Бейбітшілік жылдарындағы білім беру жүйесі
«Біз жастарға білім беруді алдыңғы қатарға қоямыз. Тек білім ғана емес, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ісін де басты назарда ұстау керек».Президент Қасым-Жомарт Тоқаев
Тәуелсіздік – ең алдымен барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сол себепті біз үшін Тәуелсіздік күні – халқымыздың бақыты, еліміз үшін ең қастерлі күн деп ойлаймын. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі уақыт ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы – Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты, көреген саясатының нәтижесі.
Мемлекет басшысы осы жайында «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деген еді. Мен де еліміздің күннен-күнге нығайып, дамуында әрбір қазақстандық аянбай еңбек ететін жас ұрпақ тәрбиелей білуіміз керек деп есептеймін.
Мектеп табалдырығын аттаған сәттен-ақ алғаш әліппенің бетін ашып әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болған, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған алғаш бастауыш кластағы жетекшімізге еліктеп, ұстаз болуды армандадым. Мектепті бітіргенге дейін сол ойымыз да өзгерген жоқ. Әрдайым сол кісілердің айтқан сөздерін, ақылын жадымызда сақтап, қашан да оның бізге артқан үмітін ақтаймын деген өз алдымызға мақсат қойдық. Ұстаз болу көп еңбекті, шыдамдылықты, төзімділікті, адалдықты, әділдікті талап етеді. Мен ұстаздықтың осындай ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым.
Ендеше тақырыбымызға сай, тәуелсіздік жылдарындағы білім жүйесінің жетістігіне тоқталсақ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы оңтайландыру тұсында оқу орындары мен балабақшаларды мүмкіндігінше сақтап қалу жан-жақты қарастырылды. Алмағайып заманда сол күрмеулі проблемалардың шешімін табатын жоспарлы жұмыстар атқаруға ерекше мән берілді. Биылғы Жолдауда өскелең ұрпаққа ерекше назар аударылып отырғанын айрықша байқауға болады. Мемлекет басшысы жалпы білім беру сапасын көтеру мәселесіне екпін қойды. Қазіргі заманғы өмір жағдайы балаларды болашаққа тыңғылықты даярлауды талап етеді. Осы орайда тәрбиешілерге қатысты біліктілік талаптарын қайта қарап, олардың еңбекақы төлеу жүйесін қарастыруға назар аударылды. Сонымен бірге Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы мақұлданды. Тағы бір жаңалық – педагогикалық бағытта білім беретін жоғары оқу орындарының түлектері үшін міндетті тестілеу енгізілді. Және еліміздің барлық мектебінің бірінші сыныптарында Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» оқулығы енгізілді. Тізе берсек, атқарылған жұмыстар көптеп саналады.
Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері еліміздің алған асулары мен бағындырған белестерін білім мен ғылым салалары бойынша саралағанда, білім беру мен ғылымды дамытуда халықаралық білім мен ғылым кеңістігінде өзінің лайықты орнын алғанына аса мән беріп, дамығанына көз жеткізіп отырмыз. Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеу өте маңызды.
Қазіргі уақытта мұғалім мәртебесінің биіктеп, көптеген мәселе заң жүзінде қолға алынып жатқаны белгілі. Соған байланысты ұстаздардың жалақысы да өсіп, олардың жұмысына біршама жағымды жаңалықтар енді. Сонымен қатар мұғалім болудың талабы да күшейе түсті. Бұл өз кезегінде ұлт тәрбиесін мойнына алған ұстаздың міндетін де, жұмысын да жүйелей түспек. Себебі жаңадан қолданысқа енген классификация білікті мамандарды ғана іріктеп шығармақ. Бұл ұлт болашағын қалыптастыруда тәуелсіз елдің ұстаздарын саралауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ шәкірт тәрбиелеу ісінде де білікті де білімді мұғалімдердің ықпалы арта бермек. Тәуелсіздік жылдары еліміздің білім беру жүйесінде толымды, түбегейлі өзгерістер орын алды. Бұл кезде елеулі нормативті және құқықтық актілер қабылданып, жүзеге асырылды.
Жаһандану дәуірі білім саласына біршама өзгерістер әкелді. Бұрыннан қалыптасқан оқу үлгісінің формациясына ерекшеліктер енгізіп, мектептегі оқытуды жаңаша бағытқа бұрды. Тағы бір айта кететін мәселе – білім жүйесін жандандыру мақсатында мемлекетіміздің саясаты педагогикалық мамандықтарға басымдық беріп жатыр.
Бүгінгі күнгі ұстаздың алдына қойылар талап пен міндет өте көп. Қазіргі заманғы педагогтің басты міндеті – бүгінгі қоғамның қажетіне жарай алатын, жоғары мәдениетті меңгерген, өресі биік, білімі жоғары, жан-жақты жас өскіндерді дайындау. Ұстаз атана білу деген сөзді сол есімді қадір тұту, бойтұмарыңдай жүрегіңе сақтау деп ұққан жөн. Шын педагог өз жұмысын сүйеді, кәсібіне адалдықпен қарайды. Бір қарағанда, мұғалім қатардағы мамандықтың бірі секілді көрінеді. Алайда ұстаз ұлттың болашағын тәрбиелейді және оларды қалыптастырады.
Кезіндегі ұлы ғұламаларымыз: «Баланың бақыты жақсы ұстаздың қолында» деген екен. Бұл сөздің өзектілігі әлі күнге дейін жойылмады. Баланың болашақ өмірінде ұстаз берген өнеге мен өсиеттің арқалар жүгі өте ауыр. Бала мектеп жасында қандай білім алса, кейінгі өмірінде сол білімнің арқасында қызмет етеді. Елдің ертеңі болу да, халықтың қамын жеу де осы ұстаздардың іс-әрекетінен көрінеді. Соған сәйкес жаһандану дәуірінде оқушыға сапалы білім беріп, оны практикалық тұрғыда қолдана алсақ, нұр үстіне нұр болады. Бүгінгі күні тәуелсіз елдің ұстазына қойылар талап пен міндеттер осындай күрделі. Ал осы күрделі де қиын мамандықты игеріп, ұлт болашағын қалыптастырып жатқан ұстаздардың жұмысы жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Сондықтан тәуелсіз елдің ұстазының білімді де білікті оқушыларды қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстар да едәуір.
Ал қазіргі таңда бұл мәселені ескеріп, тиісті орындар педагогикалық мамандыққа деген грант санын көбейте түсті. Аталған шешім осы мамандыққа қызығушылық танытқан жастарға үлкен серпін болды. Олар өздері қалаған осы кәсіпке бар ынта-жігерімен араласып, тәуелсіз елдің жан-жақты мұғалімі болу үшін барын салуда.
Бүгінде Президент тапсырмасына орай ғылым мен білім саласын дамыту басты назарда тұр. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бірнеше білім беру моделіне назар аудару қажет. Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, Қытайдың білім беру жүйесі не¬гізделген жұмылдырушы модельде жо¬ғары білім беруде бірінші кезекте са¬ла¬лық мамандандырылған бағ¬дар¬ла¬ма¬лар міндеттеледі.
Иә, егемендіктің қазақ еліне сыйлаған мүмкіндігі ұшан-теңіз. Тәуелсіздік алғалы көрші мемлекеттермен ара-қатынасты нығайту, білім-ғылымды игеру секілді маңызды қадам халықтың келешегіне әсер еткені анық. Жаңашыл ұстаз ретінде шәкіртке жан-жақты білім беріп қана қоймай, оның дүниежүзілік ақпарат кеңістігіне шығуға, яғни қатаң – өзімнің басты парызым деп санаймын.
Тәуелсіздігіміз берік болып, еліміз дами берсе, жастарымыздың біздің аманатымызды алға апаратынына сенімдімін. Сол жастарды өзіміз тәрбиелеп жатырмыз. Мұның бәрі – егемен еліміздің, тәуелсіздігіміздің шапағаты. Болашақ ел тізгінін ұстар, дені сау, білімді де саналы жас ұрпақ тәрбиелеуде елімізде осындай игілікті істер жүзеге асырылуда. Әлі де атқарылатын шаруалар жетіп артылады. Бұл Тәуелсіздігіміздің басты жемісі екені даусыз.
А. Жансүгірова,
№220 орта мектептің мұғалімі
Фото: baq.kz