Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Перзенті сол Аралдың Бекұзақ деген...»

«Перзенті сол Аралдың Бекұзақ деген...»

Олар – ең әуелі бір-жар жылда республикамызға есімдері мәлім болған Сұраған Мырзаев, Рысбек Әшімов, Бекұзақ Тәңірбергенов болатын. Сондай-ақ олармен қанаттаса өнер қуып, өлең жазып елді елең еткізген Оңталап Нұрмаханов, Демеубай Жолымбетов, Сәбит Омаров, Бағдат Әлжанов, Оңталап Базаралиев еді. Әрқайсысы өз дарынымен аралдықтардың мақтанышына айнала бастады. Өздерінен бұрын өткен жыр сүлейлері, жампоз жыраулардың, ақтаңгер ақындардың, өрелі өнерпаздардың алтын қазынасына өз үлестерін қосты. Бүгінде бұл толқын да аға буынға айналып барады. Біршамасы жарық жалғаннан ертерек кетіп қалды. Дегенмен бір-біріне ұқсамайтын, дара бітім-болмысты тұлғалардың, нағыз халықтық өнердің, өлең-жырдың жүйріктерінің есімдері бүгінде өңір өнер тарихының шежірелі бір парақтарына айналып отыр. Бүгінгі келелі әңгімеміз осы толқынның бірегей өкілі – термеші, ақын, сазгер Бекұзақ Тәңірбергеновтің адами, ақындық, өнерпаздық қилы-қилы қырлары туралы сөз қозғасақ деп қалам алып, ақ қағазға үңілген жайымыз бар. Оның дәстүрлі жыршылық-термешілік, шежірешілдік қырларын айтқанда, бір баса көрсететін жай, жасампаз жанның бойындағы киелі өнердің өз әкесінен дарып, биікке қанат қақтырғаны. Алғашқы және негізгі ұстазы – жыр сүлейі, әкесі Жақсан жырау болатын. Әкенің бойындағы көне өнер атақты Бітімбай ақынның баласы, Жаңаберген жыраудың туған інісі Сахитжан жыраудан дарыған дейді. Өнер кенішіндей болған жырау әкеден Бекұзақ «Едіге», «Қарасай-Қази» жырларын, толғаутермелерді құлағына сіңірген. Жас термеші атанған Бекұзақ мектеп бітірген соң, «Арал» кеңшарында аға шопанның көмекшісі болып еңбек жолын малды ауылында бастаған. Алайда бойдағы бұла талант бұлқынып, тыншу бермей айдынды өнер саласына әкелді. Ар жақ-бер жағы он шақты жылдың бедерінде Бекұзақтың есімі Сұраған, Рысбекпен бірге ерекше дәуірледі, облыстық, республикалық теледидарлар арқылы күллі қазақ еліне мәлім болды. Ұлттық санасы қайта оянып, халықтық өнерге серпін берген жаңа дәуірге аяқ басқан жұртының халықтық өнерінің жарқын жұлдыздары ретінде бағаланды, құрметке ие болды. Одан кейін Бекұзақ өнерінің арнасы кеңіп, жаңа бағдарға ауысқандай болды. Сол жылдары қайта туып, күрт түлеген айтыс өнерінің жас қырандарының бірі атанды. Ол уақыттарда өңіріміздегі ақындар ішінде Оңталап Нұрмаханов, Тәжібай Үмбетәлиев, Қуаныш Қондыбаев, Мәлика Нұралиева дауылпаз ақын Әбілхан Махановтың миуалы жолын жалғап, оны жаңа белеске шығарып, айдынды ауданның намысын сөз додаларында қорғап жүрген. Иә, өзінің әзіл-қалжыңды сөз саптауымен, мақамды мың құбылту мәнерімен ерекшеленген Бекұзақ кәдімгі қайым айтыстың шашасына шаң жұқпас дүлдүліне айналды. Тапқыр да ұтқыр, юморға толы шумақтарымен қысқа қайырып отырып, қарсыластарынан бір пәс басым түсетін. Құлаққа майдай жағатын әдемі, қоңыр даусымен көрермендердің делебесін қоздырып, бір дүрліктіріп алатын. 1987 жылы облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысып, өнер сүйер қауымның назарына түсті. Ал келесі 1988 жылы республикалық үлкен дода – телеайтыста бас жүлдені қанжығасына бөктерді. Сондай-ақ Алматыда өткен Наурыз айтысында, Ақтөбеде өткен Шәкәрімді еске алуға арналған айтыста және аймақтардағы Жанқожа, Тама Есет батырлардың астарында өткізілген ақындар айтыстарында жүлделі орын алып, өзін сөз барымтасының қас саңлағы ретінде мойындатты. Бекұзақтың тағы бір өнерлі қыры – сазгерлігі. Оның «Асубұлақ аруы», «Шолпаным», «Сағыныш», «Аралым», тағы басқа әрлі әндері халықтың аса сүйіп тыңдайтын әуен-саздарына айналған. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Бекұзақ өзінің қысқа ғұмырында қолына қалам алып, жазба поэзия үлгісімен өлең жазғанын білгенбіз. Жазғандары 2002 жылы «Дүния, саған не дейін» деген шағын кітап болып шықты. Менің қай кезден бергі бір дағдым – жергілікті ақын-жазушылардың жинақтары баспадан жарық көрсе, соны әлімше талдап, мерзімді баспасөзде рецензия жариялайтынмын. Аудандық «Толқын» газеті «Оқыдық, пікір айтамыз» айдарымен үнемі беріп тұрды. Әлі біздің қатарларымыз кітап шығара қоймаған. Сондықтан да алғаш түрен салған Бекұзақтың кітабын оқып шықтық та, «Жырлары жүрек жылытты» атты мақала жаздық. Сонда замандасым, құрдасым Бекұзақ Тәңірбергеновтің өлеңдеріне былай деп баға берген екенмін. Мақаладан үзінді келтіре кетейін: "Анаға деген талай жыр бұған дейін жазылған шығар. Ал Бекұзақ ақын өзінше тебіренеді. Азамат болып, жақын да бардым, жат бардым, Бабадан қалған жырымды сыр ғып ақтардым. Әрнені айтып мақтаныш қылса біреулер, Білесің бе, апа, өзіңді айтып мақтандым, – деп перзенттік селкеусіз сезімін айшықты жолдармен жып-жылы күйінде оқушысына байыпты жеткізеді. Келесі жыры «Арал туралы толғанысты» оқи бастағаннан-ақ теңіздей толқып, жасындай жалын атқан айтыскер Бекұзақтың әуезді әуені құлаққа келгендей болады. «Нұртуған, Нұрмағанбет, Жаңаберген... шайырлардың жалғасының» бүгінгі күнге қарата қайырмалап, төрткүл дүниеге жар салған азаматтың үні: Аралдың табанынан су кеткенмен, Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ, – деп ашық, емен-жарқын естіліп тұрады. Еңсеңді көтертер, есіңді жинатар есті сөз,елеулі жыр... ...Ақын жаны албырт келеді. Қуанышы да тез, реніші де тез. Қуанса да іздейтіні – өлең, ренжісе де айналып табары – сол өлең. Көңілдің шиыршық атқан сондай сәттерінде асылдың сынығындай саф таза өлеңдер туады. «Іздемеді бірін-бірі ақындар», «Қырық жас», «Мұқағалиға» өлеңдерін оқып отырып, жыр сүйер қауымның бір желпініп қалары хақ. Ақын Бекұзақ Тәңірбергеновтің «Дүния, саған не дейін» өлеңдер жинағын бас алмай оқып шыққанда, жүрегімізге жылылық ұялап қалғаны ақиқат». Осылай деппіз. Барынша сүйсініппіз. Олай дейтініміз, ол жылдары арамызда кітап шығарғандар жоққа таяу-тын. Бұндай бақытты біздер, оның құрдастары әлі арман ғып әлдилеп, жүрегімізде тербетіп жүргенбіз. «Толқын» газетінің осы мақала шыққан нөмірін қолға тиген соң, Арал ауруханасында жатқан Бекұзақ досқа апарып берермін, көрсетермін дегенмін. Алайда аяқасты сыртқа жол түсіп кетіп қалдым. Қайтып оралғанымда, аяулы ақын досымыз мәңгіліктің кемесіне мініп кеткенін білдік... Кейін көлемді жинағын ақын Талғат Тілеулесов шығарғанда оған, «Өнердің қақпасын қатар қақтық» атты мақаласын бердім. Осы жазбамда мен таныған, мен білген Бекұзақтың болмыс-бітімі, даралығы мен даналығы туралы естелік қылып айтқанмын. Шығармашылық, орындаушылық даралығымен жарқ етіп тірісінде көзге тез түскен Бекұзақ өмірден өткен соң, кейінгілер үшін аңыз адамға айналғандай болды. Оның өлеңдетіп, әзіл-қалжыңдатып айтқан сөздері ауыздан ауызға тарап, ел ішінде молынан жүр әлі. Солардың кейбіреуін ұтыры келгенде жазып алып, газеттерге үздіксіз жариялап отырдық. Сол әңгімелерді оқыған сайын, сөзді шырайлап айтатын Бекұзақ еске түсіп отырады. «Орыстың қолы отыз бір...» деген әңгімесін көрейік: "Бірде аралдық ақын Бекұзақ Тәңірбергенов пен жырау Сұраған Мырзаев өнер сапарынан вагонда келе жатады. Жол үстінде ермек болсын деп, келе жатқан жолаушылармен Сұраған ақша салып құлыс ойнайды. Бекұзақ картаға араласпай, жоғары полкада демалып жатады. Карта ойыны қыза түседі. Бір мезет Сұрағанның қолына отыз көзір, қарсылас орыс жігіттің қолына қиықтың отыз бірі келеді. Ақшасын жалаңдатқан орыс жігіт батыл қимылдап, аса бастайды. Оның өжектегеніне қарап «Сірә, үш тұз болмаса қайтсін?» деп, беті шайлығыңқыраған Сұраған кібіртіктей береді. Жоғарыда жатқан Бекұзақ екеуінің де қолын көріп қалады. Енді Сұрағанға білдірейін десе, орыс жігітінің қазақшаға төбесі тесік болып қалуы мүмкін. Содан домбырасын ыңылдатып отырып былай деп әуендеткен екен. Ән айтайын тосын бір, Орыстың қолы отыз бір. Асам десең, асып көр, Кілең қиық босып жүр...» Тағы бір өмірлік эпизодын жазып «Бұл күнде Қазалының қазағымыз» деп атаппын. "90-жылдардың басында белгілі айтыскер ақын, сұңғыла жыршы Бекұзақ Аралдағы мәдениет үйіндегі жұмысынан түрлі себептермен қысқарып, көңілі қапалы болып жабырқап жүргенде, көршілес Қазалы ауданының мәдениет бөліміндегілер шақырып алып, қызметке қабылдапты. Сол бір шақта көшеде ұшырасқан сазгер ағасы Дабыл Омаров оның жай-жағдайын сұраса, сөзге жүйрік Бекұзақ: Демейміз бұл күнде біз мазалымыз, Кез келген шенеуніктің мазағымыз. Бүгінде ұзарту жоқ, қысқарту көп, Қазірде Қазалының қазағымыз, – деп бір ауыз өлеңмен жүрегіндегі ащы мұңын шаққан екен". Келесі бір әңгіме «Құдайым несібесіз жаратқан жоқ» деп аталады. Бұны да оқи кетейік. «Қайбір жылы Қарақұм жағына концерт қойып шыққандардың ішінде Бекұзақ ақын да бар екен. Сапарларына үш күн болады. Үш күнде бес-алты жерде концерттерін қойса да, ешқайсысы да қой соя қоймаған екен. Төртінші күні кезекті шопанның шаңырағында Бекұзақ аяғын суытып жатса, қасындағы қыз-жігіттерден үйдің иесі: «Ана ауыл қой сойды ма? Мына ауыл ше?» деп, сыр тартып сұрап жатқанын естіп қалады да, қолын созып іргедегі домбырасын алып бәріне естірте: Құдайым несібесіз жаратқан жоқ, Аштықтан іш бұралып баратқан жоқ. Ауылдан шыққаныма үш күн болды, Бір қойшы тышқан мұрнын қанатқан жоқ...– деп отыр дейді. Сол кезде үй иесі дереу далаға шыға жөнелген екен. Аздан кейін Бекұзақ та таза ауа жұтайын деп сыртқа шықса, шопан жігіт бір нән қойды сирақтан іліп, буын бұрқыратып бұтарлап жатыр екен». Міне, осындай-осындай мағыналы әңгімелері қатарында «Нар мен пар», «Совет жеңді ме, әлде немістер жеңді ме», «Күзде жинап алып қояды», «Мойын мен қойын», «Ботабай» сияқты әзілдерін әр жылдары ақ қағазға түсіріп, «Құрылтай», «Арал әлемі» газеттерінің беттеріне жариялағанбыз. Әр миниатюрадан ақынның адами, азаматтық болмысын, өнерпаздың ширақтығын, қазақы қалжыңға айрықша жүйріктігін көреміз, тіршілік тіндерін білеміз. Біраз жылдар бедерінде қатар жүріп танып-білгеніміз: өнерде, поэзияда өз сүрлеуін салған Бекұзақ Тәңірбергеновті қазақтың баяғы сал-серілер шоғырының өнерпаздық дәстүрінің біздің заманымызда үзілмей туындап, отырған жалғасы десек болар. Бір бойында бірнеше үлкен өнер тоғысқан әмбебап еді. Қиыстыра сөйлеген сөзі, ырғаққа елтіген қимыл-қозғалысы – бәрі-бәрі ерекше боп айналасының назарын аударып тұратын. Адам біткенге жақсылық тілеп жүретін. Басынан қандай-қандай қиын күндер өтсе де, «ақ туын адалдықтың кірлетпеген» айтулы ақын атақты «Арал туралы толғаныс» жырында: Біздерге бұрынғыдан сөз қап келген, Жалықпай мен сол сөзді қозғап келем. Аралдың басындағы мұңын айтқан, Перзенті сол Аралдың Бекұзақ деген, – деп алғаусыз толғанады. Ол өз туған Аралының біртуар ұлы атына лайық болып өтті. Көңілімізде қалып қойған ақын, термеші, сазгер Бекұзақ Тәңірбергеновтің өзгеше бейнесі, ұланғайыр өнерінен түйген үзік-үзік ойларымыз осындай еді...
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
03 желтоқсан 2022 ж. 847 0