Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпбалалы отбасылардың қуанышы

Көпбалалы отбасылардың қуанышы

Қызылорда қаласында дарияның сол жағалауынан бой көтерген жаңа ауданға қоныстанушылар саны жыл санап көбейіп келеді. Өткен аптада көпбалалы отбасылар аталған аумақтағы 40 пәтерлі арендалық үйден баспана алды. Жаңа пәтерге қолы жеткендерді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қоныс тойымен құттықтады.

– Қазір Қызылорда қаласында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Жыл сайын зәулім ғимараттар са­ны артып, жаңа аудандар қатарға қосы­луда. Мемлекет басшысының Сыр еліне қолдауы негізінде облыс орталығында қала көркін еселеп, ажарын аша түсетін бірнеше зәулім ғимараттың іргетасы қаланып, жаңа әлеуметтік нысан салу бас­тамасы сәтті жүзеге асуда. Бүгін сол жағалау аймағынан ірге тепкен арендалық тұрғын үйден пәтерлі болған жерлестерімді құттықтай отырып, шаңырақтарыңыз шуақ­ты болсын деген тілегімді жеткізгім келеді, – деді өңір басшысы.

Қоғам қайраткері Айтбай Көшер­бай тұрғындарды қуанышымен құт­­тықтады. Баспаналы болғандар атынан сөз алған бес баланың ана­сы Әйгерім Нұрадинқызы перзент­терінің жылы әрі кең үйде тұрып, лайықты бі­лім алғанын қалағанын айтып, сол ар­манына қол жеткізуіне себепкер бол­ған ел ағаларына алғысын жеткізді.

Облыста «Нұрлы жер» мемле­кеттік бағдарламасы аясында 1 764 пәтерді құрайтын 41 тұрғын үй құ­рылысы жүргізілуде. Оның ішінде 1 044 пәтерлік 26 үй жыл аяғына дейін қолданысқа берілмек. Жалпы, осы жылы өңірде қаржыландырудың барлық көзі есебінен 683 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Облыста жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеретін күн де алыс емес. Келер жылдың соңына қарай Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан 1мың орындық өнер орталығы ел игілігі­не беріледі. Мұнда симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағы­тында концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар да өткізіледі.

Заманауи үлгідегі Неке сарайы да келер жылы есігін айқара ашады. Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құ­рылысы басталған «Анаға тағзым» орталығы шаһардың ажарын аша түседі.

egemen.kz
23 қараша 2022 ж. 297 0