Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Ауыл ағасы

Аманөткел ауылында ұзақ уақыт басшылық қызмет ат­қар­ған, елдің жанашыры бола біл­ген, ел тірлігін қара нардай қай­ыспай алға қарай бастаушы бол­ған, ел сыйлап есі­мін  "Әбе­­кең аға" дей­тін ел­дің ағасын қай кез­де да ризашы­лық­пен еске ала­сың.
Жаңабаев Абдулла 1924 жылы Аманөт­кел ауылдық кең­есінде туған. Еңбек жолын 1940 жылы "8 март" колхоз­ында колхозшы болудан баста­ған. Зеректігімен, алғыр­лы­ғы­мен көзге түсіп, 1942-1943 жыл­дары есепші-кассир, 1943-1945 жылдары колхоз­дың бас есепшісі, 1945-1954 жыл­дары ірілендіріліген "Аманкелді" атындағы колхоз­дың бас есеп­шісі болып қызмет етті.
Сол кездегі соғыс ауырт­па­лығын тылдағы адамдар да ер­лікпен көтеріп, соғыстан кейінгі қалпына келтіруде, жоқ­шы­лық­ты еңсеруде қыз­меттегі адам­дарға қаншалықты салмақ түс­кенін түсіне білудің өзі де оңай соқпаса керек. Осылар­дың ара­сында сауаттылығына, тазалы­ғына және белсенді қыз­метіне сәйкес 1954 жылы Әбе­кеңді Аманөткел ауылдық кең­есі атқару комитетінің төраға­лы­ғына ұсынған.
Осы қызмет­ті 1957 жылға дейін атқарып, сол замандағы басшылық қыз­меттеріндегі ауысу тәртібіне байланысты 1957-1960 жыл­дары Райым ауылдық кеңес ат­қару комит­етінің төрағасы, ал 1960 жыл­дан 1987 жылдың мамыр ай­ында еңбек демалы­сына шық­қанға дейін Аманөт­кел ауыл­дық кеңес атқару коми­­тетінің төрағасы болып абыройлы қызмет атқарды.
Өмірінің ең маңызды 34 жылын ауылдық кеңес төраға­сы қызметіне арнаған, оның 30 жылын табан аудармастан Аманөткел ауылдық кеңес  ат­қару комитетінің төрағасы мін­детін атқару адам ғұмырында сирек болатын, кез-келген адам­­ның пешенесіне бұйыра бермейтін абырой.
Әбекеңнің Аманөткел хал­қы үшін атқарған еңбегі айрық­ша екені анық. Төраға болған алғашқы жылдары өмірге кел­ген балаға туу туралы куәлігін берсе, кейін сол азаматтың баласына да туу туралы куәлік беріпті. Бұл да болса бір ата­лықтың өмірі көз алдында өт­кендік емес пе? Осыған байла­нысты ауылдың әрбір адамы Әбекеңнің басшылығын сезініп өскенін, уақытысында қайыр­ын, қамқорлығын көп көргенін ұмытпаса керек.
Сол замандағы қиыншы­лық­­тар­дан кейін, есін жаңа жи­ып келе жатқан елдің еркелерін де, тентегін де тезге салып, аға­лық ақылымен де, биліктің сұсымен де жолға сала білді.
Мен 1969 жылы Бөген мал дәрігерлік бөлімшесінде мал дәрігері болып ауылға келіп, 10 жылға жуық Әбекеңнің басшы­лығымен жұмыс істедім. Ол кез­­де ауылдық кеңес төраға­лар­ында жекеден мемлекетке мал тапсыру жоспары бола­тын. Со­ған байланысты Әбең­мен бір­лесе жұмыс істеуіме, жақыны­рақ танып білуіме тура келді. Ол кісіден тәртіптілікті, сыпай­ылықты, тазалықты, мемлекет жұмысына адал көз­қараспен жұмыс істеуді үйрен­дім, бір сөзбен айтқанда жалпы өмірде бір азаматқа қажетті сара жол­ды Әбекеңнен бойы­ма сіңіруге тырыстым. Азамат бол­ып  қал­ыптасуым­мен бірге мем­лекеттік қызметте көп жылдар болуым да сол аға­дан көрген тәрбием­нің арқасы деп білемін.
Әбекеңнің ауыл басшысы болып қызмет істеген кездерін­де Аманөткел ор­талығы кең көл­емде қанат жай­ды және көш­елердің де қалыптасуын жолға қойды. Елді мекен орталығын­да бір де бір үй Әбекеңнің қат­ысуынсыз салынбаған. Үй са­латын адам­ның үйінің орнын белгілеу, тіпті көршісін де таң­дау, үйдің қашан тұрғызылаты­нын белгі­леп беруді Әбекең өз жауапкер­шілігіне алатын және оған өзі бас болып ауыл адамдарын жұмылдыратын еді. Ол кезде үй салуға матер­иал табу қиын­ға соғатын. Әбе­кең бас болып ауыл тұрғындар­ымен асарла­тып салған үйдің бас ұстасы ретінде тапжылмай басшылық жасайтын. Тәртіп­пен салын­ған ауыл тұрғын­дар­ы­ның үй­леріне ауыл азамат­тары қызы­ға қарайтын.
1988 жылы қоғам, мемле­кет қайраткері, облыстық пар­тия комитетінің бірінші хат­шысы Е.Әуелбеков Аманөт­келге кел­генде көшелердің тазалығы,  үй­лердің қала типте салынғанын, ауыл азаматтар­ының әр үйді ағайын болып асар­латып сала­т­ынын білгенде Әбекеңе алғыс айтып, елге жа­саған жұмысын өте жоғары ба­ғалаған. Кей­ін облыс көлемінде аманөткелдік­тердің үй салу әдісін кеңірек насихат­тап, жаңа бастама ретінде айтып жүрген.
Әбекең 30 жылдан астам ауылдық кеңес төрағасы бол­ғанда ауыл азаматтарының, ағайындардың басын бірікті­ріп, халықтың ауызбірлігін сақтай білді. Ауыл көлемінде азаматтардың бар қуанышын бірге бөлісе жүріп, қайғы-қи­ыншылығын да тең тұрып көте­рді. Қандай қиын жағдай болса да бар мәселені азамат­тардың бірлігін сақтай отырып ауыл ішінде шешкен.
Әбекеңнің қасында қанша жүргенде ақындығын, шежіре­шілдігін, жыраулығын онша біле бермеппіз. Тек қасындағы аға-інілерінен оның өлең­дерінің барын, біраз жинақтар жинақтап жүргенін естігеніміз болмаса, арнайы көргеніміз жоқ. Өзін көп насихатта­май­тын адам болатын. Кейін Әбе­кеңнің айтқаны, жазғандары шыға бастағанда ақындығы мен жыраулығы мол екенін, тегінде бар дүниелер жалға­сып келе жатқанына көзіміз жетті. Әбекеңнің кейінгі белгілі болған "Мырзас туралы" атты кең көлемді өлеңінде:
Мырзас менің сүйікті,
Туып-өскен мекенім.
Қоныс еткен біздің үй,
Күншығыс жақ етегің!
Біледі екен адамдар,
Есейгенде ер жетіп,
Туған жердің не екенін,-деп тебіренуі де тегін емес екен. Бүгін міне, бізге Әбекең­нің айтқанындай есейіп, ер жетіп, туған жердің қадір-қасиетін біліп, туған жер, ауылымыз жайлы, ондағы адам­дар жайлы ойлап, ел бол­ып еңсе көтергенімізге 100 жыл толуын атап өтпекке ала-шапқын болып жүрміз. Бұған туған жерден түлеп ұшқан үл­кен-кішісі түгел қатысуда.  Әбекең оңашада ой толғап өзі жайлы да, туыстары жайлы да көпшілік көңілінен шығар көптеген өлеңдер жазған.
Әбекең бірнеше рет аудан­дық партия комитетінің мүше­сі, халық депутаттары ауыл­дық, аудандық кеңес депутаты болып сайланған. "Құрмет белгісі" орденімен, "В.Ленин­нің туғанына 100 жыл" мере­келік төсбелгісімен және бір­неше медальдармен марапат­талған.
1989 жылдың 26 қыркүйе­гінде ұзаққа созылған науқас­тан кейін қайтыс болды.
Абдулла мен жолдасы Қой­­сынкүл 7 бала өсіріп тәр­бие­леген. Барлығы Әбекеңнің ат­ы­на кір келтірмей қызмет­терін адал атқарып, ұрпақ­тарын өсі­р­уде. Бүгінгі күнде Әбекең мен Қойсынкүлдің қара шаңыра­ғында баласы Серік ата-ана абы­ройын онан әрі асқақтат­ып, ұрпақтарын жалғастыруда.
Шындалы ӘБДІРАМАНОВ,
Арал ауданының Құрметті азаматы
24 шілде 2021 ж. 396 0