Ата әруағын ардақтаған Әбілтай

Әбілтай ағамыз бұл қызметпен де шектеліп қалмайды. Қамыстыбас балық питомнигінің басшысы Әділбек Әйімбетовтің де таңдауы Әбекеңе түсіп, іргелі кәсіпорында өндірістік кеңесші қызметін атқарады.
Мен Арал ауданына әкім болып келген жылдары Кіші Аралдың құрылысы басталды. Соған орай, ауданның көлдер жүйесін, әсіресе, Ақшатау, Шөмішкөл, Қамыстыбас көлдерін балықтандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта Әділбек Әйімбетов екеуі Қамыстыбас балық питомнигінде бірлесе отырып, біраз жұмыстар атқарды. Питомникте балық уылдырығын шайқау, майда шабақтарды бір жыл қыстатып, өсіріп, Қамбаш көліне, Кіші теңізге жіберудегі жауапты істердің басы-қасында Әбілтай ағамыз да бірге жүріп, игілікті іске бір адамдай үлесін қосты.
Әбілтай ағамыздың осындай ұзақ жыл елге еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Балықшылар қауымының, халықтың құрметіне бөленіп, Республика Балық шаруашылығы Министрлігі тарапынан алған Құрмет грамоталары мен марапаттары да жеткілікті болатын.
Мұның бәрі Әбекеңнің еңбек жолы болса, азаматтық жолы да айтуға тұрарлық. Ол аудандағы айтсақ ауызға ілінетін санаулы ақсақалдарымыздың бірінен көрінетін. Оның өмірдегі айтулы ісі түп атасы Құлбатырды ұлықтаудағы үлкен ұйымдастырушылық жанкешті жұмыстары еді. Бұл жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының, ағайын-туыстың ақылдасатын, бас қосатын үйі, яғни, ошағы- Әбекеңнің қарашаңырағы болатын. Аралдың тумасы, кезінде Ақтөбе облысында үлкен жауапты қызметтер атқарған, Батыс Қазақстан теміржол саласындағы білім бөлімін 16 жыл басқарған білімді, білікті азамат Бекет Құрмашұлы Есенжоловпен Әбекеңнің үйінде бірнеше рет бас қостық. Атқарылатын үлкен шараның бірі Құлбатыр жайлы кітап шығару ісі болды. Ол да осы Әбекеңе сеніп тапсырылды. Арал-Шалқар-Ақтөбе қаласы араларын талай жол қылды. Деректерге толы папкасы қолтығынан түспеді. Мол мұра жиналды. Өзгелермен бірге өзі де іздене еңбек етіп, тың деректер қосты. Нәтижесінде 2009 жылы Ақтөбе қаласынан 224 беттік «Құлбатыр әулие» атты деректі кітап 1000 данамен басылып, жарық көрді.
Құлбатыр бабасының әруағына бас иген Әбекең:
Ізетпен сәлем бердім әруағым,
Жиналған неше шешен, неше дарын.
Рухын риза қылу батырымның,
Бұрынғы артындағы ұрпағының.
Өлсең де батыр баба арманың жоқ,
Аталмай атың ешбір қалғаның жоқ.
Ризамыз әкімшілік тарапына,
Сыйлаған әруақтарды ардағы қып.
Сиынып әр уақытта бабаларға,
Ешкім бөгет бола алмас біздей жанға.
Желеп-жебеп жата көр ардағым-ай,
Риза боп бүгінгі жас ұрпақтарға,-деп тебірене толғанып, жан сезімін жырмен жеткізеді.
Ауданның қиян шетіндегі Құландыда Құлбатырға арнап кесене салынды. Ас беріліп, рухына құран бағышталды. Естелікке «Құлбатыр әулие» кітабы таратылды. Жер-жердегі ұрпақтары мен тілеулес ағайын-туыстардың көп қатысуымен баба рухы ұлағатты ұлықталды. Осындай халықтық істің бел ортасында Әбілтай ағамыз да жүріп, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық азаматтық жолын айшықтап қалдырған еді.
Мен Аралда әкімдік қызметте жүргенде, алғашқы күннен бастап, әр дүйсенбі сайын аппараттың кеңейтілген мәжілісін өткізуді тұрақты қолға алдым. Оған белсенді бір топ ардагерлерді де қатыстыратынмын. Соның бірі – Әбілтай ағамыз болатын. Мәжілісте апта ішінде ауданымызда қандай ауқымды шаралар қолға алынды, қандай игілікті жұмыстарды жүзеге асырдық, ауданымызға байланысты облыста қандай мәселелер көтерілді, қандай шаруаларға күшіміз жетпей жатыр, міне, осының бәрін ашық айтуды дәстүрге айналдырдым. Ал, ардагер ағаларымыз мәжілісте көтерілген мәселелерді өздерінің отырыстарында, той-садақаларда халыққа әңгімелеп жеткізетін. Бұл істе де Әбілтай ағамыз әкімдік пен халықты байланыстыра білген белсенді насихатшымыз болды.
Әбекең көзі тірісінде Құлбатырдай бабасын ардақтап өтсе, өмірден озған Әбілтай ағамызды да құрмет тұтатын артында іздеуші ұрпақтары бар екен. Әбекеңнің баласы Тұрғанбай бірде менімен хабарласып, желтоқсан айында әкесіне арнап ас беретінін және ол жайлы естелік кітап шығаруды қолға алғанын айтып, маған да қолқа салған болатын. Мен де асыл ағамыз Әбекеңді еске ала отырып, өз қолтаңбамды қалдыруды жөн көрдім. Талап оң болсын, Әбекеңнің рухы ұрпақтарына әркез риза болсын деген ниеттемін.
Нәжімадин МҰСАБАЕВ,
«Құрмет» орденінің иегері,
Қазақстан Республикасы Балық шаруашылығына
еңбегі сіңген қызметкер,
Қазақстанның Құрметті құрылысшысы,
Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандары мен
Қызылорда қаласының Құрметті азаматы,
Республикалық «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті.