Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі елеулі балықшы

Еңбегі елеулі балықшы

1887 жылы Райым болысының №8 ауылында дүниеге келіп, өз ата тегі кәсібінің ізімен қарашадайынан балық аулау ісімен айналысты. «Балақайда биі бар, талақтыңда теңі бар» дейтіндей, еті тірі елгезек бала ел-жұртқа өзінің ашық мінезі, көпшілік қоғамшылдығымен танылады. 1924 жылы коммунистік партиясының мүшелігіне өтеді. Бұл кез әлі қызыл коммунизмдік саясаттың, үрейлі қызыл үкіметтің қабырғасы қатайған, әрі-сәрі алмағайып кез еді. Әйтсе де «Санасының саңылауы, дәмесінің дәнегі бар» Уәйіс ауданның алғашқы коммунисі ретінде ел-жұрттың есінде сақталып қалған.Ол алғашқы колхоздастыру дәуірі – артель құру ісінің ардагері ретінде айрықша талпынған жан. Соған көп күш жұмсаған көрнекті қайраткер ретінде мәлім кісі. Еңбек жолын балаң балалықтан балықшы болып, ауыл ағасы - ауылнайлыққа дейін көтерілді. Қазақтың «Жыламай тамақ ішпейтін» дейтін кезінен ұйымшылдық, ізденушілік қабілетімен танылып, сол өзі туып-өсіп, алғаш еңбек жолын бастаған Райымды балықшы колхозы етіп, өзі соған алғаш төраға болды. Арада біршама уақыт өтіп, Арал ауданында балықшылық қоғамын құрып, өзі соның төрағасының орынбасарлық міндетін атқарды. Ауданда балықшылық кәсібінің өсіп-өркендеп, дүркіреп дамуына аса белсенділікпен кірісіп, бел шеше еңбек етті.
Ата жолы балықшылықты бала-балаң кезінен бастаған Уәкем бүкіл өмірінде осы саланың басшылық жағында болды. «Біздің бала кезіміз, Аманөткел Уәйіс бастық болып келеді екен» деген жағымды хабар жасырын, құпия түрінде айтылып жүрді. Ел-жұрттың Уәйіске деген махаббатының куәсіндей еді бұл хабар. Шынында да елге жағымды, көпке сыйлы, талайды көрген Уәкең ауылды алғаусыз басқарды. Ол кезде балықшыларды теңіз түкпірі «мадыға» айдаудың азабы орыстардың Сібіріндей азапты да үрейлі еді. «Ол неге бармайды, мен неге барамын» деген дау-далаба, айтқай-сүрең өрістеп, елдің бірлік-берекесі болмай жататын. Ал Уәкең бастық болып келгеннен бастап, бұл жайт шаңға су сепкендей басылды. Сөкке май шылағандай жосылды.
Ол кезде мектеп балаларына да тыным жоқ. Колхоз жұмысына жиі-жиі тартыламыз. Колхоз бастығы алдына кеп, тапсырма алып, жұмыс соңында  сол кісінің алдынан тараймыз. Сонда бұл кісіге адам қарасы келмейтіндей қандай қасиеті бар дегендей балалық әуестікпен қанша зерделесек те, соның құпия құлпын аша алмай қоятынбыз. Асылы ашу қысып, қатты сөз айту дегенді білмейтін абзал адам «айналайын, қалқам, өзің білесің» деумен тіл табысатын болса керек-ау. Майда мінез, жылы сөз – басты құралы болса керек, кісімен ортақ тілге келетін. Ашу қысып кісіге адырая, секем алып селтие қарау деген оғаш мінез ол кісіге жат еді. Жатық сөйлеп, төменшіктей  түсуі ол кісінің адаммен тіл табысудағы ең басты позициясы болса керек.
Таланты солай ма, айрықша бағы бар адам ба, Уәкең бастық болып барған жердің шаруасы шалқып, жұмысы өрге басып жүре беретін, озат атанатын. Сосын да ол кісі өтімді, ел-жұртқа беделді. Әлденеше рет Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. Өңіріне ірі наградаларды тақты. Ең алғаш Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болды. Советтердің Бүкілресейлік ІІІ съезіне делегат болып қатысы. Сол сапарында ел ағасы атанған Михаил Калининмен қоян-қолтық қауышып, Арал балықшылары жайлы сөйледі. Осы суреті үйінде тұр әлі. Мақтанбайтын, өзін дәріптеуді қаламайтын адамның ісі осындай болмақ. «Жақсылар – мен жақсымын деп айта алмайды. Жамандар мен жақсымын деп айқайлайды» деген сөз - шын сөз.
Мінезі майда, жаны жайсаң. Еңбексүйгіш, елгезек жан Уәкеңнің артында жарық, дәйекті із жоба қалмапты. Тек Уәйіс Қосымов көшесі ғана бар. Оған да шүкір делік. Алпыс жыл бұрын көшеге есім беру осы күнгі орыстың, шетелдің сірескен, шекиген дертінен босаған шүлен, сый-сыбаға етсе өте жауапты іс болатын. Қаламыздың «Жаңа ауыл» деп аталатын бөлігінің алғашқы көшесі осы кісінің атымен аталады. Ешқандай дау-дамай, әңгіме-қауға болған жоқ. Өйткені көше атауына лайықты есім болатын, қайран Уәкем.

Кеңес ӨМІРЗАҚҰЛЫ
30 қараша 2022 ж. 371 0