Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем әдебиетінің абызы

Әлем әдебиетінің абызы

Тек қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің классигіне айналған қарымды қаламгер, суреткер жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов биыл 98 жасқа толар еді. Теңізді өлке халқының тіршілігін туындыларына арқау етіп, Аралды шығармашылығы арқылы әлемге мәшһүр қылған қаламгер жайлы ой қозғау, қалам тербеу әрбір Аралдың перзентінің парызы іспетті көрінеді маған. Бірақ осынау жазушы жайлы жазудың өзі оңай емес болар.
Әбдіжәміл Кәрімұлы 1924 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Қоғам қайраткерінің жастық шағы соғыс уақытына тұспа-тұс келіп, майдан шебіне жарамды азаматтардың арасында соғысқа аттанып кете барды. Соғыс ардагері Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.
Жігітті танығың келсе тегіне қара демей ме?! Осы маңайды ежелден қоныс еткен Әбдіжәмілдің жетінші атасы Тайқожа батыр, одан Қалдан, одан Арғынбай би, одан өз заманында асқан байлығымен танылған Сыланбай, одан туған Нұрпейіс болыс болған екен. Міне осы Нұрпейістен туған Кәрім, Нәжім, Қали дейтін ұлдарымен бірге Кәрімнің баласы Әбдіжәміл соғысқа кеткен. Бірақ төртеуінің арасынан тек Әбдіжәміл ғана елге аман оралады.
Соғыстан аман қайтқандығы да сол тектілігінде шығар. Батырдың ұрпағынан батыр тумаса өмірдің сатқындығы болар еді. Олай дейтініміз, Әбең бір сұхбатында: «Біздің ру Жақайым, одан Бәйдібек, одан Бәйімбет шығады. Бәйдібек батырлау, бір тайпа елдің басшысы, көсемі болған кісі. Әбілқайырмен бірде тіл табысып, бірде тіл табыса алмай айшайысып жүретін өркөкірек, өзімшіл жан болыпты. Орыс офицерінің жазуында 1745 жылы қайтыс болды делінген. Батырды жерлеуге Нұралы хан және Есет батыр келіпті» деген екен.
Сондай-ақ Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» мен «Жұмбақ жалауы», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының алғашқы екі кітабын сөмкесінен тастамай шығармашылыққа бала кезден құштар аға Сервантестің «Дон-Кихот» романының қазақша аудармасын да жанынан тастамай жүріп, өзі де қалам тербепті. Оны «10 сыныпты оқып жүріп повесть жазғалы бел будым. Әскерден қайта оралсам – баяғы жазғандарымның бәрі жоқ. Қатесі көп еді, жоғалғаны жақсы болды» – деген жазушының өз сөзінен анық аңғарамыз.
1942 жылы орта мектепті тәмамдасымен армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысты. Осы уақыттағы басынан өткен естеліктер жайлы кітабында: «Біраз жасадым. Еш уақытта бұл жасқа келемін деп ойламаппын. Тәркілеу болып жатқан уақыт есімде. Сол кездегі көп нәрсе көз алдымда. Ашаршылықты көрдім: өмірге өкпем жоқ. Қайғы-қасіреті, қуаныш-қызығы да көп болды. Аштықта есектің етін жегендер де болыпты. Мектепте оқып жүргенімде күнде маған сүтке салып, бір кесе сөк беретін. Әкемнің екі әйелі болды. Кешқұрым туыстар біздің үйге жиналатын. Көшелі атамыз кіріп келіп, екі келіні тазалап отырған шикі қаздың басын алып, тұмсығынан ұстап, аузына салып, ұзақ талмап шайнайтыны есімде қалыпты. Бұл аштықтың тіршілігі еді. 1943 жылдың наурыз айында лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар курсын оқыдым. Курс маған қиын болды. Әуеге көтерілген кезде көп құсатын едім. Ұшақты қондыру да маған қиынға соғатын», деп жазыпты.
Ол шығармашылықтан сол қиын-қыстау уақытта да қол үзбеді. 1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріскен. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқыды. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп,оны 1956 жылы бітірді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың иегері атанды. Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түсті. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы да болып қызмет істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланды. 2000 жылдан бастап ПЕН клубы жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарады. Көп жылдардан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы да болған.
Өткен XX ғасырда қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды. Атап айтсақ, француздық Луи Арагон, ресейлік Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, испандық Август Видаль, қырғыздық Шыңғыс Айтматов, башқұрттық Мұстай Карим, немістер Лео Кошут, Ральф Шрейдер, қазақстандық Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, өзге де қаламгерлер ол туралы тебірене жазды.
«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған.КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері.Бұл мәртебелі сыйлықты Қазақстанда Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алғанын да айта кеткен дұрыс болар.
Бүгінде өзі кетсе де есімі өшпей, құнды дүниелері қаншама ұрпақтың санасында сақталған қарымды қалам иесінің алар орны әркез асқақ.
Б. Сарбасова,
Арал қалалық тарихи музейі филиалының меңгерушісі
12 қараша 2022 ж. 293 0