Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

«Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Ел Президентінің Жарлығына сәйкес бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов Көктем, Аралқұм ауылдарына жұмыс сапарымен барды. Онда Серік Сағитжанұлы ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады.  «Ауданның 9 айдағы кірісі 15,9 млрд. теңгені құрап, болжам 101,3 пайызға артық орындалса, оның ішінде өз түсімдеріміз 2,4 млрд теңгені құрап, жоспарлы межеден 8,9 пайызға артық орындалды.

Сондай-ақ халықты таза ауыз сумен қамту бойынша да ауданда ілкімді істер атқарылуда. Мәселен тамыз айында  Көнту елді мекенін толықтай ауыз сумен қамтыдық. Қазіргі таңда, Арал қаласындағы №6 шағын ауданында су желісінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Ақбасты елді мекенін ауыз су жүйесіне қосу үшін Қосаманнан Ақбасты бағытына қарай су құбырларын монтаждау жұмыстары басталды. Сіздердің ауылдарыңызға да жақын күндері таза ауыз су жететін болады. Бүгінгі таңда су жүйесінің құрылысы уақытылы жүргізілуде»,- деді Серік Сағитжанұлы. 

Көктемдіктер аудан басшысымен кездесуде ауыл үшін өзекті деген медициналық бекеттің  ғимараты ескіргендігін айтып, мүмкіндігінше биылғы жылға жаңа бекет салып беруін сұрады. Өз кезегінде аудан әкімі бұл  жұмыстар бойынша тиісті шаралар қабылданғандығын, сондай-ақ жоба мақұлданғандығын тұрғындарға түсіндірді. 

Кездесуден соң аудан әкімі ауылда медициналық бекеттің жұмыс барысымен танысты. Жауапты сала басшыларына халықтың сапалы медицинамен қамтылуын, қолжетімділігін ұдайы назарда ұстауды тапсырды. 
Аудан әкімі жұмыс сапары аясында «Сапақ-Көктем» бағытындағы су желісінің құрылыс барысын саралады. 20,0 шақырымды құрайтын су құбырының желісі жүргізіліп, су сорғы  станциясының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Серік Сағитжанұлы мердігер мекеме басшыларымен кездесіп, құрылыс жұмыстарын сапалы орындауды тиісті бөлім басшыларына жүктеп, қадағалауды тапсырды.

 Аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі Аралқұм ауылында жалғасты. Мұнда да аудан басшысы халыққа атқарылған жұмыстар бойынша тоқталды. Аралқұмдықтар аудан әкіміне елді-мекендегі электр жарығының мәселесін көтеріп, қызмет көрсету сапасы бойынша ұсыныстарын білдірді. Бұл сұраққа қатысты С. Сермағамбетов тиісті сала басшыларына, жауапты бөлімдерге жақын арада ауыл тұрғындарымен кездесу өткізуді тапсырып, өзекті деген мәселені дереу арада бірлесе отырып шешу қажеттігін айтты.

"Толқын" ақпарат
05 қараша 2022 ж. 1 018 0