Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанымызда жүрген жақсы адам

Жанымызда жүрген жақсы адам

Естелік жазу оңай шаруа еместігі қолға қалам алғаннан бастап сезілді.Жекжаттығы бір басқа,  алдымдағы арқа сүйер аға санайтын танымал тұлғаны халық бағалайтыны әр сөзіңді тосылдырады екен.Ол бір сөзінде мен Алла жазса, алдағы жылы 80 жастың асқар шыңына шықпақпын. Оны айтып отырғаным, соқпақты да тоқпақты өмір жолымда тағдыр мені текті тұлғалармен дидарластырды. Солардың бірі өскен, өркен жайған қара шаңырақтың отағасысы, өзі сыйлы, сөзі пәтуәлі, түр-тұлғалы көз алдымыздан кетпейтін асқар таудай ағамыз Әбілқайыр (Әбілтай) Есенов еді.
Сонау 1939 жылдың 9 желтоқсанында Арал ауданы, Ауан ауылдық советінде, қарапайым шаруаның отбасында өмірге келген.
Мектеп бітірген   1954 жылы Арал қаласындағы профтехучилищеге түсіп, 1956 жылы бітіргеннен соң, Авань балық заводында кеме механигі болып еңбек жолын бастаған.
1961 жылдан 1978 жылдың тамыз айына дейін осы балық заводының «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінде транспорт цехының инженері, цех бастығы, ал 1997 жылға дейін «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінде (ЖКО) шаруашылық цехының бастығы болып қызмет атқарды.
1992-1995 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Политехникумда сырттай оқып , «Техник-строитель» мамандығын алды.
Еңбек жолында бұл істері жоғары бағаланып, көптеген құрметтерге ие болды. Жалпы 55 жыл балық шаруашылығында еңбек ете отырып, 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты мерекелік медалімен, 1985 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 2009 жылы Арал ауданының 80 жылдық медалімен, Балық шаруашылығы Министрлігінің, Облыстық кәсіподақ ұйымының мақтау грамотасымен, 2014 жылы 11 маусымында Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдастыру қызметкерлері кәсіподақтар одағы заңды тұлғалар бірлестігінің орталық комитетінің салалық наградасы III  дәрежелі «Еңбек даңқы» медалімен тағы басқа да көптеген мақтаулармен марапатталды.
Иә, жетістігі мен жаңашылдығы, қызметтік жолдан басқа отбасылық өмірде де өзіндік орнын айшықтай білген Әбекең маған үш-төрт ата жердегі жиен апам Төлепова Күләннің жолдасы болатын-ды. Өмір болған соң, қуаныш та, жұбаныш та болады ғой. Сол апамыз марқұм 1992 жылы өмірден озды. Олардан өсіп-өнген 7 баланы өсіріп, оқытып, үйлендіріп, олардың ұрпақтарын мәуелі бақтың аласармайтын шыңынан алып шықты.
Міне, қарап тұрсаң, осының айғағы сол Әбекеңді ағайын - туыстары, жекжаттары, елі құрметтейді. Олардың ақыл шыңы бола білді. Көзі тірісінде сыйласқан, жақсы көретін ардагер ағайымыз  бақилық болғаннан кейін, бір ғұламаның «Өмір дегеніміз мәңгілік ұйқы алдындағы қысқа мерзімді серуен ғана» деген ұлағатты сөзі ойға оралады. Ақиқаты солай. Бірақ күнделікті күйбең тіршілікпен бұл сөздің мән-мағынасына терең үңіліп, ойлана бермейміз. Көз алдында жүрген асыл ағалар мен замандас құрбыларың сирей бастағанда ғана барып, көңіл құрғырың жұбау тартып, оларды іздеп, айтқан ағалық кеңестерін, орнымен айтылған әзіл- қалжыңдарын еске алып, сағына бастайтының анық.
Қазақта жақсы сөздер бар ғой солардың бірі «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» демекші, әкесі Есенов Ізбасар - қазақылық жолдан таймай, бес уақыт намазын, оразасын қаза қылмай өткен адам. Бала кезіндегі жоқшылықтың, жетіспеушіліктің кесірінен, әлдебір адамдардан уақытша алған оны қайтарып бере алмаған қарызын Алла алдында оларға қарыздар екенін естен шығармай, арада 20 жыл өткенде   іздестіріп, тауып алып, қарызынан құтылған.
Міне, қараңызшы не деген мәрттік?! Сонда одан туған бала, қандай болу керек деген сауалға жауап іздеудің керегі бар ма?
Сонымен қатар, Әбекеңнің бір ерекшелігі жетінші атасын іздестіріп жар құлағы жастыққа тимей, ел кезіп, алыс-жақындағы ағайындарды жағалап табаны тайпақ болып, ақыры Құл атасына Құландыдан 18 шақырым жердегі бабасының жатқан жеріне 2009 жылы биіктігі 6 метр, алты құлақты мазарды тоғыз ай жүріп тұрғызды. Бұл әлдекімдердің қолынан келе бермейтін шаруа ғой.
Мен өзім Әбекеңмен Ауан, Көкарал елді мекендерінде туып- өскеніммен, туыстығым болмаса, қызметтес болмап едім.
Кейін қызмет бабымен Аралда «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінде 1984 жылдың ақпан айынан 1990 жылдың қаңтар айына дейін Партия Комитетінің хатшысы болып қызмет атқардым. Сол кездерде Әбекең ағаның қызметте ұйымдастыру қабілетінің қандай екеніне көзім жетті. Айта берсең кемістігінен жетістігі мол, айтарлықтай азамат еді.
Демек, «бәрі қалды, жігіттер бәрі қалды, уақыт бәрін-бәрін алды...» демекші, айтқандай-ақ бәрін алмағанмен, артына із қалдырған ағаның жолын ұстай алатын зерделі інілер болса, кәнекей, құба-құп емес пе?!
Жаны жайсаң ағаны Алла тағала, әруақтары жар болып, әулиелер қолдасын. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын. Сіз біздің жүрегімізде мәңгі сақталасыз. Абзал аға!
Алдыңыз жарық, пейіштің төрінде болыңыз.

Аманкелді Дәрібаев, зейнеткер
Қазақстан Компартиясы XVI  съезінің делегаты
08 желтоқсан 2022 ж. 357 0