Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Желтоқсанда жаураған жауқазындар

Желтоқсанда жаураған жауқазындар

Жыл айналып желдетіп, аяздатып желтоқсан айы келген сайын есімізге 1986 жылдың қатқыл қысы оралады. Қызыл империяның аясындағы қазақ елі сонда бір дүмпіген. Мұндай үлкен дүмпуді ешкім де күтпеген еді. Бірақ ақиқаты сол: алаштың жас арыстары мен қаракөз арулары мызғымастай көрінген кеңестік билікті бір шайқалтып өтті. Сол шайқалу ақыры азаттық аңсаған халықтардың тәуелсіздікке деген ұлы мұраттарын қайта оятты. Адамзаттың жаңа бір дәуірінің бастауы болды. Содан да емес пе, халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің «Желтоқсан көтерілісі – Тәуелсіздіктің кіндігі» деп айрықша баға бергені.
Қазақстанның жоғары қызметтеріне Мәскеу өз астамшылығымен басшы кадрлар жіберіп отырды. Жергілікті халықтың пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның ұлттық салт-дәстүрі әсте есепке алынбады. Мұндай жағдайда 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты аяқ асты орнынан алған кезде айрықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы санаулы минуттар ішінде Д.А.Қонаев асығыс қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Колбин деген біреу сайланды. Республиканың негізгі ұлтының абыройы еленбеді.
Осы жай қазақ жастарының, зиялы қауымның намысын қамшылады. Наразылық бейбіт шеру түрінде басталды. Олар талай жылдар бойғы шовинистік кеудемсоқтыққа қарсылық танытып, ұлттық ұран да көтерілді. Алайда бейбіт шерудің өзі қытығына тиген кеңестік билік «Құйын-86» атты операциясын бастап, жаппай күш көрсетуге көшті. Алаңға шыққандар маскүнемдер, нашақорлар және бұзақылар деп жала жапты. Көтеріліс аяусыз жанышталды. Сол күндері 2401 адам ұсталды. 326 адамға әкімшілік жаза кесілді. Қылмыстық тәртіп бойынша 99 жас сотталды, екі адам ату жазасына тартылды. Осылай делінгенмен де, қудаланып жазаланғандар бұдан әлдеқайда көп еді.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жас аралдықтарды іздеп тауып, олардың намыс пен қайратқа толы күрестерін көрсету мақсатында «Аралдық желтоқсаншылар» кітабын жазып шықтық. Қаншама тағдырларды көз алдымыздан өткергендей болдық. Алматының орталық алаңындағы аласапыранның үні құлаққа жетті. Қазақстанның үлкен-үлкен қалаларындағы наразылықтар туралы айғақтарға қанықтық. Бізді таңдандырған бір нәрсе – аралдық қаракөз аруларымыздың бейбіт шерулерде алдыңғы саптан көрінуі еді. Бірақ көздеріне қан толған солдаттар олардың қолға түскендерін еш аямаған. Кейін тергеп-тексеріп неше күндер бойы абақтыларда ұстаған. Бірнешеуі оқудан да шығарылған. Алайда біздің жақұт көз жауқазындарымыз қандай қиыншылықтарға да мойымай, жақсы болашақтан күдер үзбеген екен. Қазір біздің қолымызда 29 жас аралдық қыздың деректері бар. Бүгінгі мақаламызға осы аралдық батыр арулардың әділетті өмір үшін арпалысқан күрестерін арқау етуді мақсат тұтып отырмыз. Олардың жүрек жалынын жазу үшін бір-бір кітап арналса да артық болмас еді.
Желтоқсанның ызғарына тоңған аяулы аруларымыздың бірі – Ұлдай Ибадуллаева. Қазақтың талантты тележурналисі. Өз басынан өткергендерін ол былай еске алады: «Жұмыс орнымыз (Қазақ телевизиясы мен радиосы) алаңға жақын жайғасқандықтан, бұл оқиғаны (17-18 желтоқсан) көруге мәжбүр болдық. Алғашқы күні-ақ басшылар «алаңға жоламаңдар» деп қатаң ескертті. Басшылардың күндізгі ескертуін тыңдамастан, жұмыстан шыққан бойда алаңға асықтық. Кешкі сағат ондар шамасында бетке ұрған мұзды судың екпінінен бір-бірімізден адасып қалдық. Мінберге қарай жақындай бергенде Розаны қуатты қол сүйрей, қапталы ашық жүк машинасына лақтырып жіберді. Біз алаңнан төменгі, қазіргі «Қазақстан» арнасының ғимаратына қарай қаштық. Мен жазда су ағатын арыққа етпетімнен құладым. Басымды көтере бергенде, алдымда қашып бара жатқан екі қызды әскери жендет иығына түскен шашынан тартып, екеуінің басын соғыстырып жатқанын көрдім. Шыңғырған дауыстары жер жарды...». Ұлдай да сол жерде керзі етіктің аяусыз соққысын жеген. Өмірлік тән мен жан жарақатын алған. Осындай қатыгездікті алаңдағы қыздардың көбі басынан өткерген-тін.
Қаныпезерлердің қолына түсіп, түрмеге қамалғандары да бар. Солардың бірі – Жаннат Абдалиева. Ол №14 мектепті бітіріп, сол жылы Алматы политехникумында оқып жатқан 18 жасар бойжеткен екен. «Фрунзе қаласынан спецназ келіп жатыр дегенді естіген бойымыз еді. Біз барлық жақтан қоршауда қалып қойдық. Жанұшырған біздің топ біресе мына бетке, біресе қарсы бетке қарай жүгірді. Біз екі қабатты ғимаратқа қарай қашқанбыз. Милициялар өкшелей жетіп, дубинкаларын оңды-солды сілтеп, сатырлатып ұра бастады. Құлағанымызды шашымыздан тартып, автобусқа қарай сүйрей жөнеледі. Қатар тұрған «ПАЗ-иктерге» итеріп кіргізді. Ұлдар мен қыздардың көбі жараланған. Автобустардың іші лық толы. Ішінде милициялар жастарды одан сайын ұрып, тоқтамай теуіп жатты. Ақыры «Қызыл гвардия» тракты бойындағы бір бөлімге жеткізді. Біріміздің ізімізден біріміз тізіле ішке кірсек, коридордың екі жағында қабырғаға теріс қаратып, қолдарын жарға тіреп қойған жастардың үсті-басы қан-жоса. Уыздай жас едік. Біздің әбіржіген түрімізді көріп аяды ма, арамыздағы ҚазМУ-дың 5-курста оқитын жасы үлкен қыздары: «Қыздар, қорықпаңдар, жыламаңдар» деп дем беріп жатты. Олардың осындай жағдайдағы мықтылығына тәнті болған біздер енді онша қорқа қоймаған сияқтымыз. Бөлімшенің ішінде «Қызыл мүйіс» аталатын жер бар екен, 300-400-дей адамды соның ішіне қамады. Сол жерде үш тәулік ұстады. Қамаудағыларға тек қапшықпен нан әкеліп беріп тұрды. Біз политехникумнан ұсталған 11 адам едік. Соның ішіндегі төрт жігіттің төртеуін де кейін істі қылуға тырысты. Сабақты жақсы оқитындығыма қарамастан қыздардың ішінен мені ғана оқудан шығарып жіберді...» деп еске алады Жаннат қарындасымыз. Оқудан шығарылу үлкен жаза болатын. Баласы үшін шырылдаған ата-аналардың сол кездегі күйзелістерін қалай жеткізуге болады.
1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісінің бел ортасында болған апалы-сіңлілі Нұрсәуле мен Алмагүл Кенжебаевалардың бірі ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқыса, бірі ҚазПИ-дің сурет бөлімінде білім алған. Сарагүл Ермекбаева Шетел тілдері институтында, Нұрсұлу Оразбаева байланыс техникумында, Бибайша Нұрдаулетова ҚазМУ-да, Рая Қуанышева мен Ақалтын Мәмбетрзаевалар Қыздар педагогикалық институтында оқып жүріп, Айнаш Өтепбергенова, Бағдагүл Қарасақалова, Мирамкүл Қарамырзаева, Мәншүк Алмасқызы, Бағдат Жақановалар астанадағы өндіріс орындарында еңбек ете жүріп, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Елдік ұрандарын шырқаған.
Алаңдағы арпалыстарда қолға түсіп, абақтыға қамалған, бастарынан қилы-қилы сұрақ-жауаптарды өткерген аралдық жас аруларды кеңестік билік кінәлі деп тауып оқудан шығарған. Бастарынан осындай алмағайып шақтарды өткізген Бибізада Әбішева (электро-байланыс техникумы), Әлия Сәрсенбаева (медицина институты), Күлжан Құлниязова (ҚазМУ), Гүлсара Бұхарбаева (Құрманғазы атындағы консерватория), Дәмегүл Дәрменова, Гүлсім Еңсеповалар оқу орындарынан аластатылып, жүректеріне жазылмас жара салды. Бұлардың бірнешеуі ізденіп, ізінен қалмай жүріп бір-екі жылдан соң оқуларын жалғастыруға мүмкіндік алады.
Дүмпуі Одақты дүрліктірген Желтоқсан көтерілісі Алматының аясынан шығып кеткені белгілі. Барлық дерлік облыс орталықтарында митингілерге ұласты. Сол ұлттық ұран көтеріп шыққандардың қатарында Талдықорған заң техникумының студенті Гүлсара Тәжібаева, Жезқазған педагогикалық институтының студенті Ұлбосын Құлтаева, Арқалық педагогикалық институтының студенті Рая Изнатовалар болған. Қызуқанды қарындастарымыз тіпті шеруді ұйымдастыру алқаларына да кірген. Кеңестік КНБ-ның тергеулерін басынан өткерген.
Айдынды өңір аруларының өжеттігін мына бір мысал көрсететін іспетті. Күні кеше ғана желтоқсаншы жігітіміз Мырзадин Садуақасовтан естідім. Алматы аласапыранында оның халық шаруашылығы институтында оқитын қарындасы Алмагүл Нұршадинқызы ағасының амандығын көру үшін қиян-кескі көшелерден өтіп, ебін тауып солдаттар қоршауындағы жатақханаға кіріп: «Аға, сені көрдім, көңілім жайланды. Маған еш алаңдама» деп, өз жатақханасына қайтып кетеді. Қайтып кетті деу оңай сөз болар, кейін қандай қиындықтармен жеткенін айтып бергенде төбе шашың тік тұрғандай болады. Ағасы үшін жанын садақа қылуға бар қыздың бауырмалдығы жүрек елжіретеді.
Осындайда белгілі ақын жерлесіміз Оңталап Базаралының «Желтоқсан» атты өлеңіндегі:
Тажал боп келді сол қыс сан аруға,
Оранды қала қанға, дала мұңға.
Қызыл гүлдей жаншылды қазақ қызы
Орыс солдаттарының табанында,–деген шумақ еске оралады.
Бүгінде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі өзінің тарихи маңызын айқындап, бүкіл әлем бағасын беріп отыр. Және бір анық нәрсе – осы көтерілісте қазақ қыздарының белсене қатысып, жігіттермен бірге иықтаса жүріп ұран көтергені. Ал аралдық арулар өздерінің батылдығын, ұлтжандылығын көрсете білді. Оларды желтоқсанда жаураған жауқазынға теңегенімізбен, олардың нәзік жандары құрыштай берік те бола білетіндігін көрсетті. Олар қазақ елінің жарқын болашағына сенді. Содан да болар желтоқсаншы аруымыз Ұлбосын Құлтаева «Қазір өз еркіміз өзімізде, ешкімнің алдында есеп бермейтін, әлем мойындаған Тәуелсіз мемлекет екенімізді мақтан тұтамыз!» деген екен бір жазбасында. Ал біз оған қоса Егемен еліміздің елжанды аруларын әрдайым мақтан тұтамыз!
Ерғали Абдулла,
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі
16 желтоқсан 2022 ж. 370 0