Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақбөкендерді қорғау - маңызды іс

Ақбөкендерді қорғау - маңызды іс

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар және Ішкі істер министрлігімен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен бұйрығына сәйкес «Киік» кең ауқымды табиғат қорғау акциясын өткізу мақсатында 2022 жылдың көктем, қыс мезгілдерінде өткізілетін бірлескен іс-шара жоспары бекітілген. Жоспар негізінде 1-31 желтоқсан аралығында Қызылорда облысы бойынша аталмыш қорғау акциясы жүргізіледі.Акцияның негізгі мақсаты – киіктерді рұқсатсыз аулау мен басқа жануарларды заңсыз аулауға жол бермеу. Шара құқық қорғау органдарының тікелей қатысуымен күшейтілген режимде жүруде.
Бұл негізде Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығында «Ақбөкендерді сақтайық!» атты ашық есіктер күні өткізілді. Іс-шара барысында тұрғындар мен жасөспірімдерге сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың түрлері мен киіктер туралы ақпараттар беріліп, оларды қорғаудың маңызы түсіндірілді.
Сонымен бірге, «Киік» акциясы аясында қорық қызметкерлерінен рейдтік іс-шаралар жүргізу мақсатында ұтқыр топ құрылды. Тақырыпқа сәйкес 200 дана ұнпарақтар шығарылып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Ақбөкендер Моңғолияда, Қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталған. Республикамызда Ақбөкендердің бір-бірінен жеке дара бөлінген Бетпақдала – Арыс, Үстірт және Еділ – Жайық деген топтары мекендейді. Олардың ең ірісі және сан жағынан басымы – Бетпақдала-Арыс тобы. Бұл ақбөкендердің мекені – Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарының елсіз жазықтары. Киіктердің селдіреген табындарын қалмақ даласынан көруге болады.
Бетпақдаладағы ақбөкендер өсімдіктің 81 түрімен қоректенеді. Олар әр түрлі шөптерді жылдың мезгіліне қарай таңдап жейді. Көктемгі айларда киіктер ақселеу мен құрақты қорек етеді. Жаз айларындағы аптаптарда жапырақты шөптер қурап кетеді де, жануарлар жусан, қырықбуын, шиді оттайды. Қыс кездерінде киіктер қарын жел үрлеп кеткен жоталардың жонынан азық тауып жейді. Ауыл маңайындағы маялап үйілген құрғақ шөпті олар жей алмайды, өйткені танаулары кедергі жасайды. Киіктер шөпті жерден жұлып жеуге ғана дағдыланған, сондықтан елді мекендерге жақындап баратын болса, тек қар астындағы күздік бидайды тебіндеп азықтану үшін барады.
Киікті қазақ киелі жануар деп есептейді. Ел арасында оларды атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар.
Табиғат байлықтарымызды келер ұрпаққа сақтап, жеткізу мақсатында қорғауға ат салысу әрбір адамзаттың міндеті.
Қ. Көшеров
Барсакелмес мемлекеттік табиғи
қорығының мемлекеттік инспекторы
15 желтоқсан 2022 ж. 561 0