Сарып ауруынан сақтаныңыз!
Сарып–жұқпалы, созылмалы ауру. Негізінен аяқ-қол буындарын зақымдайды, сонымен қатар басқада ағзаларға әсер етеді. Сарып ауруының қоздырғышы 4 түрге бөлінеді. Қой-ешкі, мүйізді ірі қара, шошқа, ит. Ең соңғы кезде көп тарағаны ешкі–қой қоздырғышы.
Берілу жолдары: Тағам арқылы, қарым-қатынастан, ауа-шаң арқылы. Сарып ауруының қоздырғыштары сыртқы ортаға төзімді келеді. Мысалы: сиыр сүтінде 10 күннен-45 күнге дейін, етте 20 күнге дейін, сырда-60 күнге дейін, қой жүнінде, терісінде 3-4 айға, суда 5 күннен-3-айға, топырақта 2,5 айға дейін сақталады. Жоғарғы температураға төзімсіз. 60 с-та 20 минутта, қайнатылған суда бірден тіршілігін жояды. Залалсыздандыру ертінділерінде бірнеше минутта тіршілігін жояды. Адамға қауіпті уақ малдағы сарып қоздырғышы болып табылады. Аурудың жасырын кезеңі 1-6 апта аралығында.
Жұғу жолдары жануарлардың сүт, қан мен еті және малдардың іш тастау кезінде бөлінетін сұйықтықтар арқылы беріледі. Сарып ауруы негізінен кәсіптік ауру болып табылады, мал бағушылар, сауыншылар, мал сою пункті жұмысшылары т.б.
Адамда сарып ауруының алғашқы клиникалық белгілері: дене қызуының көтерілуі, дененің қалтырап тоңуы, терлей беру, әлсіздік. Бұл белгілер ауру жұққаннан кейін 1-2 айдан кейін білінеді, осы уақыттан кейін адамның ұйқысы бұзылады, қатты ашулана береді, шаршағыш болады, аяқ – қолы сырқырайды, буындары ісініп ауырады, буындардың қозғалысы шектеледі, сөйтіп адамды мүгедек етуі мүмкін.
Сарып ауруынан сақтану жолдары:
1)Малдарды бағып – күткенде арнайы киімдер мен жұмыс қолғаптарын пайдалану
2)Малдарды сарып ауруына тексерту, ектіру
3)Мал қораларды жиі тазалап, залалсыздандыру, күн сәулесін молынан түсіру
4)Мал өнімдерін жақсылап қайнатып, пісіріп пайдалану, кез келген жерден сүт, сүт өнімдерін сатып алмау
5)Ауру малды өзге малдан бөлектеп, іш тастаған малдың төлін, шуын арнайы құралдармен немесе айырмен, күрекпен алып мал төлдеген жердің сабан – шөбін, топырағымен қоса алып, қорадан аулақ жерге апарып, иттер қазып ала алмайтындай етіп 1–1,5 метрдей тереңдікке көміп тастау керек. Мұндайда халат, резеңке етік пен қолғап, су өтпейтін алжапқыш байлап жұмыс істеуі қажет. Қолды жиі сабындап жуып жүру қажет.
О.Мошанов,
Арал аудандық СЭББ бөлім басшысы