Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихы терең білім ордасы

Тарихы терең білім ордасы

Айдынды Арал қаласындағы тұңғыш кәсіби білім ордасы – Арал индустриалды-техникалық колледжінің құрылғанына 95 жыл. Бұл 95 жыл – жай жылдар жиынтығы емес, ізденіс пен еңбектің, талпыныс пен табыстың, үйрену мен үйретудің жылдары болды. Ұлт мүддесіне айналған мұратқа жетуде кәсіби мамандарды даярлап келе жатқан Арал индустриалды-техникалық колледжінің орны ерекше. Бұл облыста кәсіби-техникалық мамандар дайындайтын ең байырғы оқу орындарының бірі.
1925 жылы барлық балық шаруашылығына қатысты ұжымдарды біріктіретін «Арал мемлекеттік балық тресі» құрылып, осы саланың жергілікті жерде өркендеуіне, дамуына байланысты балық кәсіпшілігінің түрлі мамандарын дайындау қажеттілігі туындады. Нәтижесінде 1927 жылы Аралдағы тұңғыш кәсіби мектеп – «Балық аулау оқу артелі» құрылған болатын. Мұнда жергілікті тұрғындардан балықшылар бригадирлерін, ау құралдарын септеп-тоқу мамандарын даярлады. Тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін 1937 жылы жас жеткіншектерді кішкентайынан кеме және оның мамандықтары бойынша даярлау мақсатында «Юнга» мектебі атты жаңа топтар құрылып, оған 11-12 жасынан бастап балаларды оқуға тартты. Және олардан осы оқу орнында кіші қайықтарға матрос, мотористер дайындады. Балықтарды аулап, оны өңдеп СССР-дың басқа қалаларына, облыстарға сатуға және ішкі рыноктың сұранысына сәйкес мектеп 1943 жылы ФЗО (фабрично-заводское обучение) мектебі болып аталып, қайық радистерін, бөшке жасау мамандарын, кіші қайық матростарын, мотористерін даярлады.
1955 жылы қолөнер училищесі болып қайтадан құрылып, ағаш, темір ұсталарын, қайықтың матрос, мотористерін даярлауды іске асырды. Арал теңізінің жағалауынан аса қашықтықтан балық аулау мақсатында 1963 жылы №68 қалалық кәсіптік-техникалық училищесі (ГПТУ-68) болып өзгеріп, балық өсіруші, өңдеуші, кеме жүргізуші, кеме механигі, электромонтажшылар мамандықтарын даярлауды бастады. 1984 жылы мектеп №4 орта кәсіптік-техникалық училищесі (СПТУ-4) болып аталып, сол жылдан бастап токарь, электромонтажшы, тігінші, слесарь-жөндеуші, құрылысшы мамандықтарын әзірледі. Арал теңізінің тартылуына байланысты және білім саласындағы оңтайландыру кезеңінде кәсіптік-техникалық мектеп өзінің байырғы мамандықтарын: кеме жүргізуші, кеме механигі, балық өсіруші, өңдеуші мамандықтарын дайындауды тоқтатты. 1996 жылы №4 кәсіптік-техникалық мектеп болып өзгеріп, мектепте токарь, электромонтажшы, тігінші мамандықтары бойынша мамандар әзірледі. 1997 жылдан бастап №16 кәсіптік-техникалық мектеп болуына байланысты мектеп қаланың өндіріс орындарына, кәсіпорындарға токарь, тігінші, құрылысшы, электромонтажшы, газбендәнекерлеуші мамандықтарын даярлап келеді. 1998 жылы №16 кәсіптік мектебі тігінші, токарь, слесарь-жөндеуші даярлады. 2003 жылы №16 кәсіптік мектеп тігінші, слесарь-электрмонтажшы, электргазбен пісіруші, теңіз өнімдері мен балықтарды өңдеуші мамандықтарын даярлады.
2008 жылғы 25 желтоқсандағы №238 қаулысы және Қызылорда облыстық білім басқармасының «Қайта тағайындау туралы» 2009 жылғы 9 қаңтардағы №07 бұйрығы негізінде №16 кәсіптік мектептің атауы №16 кәсіптік лицей болып өзгертілді. Арал индустриалды-техникалық колледжі мемлекеттік мекемесінің Қызылорда облысы әкімдігінің (кейбір мемлекеттік білім беру мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы) 18.08.2012 №527 қаулысының «Арал индустриалды-техникалық колледжі» болып қайта құрылды.
Осынау 95 жыл ішінде бұл білім ошағы тәуелсіздік тұғырын нығайтып, заман талабына сай құрылған жаңа оқу бағдарламалары арқылы мемлекетіміздің ертеңгі келешегі, өскелең ұрпақты жан-жақты тәрбиелеп, білікті мамандар қатарын нығайтуға өз үлесін қосып келе жатқан ең іргелі оқу орнына айналды.
Кәсіптік салаға керек жұмысшы мамандарға керек алғашқы біліктілікті үйретуден бастаған білім ұясы еліміздің өндірістік-экономикалық дамуына байланысты атауы бірнеше мәрте өзгере отырып, мыңдаған жастарды өндіріс орындарына қанат қақтырды. Ғасырға жуық тарихы бар, бүгіндері қара шаңырақ аталатын Арал индустриалды-техникалық колледжі осы жылдарда 17 мыңға жуық жұмысшы кадрларын оқытып, еліміздің түкпір-түкпіріне еңбек етуге жіберген екен. Осы оқу орны түлектерінің арасынан кейін есімдері елімізге мәлім еңбек майталмандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен шығармашылық иелері шықты. Сол ел мақтанышына айналған түлектердің қатарында қоғам қайраткері Әлсейіт Жұбаниязов, Арал өңірінің еңбек қырандарының бірі, Социалистік Еңбек Ерлері Ұштап Өтеулиева, Төлеген Әлімбетұлы, халықтың арда азаматы атанған Алданыш Халықұлов пен ақын Шөмішбай Сариев бар. Бүгінде олар колледждің ғана емес, туған жерінің де нағыз мақтаныштарына айналған.
Арал индустриалды-техникалық колледжінің 95 жылдық тарихы жылдар бойы қалыптасудан, дамудан тұрды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын кәсіптер мен мамандықтардың түрленуіне аса көңіл аударылып, нарық заманының сұраныстарына сай мамандар даярлау бірінші кезекке қойылды. Қазіргі таңда колледжде «Тiгiн өндiрiсi және киiмдердi үлгілеу», «Токарьлық іс және металл өңдеу», «Дәнекерлеу ісі» (түрлері бойынша), «Балық өндірісі», «Үйлер мен ғимараттарды салу» (түрлері бойынша), «Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» (түрлері және салалары бойынша), «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандықтары бойынша мамандар даярланады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 2022-2023 оқу жылында 250 студент колледж қабырғасынан білім алып, жаңа өмірге бейімделуде. Негізгі басты міндетіміз– білім алушыларға өнегелі тәрбие, сапалы білім беру мен білікті маман кадрларын дайындау.
Қазір елімізде кәсіптік-техникалық білім беру тегін жүргізілуде. Білім іздеп қалаға келген ауыл жастарына мемлекет мейлінше көмек көрсетуге дайын. Білім алушыларға төленетін шәкіртақыдан бөлек әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан студенттерге ыстық тамақ есебінен қаржылай көмек пен жолақысына дейін ақша бөледі.
Колледжде дуалды оқыту жүйесі оқу үрдісіне енгізілді. Теорияны өндіріспен ұштастыру мақсатын көздеген білім беру жүйесі бойынша көптеген әлеуметтік әріптес мекемелермен шарт жасалды. Олардың қатарында АҚ «Аралтұз»,ЖШС «Agrofish 2020» балық өңдеу зауыты, ТОО «Айдарлым», ДК «Келжанова А» тігін цехы, ДК «Ай ару» тігін цехы, ДК «Батыр» тігін цехы, ДК «Құлыбаева С», ДК «Шүкіров Т», ТОО «Арал құрылысы», ТОО СЗЦ «Қарашалаң», ДК «Інжу-балық», ДК «Қараев Ж», ДК «Қошқарбаев С», "Қызылорда Электржелістік Тарату Компаниясы" АҚ Арал аудандық филиал, ДК «Нысанов М», ДК «Н.Дуйсенов», ДК «Хусайнов», ДК «Нұрмағанбетов Т», ДК «Сейтов А», Оңтүстік аймақтық телекоммуникация дирекциясы «Қазақтелеком» АҚ филиалы бар.
Білім ұясының материалдық-техникалық базасы да жыл өткен сайын жаңарып, жаңғыруда. Әуел баста түбегейлі жақсарту мақсатында облыс, аудан әкімшілігінің басшылығымен КМК «Арал вагон жөндеу зауытына» қарасты «Сауда орталығы –Асхана» және «Электр цехы» ғимараттары колледж балансына қайтарымсыз алынған болатын. Бұл ғимаратқа 2020 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 12 теориялық оқу кабинеттері, 5 оқу шеберханасы, 3 зертхана, спорт залы, медпункт, кітапхана, әдістемелік кабинеттер түгелдей жаңартылды. Оқу кабинеттері мен оқу шеберханалары білім беру стандарттарына сай жабдықталып, студенттерге заман талабына сай білім алуға жағдай жасалды. Тағы бір көңіл толатын жағдай, колледж 2021жылы«Жас маман» жобасы аясында материалдық-техникалық базамен жабдықталды. Осы арқылы тігінші және электргазымен дәнекерлеуші мамандықтары бойынша білім алатын студенттердің практикалық жұмысқа ден қоюына басымдық берілді.
Бүгінгі күні колледждің негізгі материалдық-техникалық базасы жасақталып, оқытушылар ұжымы тәжірибелі, мамандықтарына қарай кәсіпорындарда тәжірибе жинақтаған инженер-педагогтардан құралған. Яғни, оқу орнының Нұралы Әбішов бастаған басшылық құрамы мен арнайы пән мұғалімдері, өндірістік оқу шеберлерінің өздеріне артылған үлкен сенімді абыроймен атқарып жүр. Ұдайы аудандық іс-шараларға белсене атсалысып жүрген қоғам дамуының бір бөлшегі іспетті ұстаздарымыздың мерейлі жеңістері, білім алушылардың жетістіктері бұл да көптеген жылдар бойы қалыптасқан білім беру ісіндегі өзіндік бай дәстүр сабақтастығы екені сөзсіз.
Заман көші алға жылжыған сайын елімізде кәсіптік білімге деген талап күн сайын өсіп келеді. Осы ретте, кадр мамандарды оқытып, даярлау, тәрбиелеу қашанда өзекті мәселе екенін ескерсек, 95 жылдық ұлағатты тарихы бар Арал индустриалды-техникалық колледжі осы деңгейден табылуда. Осындай ауқымды істер атқару мен ұйымдастыру әріптестер арасындағы өзара ынтымақтастық пен сыйластықта, ауызбіршілікте екені даусыз. Колледж ұжымы ел экономикасын дамытуда сапалы бәсекелестікке қабілетті жас мамандар дайындап, болашаққа нық қадам басып келеді.
Б. ЖИЕНАЛИЕВ,
Арал индустриалдық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
20 желтоқсан 2022 ж. 349 0