Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУЫЛ АҒАСЫ

АУЫЛ АҒАСЫ

Аманөткел ауылында ұзақ уақыт басшылық қызмет атқарған, елдің жанашыры бола білген, ел тірлігін қара нардай қайыспай алға қарай бастаушы болған, ел сыйлап есімін «Әбекең аға» дейтін елдің ағасын қай кезде де ризашылықпен еске аласың.Жаңабаев Абдулла 1924 жылы Аманөткел ауылдық кеңесінде туған. Еңбек жолын 1940 жылы «8 март» колхозында колхозшы болудан бастаған. Зеректігімен, алғырлығымен көзге түсіп, 1942-1943 жылдары есепші-кассир, 1943-1945 жылдары колхоздың бас есепшісі, 1945-1954 жылдары ірілендірілген «Аманкелді» атындағы колхоздың бас есепшісі болып қызмет етті.
Сол кездегі соғыс ауыртпалығын тылдағы адамдар да ерлікпен көтеріп, соғыстан кейінгі қалпына келтіруде, жоқшылықты еңсеруде қызметтегі адамдарға қаншалықты салмақ түскенін түсіне білудің өзі де оңай соқпаса керек. Осылардың арасында сауаттылығына, тазалығына және белсенді қызметіне сәйкес 1954 жылы Әбекеңді Аманөткел ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағалығына ұсынған. Осы қызметті 1957 жылға дейін атқарып, сол замандағы басшылық қызметтеріндегі ауысу тәртібіне байланысты 1957-1960 жылдары Райым ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, ал 1960 жылдан 1987 жылдың мамыр айында еңбек демалысына шыққанға дейін Аманөткел ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып абыройлы қызмет атқарды.
Өмірінің ең маңызды 34 жылын ауылдық кеңес төрағасы қызметіне арнаған, оның 30 жылын табан аудармастан Аманөткел ауылдық кеңесі  атқару комитетінің төрағасы міндетін атқару адам ғұмырында сирек болатын, кез-келген адамның пешенесіне бұйыра бермейтін абырой.
Әбекеңнің Аманөткел халқы үшін атқарған еңбегі айрықша екені анық. Төраға болған алғашқы жылдары өмірге келген балаға туу туралы куәлігін берсе, кейін сол азаматтың баласына да туу туралы куәлік беріпті. Бұл да бір аталықтың өмірі көз алдында өткендік емес пе? Осыған байланысты ауылдың әрбір адамы Әбекеңнің басшылығын сезініп өскенін, уақытысында қайырын, қамқорлығын көп көргенін ұмытпаса керек.
Сол замандағы қиыншылықтардан кейін, есін жаңа жиып келе жатқан елдің еркелерін де, тентегін де тезге салып, ағалық ақылымен де, биліктің сұсымен де жолға сала білді.
Мен 1969 жылы Бөген мал дәрігерлік бөлімшесінде мал дәрігері болып ауылға келіп, 10 жылға жуық Әбекеңнің басшылығымен жұмыс істедім. Ол кезде ауылдық кеңес төрағаларында жекеден мемлекетке мал тапсыру жоспары болатын. Соған байланысты Әбекеңмен бірлесе жұмыс істеуге, жақынырақ танып білуіме тура келді. Ол кісіден тәртіптілікті, сыпайылықты тазалықты, мемлекет жұмысына адал көзқараспен жұмыс істеуді үйрендім, бір сөзбен айтқанда, жалпы өмірде бір азаматқа қажетті сара жолды Әбекеңнен бойыма сіңіруге тырыстым десем артық айтқандық емес. Менің азамат болып қалыптасуыммен бірге мемлекеттік қызметте көп жылдар болуым да сол ағадан көрген тәрбиемнің арқасы деп білемін.
Әбекеңнің ауыл басшысы болып қызмет істеген кездерінде Аманөткел елді мекені орталығы кең көлемде қанат жайды және ондағы көшелердің де қалыптасуын жолға қоя білді. Елді мекен орталығында бір де бір үй Әбекеңнің қатысуынсыз салынбаған. Үй салатын адамның үйінің орнын белгілеу, тіпті көршісін де таңдау, үйдің қашан тұрғызылатынын белгілеп беруді Әбекең өз жауапкершілігіне алатын және оған өзі бас болып ауыл адамдарын жұмылдыратын еді. Ол кезде үй салуға материал табу қиынға соғатын. Әбекең бас болып ауыл тұрғындарымен асарлатып салған үйдің бас ұстасы ретінде тапжылмай басшылық жасайтын. Тәртіппен салынған ауыл тұрғындарының үйлеріне ауыл азаматтары қызыға қарайтын.
1988 жылы қоғам, мемлекет қайраткері, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Н.Әуелбеков Аманөткелге келгенде көшелердің тазалығы, үйлердің қала типте салынғанын, ауыл азаматтарының әр үйді ағайын болып асарлатып салатынын білгенде Әбекеңе алғыс айтып, елге жасаған жұмысын өте жоғары бағалаған екен. Кейін облыс көлемінде аманөткелдіктердің үй салу әдісін кеңірек насихаттап, жаңа бастама ретінде айтып жүрген.
Әбекең 30 жылдан астам ауылдық кеңес төрағасы болған кезде ауыл азаматтарының, ағайындардың басын біріктіріп, халықтың ауызбірлігін сақтай білді. Ауыл көлемінде азаматтардың бар қуанышын бірге бөлісе жүріп, қайғы-қиыншылығын да тең тұрып көтере білген. Қандай қиын жағдай болса да бар мәселені азаматтардың бірлігін сақтай отырып ауыл ішінде шешкен. Осының бәрін  асқан қажырлылықпен атқарып отырған.
Әбекеңнің қасында қанша жүргенде ақындығын, шежірешілдігін, жыраулығын онша біле бермеппіз. Тек қасындағы аға-інілерінен оның өлеңдерінің барын, біраз жинақтар жинақтап жүргенін естігеніміз болмаса, арнайы көргеніміз жоқ. Өзін көп насихаттамайтын адам болатын. Кейін Әбекеңнің айтқаны, жазғандары шыға бастағанда ақындығы мен жыраулығы мол екенін, тегінде бар дүниелер жалғасып келе жатқанына көзіміз жетті. Әбекеңнің кейінгі белгілі болған «Мырзас туралы» атты кең көлемді өлеңінде:
Мырзас менің сүйікті,
Туып-өскен мекенім.
Қоныс еткен біздің үй,
Күншығыс жақ етегің!
Біледі екен адамдар,
Есейгенде ер жетіп,
Туған жердің не екенін,-деп тебіренуі де тегін емес екен. Бүгін міне, бізге Әбекеңнің айтқанындай есейіп, ер жетіп, туған жердің қадір-қасиетін біліп, туған жер, ауылымыз жайлы, ондағы адамдар жайлы ойлап, ел болып еңсе көтергенімізге 100 жыл толуын атап өтпекке ала-шапқын болып жүрміз. Бұған туған жерден түлеп ұшқан үлкен-кішісі түгел қатысуда. Әбекең оңашада ой толғап өзі жайлы да, туыстары жайлы да көпшілік көңілінен шығар көптеген өлеңдер жазған.
Әбекең бірнеше рет аудандық партия комитетінің мүшесі, халық депутаттары ауылдық, аудандық кеңес депутаты болып сайланған. «Құрмет белгісі» орденімен, «В.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік төсбелгісімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
1989 жылдың 26 қыркүйегінде ұзаққа созылған науқастан кейін қайтыс болды.
Абдулла мен жолдасы Қойсынкүл 7 бала өсіріп тәрбиелеген. Барлығы Әбекеңнің атына кір келтірмей қызметтерін адал атқарып, ұрпақтарын өсіруде. Бүгінгі күнде Әбекең мен Қойсынкүлдің қара шаңырағында баласы Серік ата-ана абыройын онан әрі асқақтатып, ұрпақтарын жалғастыруда.

Шындалы АБДРАМАНОВ,
Арал ауданының құрметті азаматы.
29 қараша 2022 ж. 384 0