Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сала үздіктері марапатталды

Сала үздіктері марапатталды

Жуырда аудан әкімі Серік Сермағамбетов ел экономикасын арттыру жолындағы өзекті салалардың бірі – ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерін қабылдады. Аудан әкімдігінде өткен жиында Серік Сағитжанұлы асыраушы саладағы жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды саралады.
– Биыл ауданымызда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы өткен жылмен салыстырғанда 106,8 пайызды құрап, оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 102,6 пайыз, егін шаруашылығы бойынша 114,5 пайызға жетті. Бұдан бөлек, биыл біз егін шаруашылығына үлкен басымдық бердік. Бұған дейін ауданымызда егілетін барлық егіс көлемі 160-180 гектарды құрайтын болса, биылғы жетістігіміз еселеп артып, барлығы 704,2 гектар жерге егістік дақылдарын орналастырдық. Балық шаруашылығы саласындағы жетістіктерде жетерлік. Жыл басынан бері ауданымыздағы өзен-көлдер мен теңізден 300 тоннадан аса балық ауланды. 3000 мың тоннадан аса теңіз маржаны өңделсе, 2259 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды.
Қорыта айтқанда, биыл ауыл шаруашылығы саласында ауқымды тірліктер атқарылды. Аралдық дала еңбеккерлерінің адал да берекелі еңбегі мен маңдай терінің жемісі біздің аудан абыройын асқақтатып, экономикамызды серпілтуге өзіндік үлесін қосты, – деп, жылдың табысты қорытындыланғанына тоқтала кетті. Аралдың аймақтағы озат аудан атанғандығы осының анық дәлелі.
Жиын соңында еселі еңбегімен, табанды тіршілігімен көзге түскен ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері мен аудан тұрғындары құрметке бөленіп, оларға «Озат ветеринар» номинациясы, «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасы, облыс әкімі мен аудан әкімінің Алғысы табысталды.
«Толқын» ақпарат

23 желтоқсан 2022 ж. 364 0