Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Киікті атпайық, ұрпаққа сақтайық

Киікті атпайық, ұрпаққа сақтайық

Қазақ үшін ұлы даланың киелісі саналатын, құралайына талмай сүйсінетін жануарымыз-киік. Көне заманнан қазақтың кең даласын еркін жайлаған киіктердің саны соңғы 5-6 жылда қатты  құлдырап кеткені рас. Алайда, мемлекет қамқорлығының нәтижесінде қазір қайта көбеюде. Сондықтан,  ақбөкеннің өрісін кеңейтіп, басын көбейту үшін әлі де  адам қолымен жасалатын қастандықтан арашалаған дұрыс.
         Қазақстан Республикасы бойынша ақбөкендер үш аймақта таралған. Олар – Батыс Қазақстан облысы, Бетпақдалада, Үстірт аймақтары. Біздің облысымызда шамамен 100 мыңдайы бар. Осы кең даламыздың еркесін адам қолымен жаппай жойылып жатқанына бір жағынан сенгіміз де келмейді. Әйткенмен, қазақ ақбөкенді аштықтан емес, ашкөздіктен қырып жатыр.
          Қазақстан Республикасы Үкіметінің 25 шілде 2012 жылғы №969-шы «Ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін тыйым салуды енгізу туралы» қаулысына сәйкес киіктерді аулауға, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға тыйым салынған. Егер де киік аулаған браконьер, болмаса олардың бөліктері мен дериваттарын пайдаланған барлық тұлғалар анықталған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 27 ақпандағы №18-03/158 «Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзумен келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшерін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, әрбір ауланған киік текесі үшін айлық есептік көрсеткіштің 500 еселенген (бұрын 200 есе) мөлшерінде (яғни АЕК 2405х500 1202500 теңге), ал ұрғашы киік пен төлі үшін айлық есептік көрсеткіштің 350 еселенген (бұрын 150 есе) (яғни АЕК 2405х350 841750 теңге) мөлшерінде қылмыстық болмаса әкімшілік шара қолданғанына болмаса қолданылмағанына қарамастан табиғатқа келтірілген залалды өтеуге міндетті.
        Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қауіпі төнген және алып қойылуына тыйым салынған өсімдіктермен және жануарлармен заңсыз іс-әрекеттерге қылмыс жасау қаруы мен құралдары (көліктері) айналымнан алынған зат болып табылатын  мүліктер тәркіленіп, қылмыстық жауапқа тартылады. Мұны да оңай олжаға құнығып, киіктерді аулауды әдетке айналдырғандар біліп жүруі тиіс.
        Жалпы,  «Дүниежүзілік антилопаларды қорғау» халықаралық қоғамдық ұйымының мәліметтері бойынша, дүние жүзінде 20-дан астам антилопалар түрлеріне жойылып кету қауіпі төніп тұр. Осылардың ішінде біздің киіктер де  бар.
          Талай ақын-жазушылардың жырлары мен дастандарына арқау болып, оларға шабыт сыйлаған дала еркелері – киіктер, құралайын ертіп, сайын дала төрінде сұлу саптарын түзеп, қайтадан құйғытса, нұр үстіне нұр болмақ. пақшы. Сондай күннің жақындай түсуіне біздің Арал ауданының тұрғындары өз үлестерін қосса дейміз.

М. Тәжікбаев,
«Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік
мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орманшысы.
13 ақпан 2018 ж. 2 303 0