Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Барсакелмес қорығының сексеуіл орманы

Барсакелмес қорығының сексеуіл орманы

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының орман қоры «Барсакелмес» және «Қасқақұлан» учаскелеріндегі сексеуіл ормандарынан тұрады. Қорықтың орман қоры жерлері 56 216 га құрайды. Қорық режимі сексеуіл ормандарының табиғи өсуі үшін қолайлы жағдайлар туғызды.Арал теңізінің кепкен табанында (1970 жылдан бастап) орналасқан территорияларға отырғызылған сексеуіл көшеттері, қазіргі уақытта сексеуіл ормандарына айналған. Қорықтың сексеуіл орман қоры Арал теңізі маңының бірден-бір сексеуіл экожүйесінің эталоны болып табылады. Барсакелмес учаскесіндегі сексеуіл орман қоры сол аумақтардағы ормандардың қайта жаңару потенциалының жақсы қоры болып табылатындығын айтуға болады.
Сексеуіл – бұта немесе кішкене ағаш түріндегі алабота тұқымдас өсімдіктердің бір туысы. Қазақстандағы орман қорының жартысына жуығын сексеуілді тоғай алып жатыр. Өткен ғасырда 40-50 жылдары сексеуілді отын қоры ретінде пайдаланған. Бақанас, Сары – Үйшік – Отырар, Мойынқұм және Қызылқұмда сексеуілден отын дайындаған. Алайда жылма – жыл сексеуіл отынға көп дайындалғандықтан, сексеуіл орманы сиреп кетті. Сондықтан сексеуілді қорғау шараларын күшейту қажет. Сексеуіл көктемде гүлдейді. Жемісі – қанатты жаңғақша, қыркүйек-қазан айларында пісіп жетіледі, қараша – желтоқсан айларында жерге төгіледі. Сексеуіл тұқымынан көбейеді, өркендерінен өсіп жетіледі. Ол 30-60 жыл тіршілік етеді.
Қазақстанда 3 түрі өседі. Олар қара сексеуіл, ақ сексеуіл және зайсандық сексеуіл. Жалпы бұлар Қазақстандағы орман қорының 48 пайызын алып жатыр. Жалпы сексеуіл – иiр-иiр болып өсетiн және өңдеп құрылыс материалдарын жасауға келмейтiн, тұрмыста тек отыннан басқа қажетке жарамайтын ағаш тұқымдастар. Олардың отқа жанғыштығы және шоғының қызуын бойында ұзақ уақыт сақтағыш қасиетi көмiрден артық болмаса, кем емес.
Сексеуiл қоршаған ортаның тепе-теңдiгiн сақтап тұруда ерекше рөл атқарады. Қатты соққан дауылды желден құм көшкінiн тоқтатады. Сексеуiлдi қорғаныш ететiн жан-жануарлар мен жәндiктер қаншама. Әсiресе, түз тағысы киiкке сексеуiлдің арасы өсiп-өнулерiне өте қолайлы. Сексеуіл қыста қар тоқтатып, топырақта ылғалдың сақталуына және мал жайылымына қажетті шөптердің өсуіне көп пайдасын тигізеді. Сондай-ақ тақыр жерлерде де өсуге бейім.

Т. Әбдікеров
Барсакелмес мемлекеттік
 табиғи қорығы
14 желтоқсан 2022 ж. 1 057 0