен, күнге күйген. 
Жас балықшы ән шырқайды,
Шағалалар шуылдайды.
Теңіздің жай толқығаны,
Секілді тек соның әні.
Желдің өксіп сыңсығаны,
Секілді тек соның әні.
Зарлы бастап, ащы аяқтап.
Аңыратқанын алдым жаттам
Кемеміздің тосып жолын
Тұр балықшы созып қолын.
Осы үлкен кездесу жиынында балықшылар атынан ақынға гүл шоқтарын ұсынған «Үшкөл» деп аталатын балықшы ауылының атақты балықшысы Дәмелі Қозбақова болатын.
Ол кезде Үшкөл деп аталатын балықшы ауылы «Сарбасат» атты балық зауыты орталығы еді. Заводта шағын теңіз флоты бар болатын. Ауылда басқа ұлттардың да жанұясы тұратын. Мысалы, балық зауытында жергілікті ауыл қазақтарынан басқа орыс, қалмақ, татар, шешендер де еңбек ететін.
Зауыттың теңіз флотына күн құрғатпай моторлы қайықтар келіп-кетіп жататын.
Теңіздің осы жағалауындағы шағын балықшы ауылын табиғаттың таңғажайып сәніне бөленген деуге болады. Теңіз жағасындағы ауыл ауыз суға зәру. Өйткені бұл жерлерде тұщы су көзі жоқ. Елдің қысы-жазы ішетіні теңіз мұзының суы. Теңіз мұзының суы дегенімізді қазіргі жастар жете түсінбеуі ғажап емес. Олай болса ол жөнінде де түсінік бергеннің артықшылығы бола қоймас.
Қысты күні зауыт жұмысшылардың күшімен мұз боп қатқан теңіздің мұзын ойып, оны мұзқала деп аталатын арнаулы орындарға кесекше қалап дайындайды. Мұндай мұзқаланың саны бірнешеу болатын. Жаз бойы ауыл тұрғындары ауыз суды осы мұз қаладан алып ішеді.
Туған жер. Оның басқа жерден айырмасы сол - ол сенің шыр етіп жарық дүниеге келгенде алғаш рет жауырының тиген жер, кіндік қаның тамған жер. Сондықтан да туған жеріңді мақтаса өзіңді мақтағандай сезінесің. Туған жер туралы ақын Қасым Аманжоловтың:
О, дариға, алтын бесік туған жер,
Қадіріңді келем білмей, кеше көр.
Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасым болсам мен егер, – деген өлең жолдарын айтпасам, өз басым туған жер туралы ойымды жеткізе айттым дей алмаймын.
Менің туған жерім – Арал теңізінің батысындағы қойнау. Оның үш жағында үш көл бар. Содан болу керек, мен туған ауылды «Үлкөл» деп атайды. Ауыл теңіз жағасында жағалай орналасқан. Ең жақын деген үйлер теңіз жағалауынан елу метрдей, ең алыс деген үйлер теңіз жағасынан жүз метрдей қашықтықта салынған. Ұмытпасам, ауылда екі жүзге жуық отбасы болатын. Ауылдың қақ ортасында балық зауытының кеңсесі мен өндірістік базасы орналасқан. Балық зауытымен Арал теңізі туралы әңгіме қозғаған кезде мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КПСС XXIV сьезіне делегат болған атақты балықшы Нартай Демеуов ағамыз:
– «Үшшоқының» толқынын айтсаңызшы, – деп еске алатын.
Ал, біз болсақ:
–  «Үшшоқы» деген қай жер, оның толқынының қандай қасиеттері бар? – дейміз.
Сондағы ол екі иығын тіктей түсіп, көз жанарын сонау өткен алыс күндеріне қарағандай екі беті шырайланып, есіне жастық кезеңінің небір қуанышты күндері, небір көктеңіздің төсінде асау толқынмен алысқан, арпалысқа толы күндері есіне түсті ме, әңгімені неден бастасам екен дегендей сәл сәт үнсіз қалды. Десе де іштей ой толқынында отырғаны сырттай бет-бейнесінен аңғарылып тұрды.
Ойын бөлмейік деп біз де үнсіз отырмыз.
Иә,    басқа   қазақтай   емес,   балықшы  қауымы сөзге сараң келеді. Сол дәстүр менің де есіме түсіп кетті білемін, – деп бастады біздің сауалымызға әңгімесін ағамыз.
– «Үшшоқы» Арал қаласына барар жолда теңіз толқындары күні-түні соғып жатқан үлкен жар кемер. Арал теңізінің жағалауында одан биік жер-кемер жоқ.
 Ол жайлы ақын Сансызбай Құттыбаев:
         Өтті. Кетті.
         Бұрын ұшақ ұшатын,
         Ан-2 ғой, көп жолаушы құсатын,                
         Үшшоқының дәл үстінен ұшқанда
Мықтының да жүрек тұсы қысатын, деп жырға қосқан еді. Бұл бірінші ерекшелігі еді. Екінші ерекшелігі - теңіздің қай түкпірінен шыққан кемелердің барлығы да Арал қаласының портына келерде де, кетерде де Үшшоқының жанынан өтеді.
Арал теңізінде кемеде жүзгендер оны әркез еске алып отырады. Себеп – ол жерге тынық күннің өзінде тау толқындар өзінен-өзі пайда болып, жарға ұрып жатады. Дауылды күндері бұл жердің толқындары аса қорқынышты. Айта берсек, Арал теңізінде ғажайып нәрселер жеткілікті.
Тау-тау толқындар екпіндей келіп жарға соққанда көк теңіз өкіріп жатқандай сезінесің.
Арал теңізінде Изенді деген жер бар. Бұл жер Сырдария өзенінің теңізге құяр сағасына жақын жерде, сол жерде су ортасында үйдей үлкен тас бар. Бұл тасты балықшылар «Шұлыған» деп атайды. Көктемде осы жерге шамая деген балық жиналып, уылдырық шашады.
Осы кезде бұл маңға Арал теңізінің түкпір-түкпірінен балықшылар жиналады. Олар бір айдай шамасында осы маңда балық аулайды.
Жан-жақтан келген балықшылар бір-бірімен танысады. Тәжірибе алмасады. Ойын-сауық кештері де болып жатады. Несін айтасыз, бұл        жерді кейде «Балықшылар базары» деп те атаған еді, – дейтін әңгімесінде ағамыз.
II
Бұл күні бес жүз шақырымнан астам жол жүріп шаршап келгеніммен, дұрыс ұйықтай алмадым. Адам туған жеріне келгенде өткен өмірін көз алдына  елестейтіні әдеті емес пе?! Сондай-ақ, кешегі балалық жігіттік шақтарын, жақсылы-жаманды өткізген өмірің көз алдыңда сағымдай бұлдырап, біресе алыстап, біресе жақындап көлбең қағады.
Түні бойы өзіммен-өзім арпалысып шықтым. Азанда мең-зең болып тұрған мен далаға шыққанымда, азғана желдің әсерінен пайда болған толқындардың дыбысы ап-анық естіліп тұрды. Ауыл орналасқан жерден теңіз жиегі үш жүз метрдей болады.
Теңізден соққан салқын желмен таза ауа бойыңды тез сергітіп, денеңе қуат бергендей әсер береді екен. Үйге кіргің келмейді, теңізге қарай жүре бергің келеді. Осындай ой үстінде теңіз жағалауына қалай жеткенімді өзім де сезбей қалыппын.
Бүгін кешегідей емес, күн жылы, жел жоқ, тынық екен. Қараша айының жуан ортасы болса да күн нұры жылуын бәсеңдетпеген тәрізді. Ауыл адамдары жеңіл киіммен жүр. Ақеспенің аққұмын жалаң аяқ кешіп, жүгіріп жүрген балаларды көргенімізде баяғыда бізде осы жерге, осы топырақта осылардай жүретінбіз десек біреу сенеді, біреу сенбейді.
Сонау жылы келгенімде көк теңіз көз ұшында болар-болмас жатқан. Содан бері де он жыл өтіпті. Бұл жылдар ішінде өзгерістер де көп болыпты. Соның айғағы көк теңіз өзінің ежелгі табанына жетуге асығатын тәрізді. Жетуге де жақын қалыпты. Бұрын қайтқан теңіз табанында қаңсып қалған ескі кемелердің табанын шалшық су басыпты. Оған да шүкір-шүкір деуге болады. Бұл да жақсылықтың белгісі. Құстар да аспандап ұшып келе бастапты. Шаңқылдап ұшқан шағалалар да мекен-жайына оралыпты. Көк жүзінде ақша бұлттар көшіп барады. Ол да көп нәрсені еске түсірердей әсер берді.
Теңіз табиғаты көңіліңнің қай-қайдағы құрыс-тырыстарының бәрін жазып, көкірегіңді көк аспандай жадыратып жібергенін өзің де сезбей қалады екенсің.
Тап осы сәтте теңіздің таза ауасымен дем алған менің көзім де жұлдыздай жайнап, кеудемді шаттық кернеді.
Туған жер табиғатын осылайша тамашалап тұрғанымда, ауылдан теңізге беттеген балықшы жігіттер де келе бастады. Демек, бұл теңізде тіршілік басталды деген сөз. Кешегі өлі теңізге жан бітті деген сөз. Бағы тайған балықшы ауылының ырысы өздеріне қайтып оралды деген сөз. Табиғат тыныс кеңіп, аймағына жан кіре бастады деген сөз.
Бір сөзбен айтқанда, қарт Арал - қайтадан жасара бастады деген сөз.
Уақыт. Уақыт зымырап өткен сайын адам да өзгере ме, қалай?.... Баяғы беттерінен қаны шыққан жеңгелеріміздің жүзінде баяғы уыз бейнелер көрінбейді. Маңдайларына түскен әжім белгілері тереңдей түсіпті. Дегенмен, қайныларын көргенде айтатын әзілдері мен ақкөңілділік қалыптары сол баяғы күйлерінше сақталыпты.
Иә, оқушы қауым сөз дегенді қайталай беріп отырған себебім, жалғанда не сұлу? деп сұрақ қойғанда - сөз сұлу, не терең дегенде - сөз терең, не өтірік дегенде - сөз өтірік деген ұлағатты әңгіме бар. Ендеше бүгінгі Арал теңізіне қандай да болмасын жақсы сөзді айта берсе жарасатын сияқты. Соның әсерімен менде толқып кетіппін:
Аралы майды шалқарым,
Есіме бүгін түсіп тұр.
Айдында асыр салғаным,
Өзіңнен ұшқан мен балаң.
Күресте ешбір талмадым,
Теңіздей тынып кей-кезде,
Ешкімге салмақ салмадым.
Толқындай тулап әрқашан,
Қатардан әсте қалмадым.
Дұшпанға сырды бермедім,
Жаманға сеніп ермедім.
Дұшпандық еткен адамға,
Жамандық жасап көрмедім.
Талайы оны біледі,
Ыш-пыста болып жүреді.
Қарапайым жәй халық,
Сыртынан айтып күледі.
Қазақта «Әкеңнің қадірін өзің әке болғанда білерсің» деген ұлағатты сөз бар. Сол сияқты туған жердің қадірін есейген сайын сезіне түседі екенсің.
***
Есейіп қарттықтың қамшысын қолына ұстаған кезінде ел болмаса кіндік қаның тамған туған жерге келіп, өткенді еске алып, туған жердің топырағын басып, ауасымен дем алып, ашық аспанына қарап тұрғаныңызды ойыңызға бұл туған жер - біздерден де бұрын болған, біздерден кейін де қалатын жер деген ой жан дүниеңді еріксіз елжіретіп жібергенін сезбей де қалады екенсің.
Енді туған ауылдың өткеніне көз жіберсек, ауыл шағын болғанымен, шағын дегеннің өзінде екі жүздей үй болатын. Мұнда әр ұлттың өкілдері тұратын. Мәселен, соғыс жылдары ауылда жиырмаға жуық қалмақ отбасы жер аударылып, осында келіп қоныстанды. Ауылда төрт жылдық орыс-қазақ мектебі жұмыс істеді. Онда соғыстан жарақат алып қайтқан, үстінде ұзын сұр шинель киген орыс жігіті ұстаздық жасады.
Ауылда медпункт жұмыс істеді. Оның меңгерушісі болып ұлты неміс қырықтың ішіндегі әйел қызмет атқарды.
Жалпы «Үшкөл» ауылы Сарыбасат балық зауытының орталығы болды. Балық зауыты болғандықтан, зауыттың шағын порты толассыз жұмыс істейтін.
Арал қаласынан келген пароходтар келерде азық-түлік және де басқа заттар алып келсе, қайтарында балық тиеп қайтатын. Аралға баратын жолаушылар да осы пароходтарды пайдаланатын.
Зауыттың шағын клубы, кітапханасы бар болатын. Зауыттың аумағы ағаш тақтайлармен әдемілеп қоршалған. Кірер аузында күні-түні қарауыл тұратын. Балық заводында жұмыс істейтіндерді ғана кіргізетін, бейсауыт адамға рұқсат етпейтін. Қарауылдардың бастығы Үсен деген ағамыз болатын. Ол кісінің өз жұмысына деген жауапкершілігінің жоғары болғандығы сонша өзінің жақын туысын да басшылардың рұқсатынсыз ішке жібермейтін. Екі сөзінің бірі «тәртіпті сақтауымыз керек», – деп жүретін.
Ауылда тұрақты түрде рация жұмыс істейтін. Оның маманы Андрей Шеглов деген орыс жігіті тұғын. Далада бағана басына орнатылған үлкен қара репродуктор күні-түні жағы бір тынбайтын.
Газет-журналдарды жетісіне бір рет "кукурузник" деп аталатын самолет тастайтын. Ауыл почтасының меңгерушісі қызметін Молдаш Қозбақов ағамыз атқаратын. Ауылдағы екі жүздей отбасының газет-журналдарын, хат-хабарларын  ағамыз көмекші бола тұрса да ерінбей өзі жеткізіп беретін. Ол газетке жарияланған жаңалық атаулыны сауаты аз ағалары мен жеңгелеріне ерінбей оқып таныстыратын. Берген сауалдарына салиқалы жауап беретін. Бір сөзбен айтқанда бір ауылдың жаңалық жаршысы да, сол дәуірдің тілімен айтқанда үгітшісі де Молдаш ағамыз еді. Ағамыз сол жылдары аудандық «Социалистік Арал» (Қазіргі «Толқын») газетінің жергілікті жердегі штаттан тыс тілшісі болып жұмыс істеді. Оның ауыл өмірінен, балықшылар тірлігінен жазған хабарлары газет бетінде үздіксіз жарияланып тұрды.
Уақыт алға ұзаған сайын туған жерге, туған ауыл туралы білетіндерің көмескіленіп, қашқақтайтын тәрізді. Білетіндерінің өзін қағазға түсіру үшін жазу столына отырған кезде әлгі айтпақ ойың пашырап, сөздерің ұйқасын таба алмай салмақсызданып, ойлағандай болмайтындығын қайтерсің.
Туған жердің табиғаты да ерекше әсем болатын. Сонда қалай дейсіз ғой! Ол кезде теңіз қайтпаған. Теңіз жағасына қоныстанған балықшы ауылы теңізбен бірге тұрып, теңізбен бірге түн құшағына енетін. Сәл жел тұрса болды, теңіз беті ирелектене бастап, аяғы тау толқындарға ұласатын. Толқындар бірін - бірі қуалай отырып жағаға жеткенде ашуы қайтқандай жайылып кетіп жоқ болып жататын. Бірақ тентек толқындардың бұл шуылы жел басылмай тоқтамайтын. Желдің қай бағыттан тұрғанына қарап балықшылар желдің қай кезде бәсеңдеп қоятынын, теңіздің қай маңында балықтың жиналатынын айтып, болжам жасайтын. Сол болжам айна қатесіз келіп жататын.
Теңіз жағасына орналасқан балықшы ауылының қарама-қарсы бетіндегі теңіз жағалауын «Бөріойнақ» деп аталады. «Бөріойнақ» биік тау шоқылардан тұратын. Неге оны «Бөріойнақ» деп атағанын кезінде сұрамаппыз. Бүгінде оған жауап айтатын көне көз қариялар алыста қалыпты. Шамасы бөрілердің күшіктейтін мекені болған болуы керек деген болжам да бар. Себебі әліге дейін мұнда қасқырлар баршылық көрінеді.
Бұл өңір қай кезде де түлкі мен қоянның мекені болған. Қазір де солай. Мұндағы өсетін шөптер де сан алуан. Жаз айларында теңіздің жағалауына қалың пішен шығады. Көптігі соншалық, оны орып тауыса алмайтын. Сосын ол бір жылдан екінші жылға қалып, түйе кірсе көрінбейтін нар қамыстарға айналатын.   Оны жергілікті тұрғындар қыс айларында шауып алып, отын етіп пайдаланды. Қалың қамыс құстардың мекен-жайы болатын. Осы қалың қамыс ішінде жаз айларында қаз-үйрек балапан салатын. Аспанда шағалалар шаңқылдап ұшатын. Көл бетінде аққулар мен "Бірқазан" деп аталатын құстар ешкімнен жасқанбай жүзетін. Ауыл қариялары ол құстарға ешкімді де тигізбейтін.
Көк майса қамыстары иін тіресіп қара жардай болып тұратын. Түн мезгілінде аспандағы сансыз жұлдыз теңізге шомылғандай су бетінде шағылысып жататын.
Қалың қамыс құстардың панасы болатын. Көкала қаздар мен сирақты көкқұтандар, сүңгуір үйректер мен қырқылдауық үйректер, қысқасы суға түсетін құс біткеннің барлығы осы қалың қамыс арасына кіріп жұмыртқа салатын. Сосын кезек-кезектерімен балапандарын ертіп шығатын. Ол кезде құс аулаушылар қазіргідей емес некен - саяқ болды.
Бұл аймақтағы ең биік жер «Бөріойнақ» тауының арғы беті үлкен теңіздің бойын жағалай «Кеңжыңғыл» деп аталатын жағалаумен жалғасады. Бұл теңіз жағалауына «Кеңжыңғыл» деп атауды да қойған тәрізді. Себеп бұл жерде өскен жыңғылдың қалыңдығы соншалықты ит тұмсығы батпайтын. Бірнеше километрге созылған бұл теңіз жағалауы, теңіз толқындары соға-соға тік жарға айналған «Сегізсай» деген шағын тауға барып жалғасады. Бұл шағын таудың табиғаты да тамаша. Таудың сай-салаларында қар суы мен жаңбыр суынан пайда болған шалшық сулар жаз бойы үзілмей жатады. Олардың жағалауларына жабайы жиделер өсетін. Сол жиделердің дәні піскен кезде жылына бір рет менің атам Айбосын қарт өзінің атымен келіп, әлгі жиделердің дәнін теріп алып, балдарына әкеліп, үлестіріп беретін.
Ұмытпасам, мен үшінші класс оқып жүрген кезімде атам соңғы рет «Жиделісайға» барып, тау биігіндегі бабалардың зиратына соғып Құран бағыштап, қайтарында жиде дәнін жинап, ауыл балаларына әкеліп берген-ді.
Сол барғандағы сапары жәйлі өзінің өкшелес інілеріне айтқан мына бір әңгімесі әлі күнге дейін есімде, «Жиделісай» деп отырған жер ауылдан он бес шақырымдай болатын.
Сондағы атамның айтқан әңгімесі:
– Сонау жылдары менің балалық шағым болатын. Ауыл қыстаудан көшіп шығып, «Кеңжыңғылда» ағаш үй тігіп, малдың жәйімен отырған- ды. Мен күндегі әдетімше өзіміздің қойларды «Жиделісай» маңында жайып жүрген болатынмын. Ашық күн көзді ашып-жұмғанша бұзыла түсті. Әуелі теңіз беттен жел соға бастады. Артынша ашық аспанды қою қара бұлт басты, сол сәтте найзағай ойнап, жаңбырдың себелеп құймасы барма?! Сол-ақ екен, жақтағы тегістіктен бір түсініксіз дене атылып шығып аспанға қарай өрлеп бара жатты. Бұл құбылыс ұзаққа созылған жоқ. Әлгі беймәлім дене бұлт арасына енген сәттен бастап, жел тынып, жаңбыр басылып, күннің көзі қайтадан жерге үстемдік жасай бастады. Мен де қойымды ауылға қарай айдадым. Ауылға келгенімде, әлгінде ғана тыныштық құшағындағы ауыл абыр-сабыр болып «айдаһар», «айдаһар», – деп шуылдасып жатыр.
– «Айдаһары» несі десем кездескендерге:
– Немене, сен қой бағып жүріп айдаһардың аспанға көтеріліп кеткенін байқамадың ба?,- дейді менің сұрағыма бірінші кездескен адам.
Сөйтсем манағы дауылдатып, жаңбырлатып аспанға көтеріліп кеткен белгісіз затты ауылдағылар жер астында жатқан айдаһарды перілер аспанға көтеріп алып кетті деген тоқтамға келіп, сол оқиға болған жерге барлығы жиналып жатыр екен.
Сонымен ауыл адамдарына еріп сол жерге мен де бардым. Барғанымызда, тегіс жерде адам қиналмай сиятындай шыңырау құдық пайда болыпты. Қолмен қазды дейтіндей айналасында ешқандай сыртқа шыққан топырақтың белгісі жоқ. Жиналғандардың ішінен ересек бір атамыз ауылдан бар арқанды алып келіңдер деп жұмсады.
Арқанды алып келіп бір-біріне жалғап, әлгі шыңыраудың тереңдігін өлшей бастады. Бірақ жинаған арқандарымыз шыңыраудың түбіне жете алмай айдаһар шыққан шыңыраудың тереңдігін ол жолы біле алмай қайтқан болатынбыз. Содан бері сексен жылдан астам уақыт өтіпті. Осы жолғы «Жиделісайға» барған сапарымда жолай «айдаһар» шыққан шыңырауға соққан едім, түбі көрінбейтін шыңырау топыраққа толып, тереңдігі менің белімнен келетін болыпты,-деп өткенді еске алған еді.
Табиғаттың мұндай таңғажайып құбылыстары қай кезде де болып тұрған ғой.
Жалпы біздер туған жерімізді жібек жусандардың өлкесі деп мақтанатынбыз. Ауыл іргесінен бастап көз ұшындағы төбелерге дейінгі алқапты алып жатқан жусандар желді күні теңізше тербеліп жататын. Әсіресе, желді күні жусанның жұпар иісі бүкіл ауыл үстіне әтір шашқандай әсер беретін.
Жаз айларының өзінде теңіздің әсері болуы керек, әлсін-әлсін жаңбыр жауып өтетін. Содан кейін қапырық ыстық әп-сэтте азайып, дала қоңыр салқындана қалатын.
Шөп атаулының күн көзінен қурап күйіп кетуі сирек кездесетін. Итсигек деген шөптің өзі күзге дейін көкпенбек күйімен жететін.
Тау баурайында изен, шырмауық, алабота өсетін. Мал атаулы осы маңда қысы-жазы тебіндеп жататын. Ұрлық деген түсімізгеде кірмейтін. Ой, заман-ай!
Жоғарыда айтылғандардың бәрін мен бала кезімде көргенмін. Сол топырақта, сол теңіздің жағасында, сол толқындай тербелген жусанның әтір иісімен демалып, бал құрағында аунап өскенбіз.
Мен сол топырақта кіндік қаным тамып, сол топырақта ержетіп, сол топырақта еңбек етіп, сол топырақта бала-шағалы болып, сол топырақта елге танылған едім.
Сондықтан біздер үшін туған жер топырағына тең келетін топырақ жоқ деп сенімді айта аламыз.
Шыңғыс Айбосынов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
01 қараша 2022 ж. 431 0