Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұмаудың алдын алу шаралары

Тұмаудың алдын алу шаралары

Арал ауданы бойынша үстіміздегі жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жедел респираторлық вирусты жұқпалардың1040 жағдайы тіркеліп, оның 612-і 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болса, 59 жағдайы жасөспірімдер арасында тіркелді. 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы аурушаңдық көрсеткіші 58,8 пайызды құрады. Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау –қоздырғышы ауа -тамшы механизмімен берілетін бір-біріне жақын аурулар.
Жедел респираторлық вирустық инфекциялар – өз белгілері бойынша тыныс алу мүшелерінің зақымдануымен сипатталатын және тұмауды, парагрипп, респираторлық-синцитиальды инфекцияны, риновирустық және аденовирустық инфекцияларды және жоғарғы тыныс алу жолдарының басқа да катаральды қабынуын біріктіретін әлемдегі кең таралған аурулар тобы.
Тұмау – эпидемиялық және пандемиялық таралуға бейім, жоғары тыныс жолының зақымданумен көрініс беретін жедел респираторлы вирусты инфекция. Тұмау әлемнің барлық елдеріне таралған.
Инфекция көзі-тұмаумен ауыратын адам. Аурудың жасырын кезеңі 1-2 сағаттан 1-2 күнге дейін созылады. Инфекция көзінің ең қауіпті уақыты-аурудың алғашқы күндері. Науқас адам ауру қоздырғышы-вирусты қоршаған ортаға түшкіру, жөтелу кезінде тыныс жолдары сұйықтығымен бөледі.Адамнан бөлінген ауру қоздырғышы 1-3,5 метр қашықтыққа дейін таралады.
Ауруға шалдығу балалар арасында өте жоғары, жалпы ауырғандардың 40-50 % құрайды. Ауруға шалдығу балалар мен жастар ұжымдарында (балабақшаларда,мектептерде, студенттер арасында) бір мезгілде бұрқ ете қалу түрінде болады.
Тұмау жедел басталады, жеңіл, орташа немесе ауыр клиникалық түрде өтеді.
Жедел пайда болған дене қызуының көтерілуі,(бірінші кезекте дене қызуы 38ºС, орташа ауырлықтағы 39 – 40ºС, ауыр ағымда дене қызуы - 40 ºС – ден жоғары болуы мүмкін) қалтырау, бас ауруы, жөтел, бұлшық еттердің ауыруы 2-3 күннен бастап бәсеңсіп, асқынбаған түрінде 7-ші күнге таман басылады.
Тұмаудың асқынуы: вирустық пневмония, бактериялық пневмония. отит, гайморит, фронтит, гломерулонефрит, менингит, энцефалит. Септикалық жағдайда бактериялар қанға түсіп, онан ары көбеюімен жүреді. Өте ауыр жағдайда өліммен аяқталады.
Тұмаудың алдын алу шаралары:
-Жабық үй-жайларда және адамдар көп жиналған орындарда бір рет қолданылатын бетперделерді пайдалану;
-Вирустар қалуы мүмкін заттармен байланысқаннан кейін қолды жуу .Сондай-ақ лас қолмен мұрынды, көзді, ауызды ұстамау;
- Даладан және қоғамдық көліктен келгеннен кейін қолды сабынмен мұқият жуу және мұрын қуысын тұзды сумен шаю;
- Адам көп жиналатын орындарда және қоғамдық көлікте болу уақытын мүмкіндігіншеқысқарту;
- Ауру белгілері, мысалы түшкіру немесе жөтелу белгілері бар адамдармен байланысты мүмкіндігінше шектеу;
-Үй-жайларда жүйелі түрде ылғалды жуып-тазалау жұмыстарын жүргізу, жиі желдету;
-Құрамында С витамині бар өнімдерді (мүкжидек (клюква), итбүлдірген, шиповник, қарақат,лимон және т.б.) көбірек пайдаланып,сұйықтықты көп ішу;
-Сарымсақ және пияз қосылған тамақты көбірек пайдалану;
- Дәрігердің көрсетілімімен иммунитет көтеретін препараттарды пайдалану.
Аурудың негізгі алдын алу шараларының бірі - тұмауға қарсы вакцинациялау.Тұмаудың эпидемиялық маусымның алдында қыркүйек-қараша айларында адамдарды тұмауға қарсы егу- ауруға шалдығуды, асқынуларды болдырмауды, ауыр түрлерін азайтатындығы дәлелденген жайттар.
Г. ӘЙІМБЕТОВА,
Арал аудандық СЭБ басқармасының жетекші маманы:
20 желтоқсан 2022 ж. 425 0