Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адалдықты ту еткен, Ақшатауды түлеткен

Адалдықты ту еткен, Ақшатауды түлеткен

Сыр бойында Ералы қожаны білмейтін жан кемде-кем болар. Өйткені ол өзінің бойындағы бар құдіретті қасиетін халқына аямай жұмсап, ел басқарған адам.
Ақшатау елді мекеніне жақындаған сәтте күре жолдың оң жағында үлкен қорым бар. Білетін жұрт әруақтарға сыйынып, дұғасын жасап өтеді. Бұл – Хорасан қожалардың дүниеден өткен ұрпақтарының мәңгілік мекені. Кезінде Ақшатаудай ұлы көлді қоныстанған Әкім ата балалары өздерінің көріпкел, әулиеліктерімен, адамгершіліктері мол адалдықтарымен ел жүрегінен кең орын алған. Жалғыз Ақшатау тұрғындары ғана емес, көршілес Шөмішкөл, Қызылжар, Аманөткел, Райым, Ескіұра елді мекендері де Әкім атадан тарайтын Нұртаза, Нұралы, Нұрқожа, Ералы аталарын өздеріне пір тұтып, сыйынумен өткен.
Бүгін біз осы Әкім атаның баласы Ералы қожа туралы сөз етпекшіміз. Аты аңызға айналған атамыз туралы баспа беттерінде бұрын да жазылған. Жылдар өтеді, заман өзгереді. Өмірге жаңа толқын ұрпақтар келеді. Өткенімізді жыр етіп, тарих қойнауынан сыр шерту бүгінгі үлкендердің міндеті. Сол себепті де қазіргі кезде Қызылжар елді мекенінде тұрақтаған Әкім ата ұрпақтары жайлы өмірге қадам басқан жаңа өскіндер білсе дейміз.
Бүгінгі мақаламызға Тәңірберген Дәрменовтің «Ишандар өткен ғұлама, хабар берген Алладан», Әділбек Тайышұлы мен Болат Жолтайұлының «Арал өңіріндегі Хорасан қожа ұрпақтары» атты кітаптарын, Ералы баласы Төлегеннің газет бетіндегі материалдарын және де өз аузынан әкесі туралы айтқан естеліктерін тілге тиек еттік.
Ұзақ жыл Қызылжар орта мектебінде ұстаздық еткен Төлеген Әкімұлының да әкесі жайлы айтары мол екен. Тарихта өзіндік орны бар тұлға туралы барлық материалдарды қарап, үлкен ойға қалдым. Жерлес замандасымыз Тәңірберген Дәрменовке рақмет! Ералы ата туралы бүге-шігесіне дейін қалдырмай зерттеген екен. Бұл дегеніміз үлкен еңбек.
Кішкентайымыздан Нұралы аталармен көрші тұрдық. Төлеген ағамыздың да, Нұртаза баласы Сейталы атаның да үйлері жақын болды. Кейде көрші балалар шатасып жатсақ әкеміз:
– Жаман сөз айтпаңдар. Қожа аталарың бәрін біледі. Ауыздарың қисайып кетпесін, – деп қорқытып қоятын.
Ал Ералы ата есіміне біздің үйге жиналған балықшылар қауымының әңгімелерінен-ақ қанық бола бастадық. Ералы Әкімұлы 1892 жылы Ақшатау елді мекенінде туған. Өзен жағалай қонған ол кездегі елдің негізгі кәсібі балық шаруашылығы еді. Жастайынан балық аулауды кәсіп қылған Ералы атамыз да Арал өңіріне таныс әйгілі хат бойынша Волга бойында ашаршылыққа ұшыраған балаларға көмек қолын созған барша балықшылармен бірге ұйымдасып, аулаған балықтарын Қамыстыбас стансасына жеткізген. Ералы атамыз сол кезде 28 жаста екен.
Әділбек Тайышұлының айтуы бойынша, Нұралы атасы інісі Ералыны:
– Еркелеу өсті. Әділетсіздікке жаны төзбейтін, бірбеткей мінезі бар, өте өжет болатын, – деп жиі еске алып отырады екен.
Сол әділетсүйгіштігі болар, 1930 жылы Ақшатау колхозы құрылғанда халық бірнеше адамның ішінен Ералы қожаны колхоз басқаруға таңдап сайлаған. Бұған Қожа атамыздың соған дейін ел ішінде көрінген азаматтығы, көріпкелдік қасиетімен танылған ерекшелігі, адамдарға әркез қамқорлық таныта білуі де себепші болса керек. Елі сыйлады, халқы сенді.
Қашаннан құт-береке дарыған Ақшатау көлі халқының несібесіне айналып, сол колхозды Ералы ата ширек ғасыр бойы басқарған. Бұл дегеніміз үлкен жетістік. Арал өңіріндегі балық колхоздарын мұндай ұзақ жыл басқарған адам көп кездеспесе керек.
Жоқшылық заманда ел басқару да оңай емес. Алайда Ералы атамыз Ақшатау халқы үшін білек сыбана кірісіп, белді-белді жұмыстар атқарған. Колхозда пошта, радиотораптары іске қосылды. Қазіргідей электр тоғы жоқ. Радиоға тоқ желді жинап, түнде тұрса түнде, күндіз тұрса күндіз алады екен. Кезеңнің қиындығына қарамастан Ералы атамыз кеңсе үйін, бастауыш мектеп салдырады. Көлді суға толтыру үшін дариядан «Жарықкөлге» тікелей канал да қаздырған.
Жарықтық Арал теңізінің сабасынан асып, толқыны тулап, кемелердің ізінен ақ шағалалар шулап ұшқан кезі ғой. Өз маңайындағы көлдерді демалдырып, 7-8 ай бойы теңіздің Қасқақұлан, Көзжетпес, Азау аймағынан барып балық аулайтын еді балықшылар. Қазіргідей техниканың жоқ кезі. Қайық, жылым, ау-құралдарын түйеге артып көшеді екен. Заң қатты. Колхоздың түйесі өліп қалады деп балықшылар жылымды жаяу айдап шығатын болған. Балықтың бағасы тым арзан, ішіп-жемнен артылмайды. Ералы атамыз сол балықшылармен бірге. Ел басқару оңай емес. Жауапкершілік мықты. Әр балықшының Ақшатауына аман-есен оралуын тілейді. Ералы атамыздың осындай тынымсыз еңбегінің арқасында колхоз озат атанып, 1939 жылы Мәскеудің Халық шаруашылығы көрмесіне бригадир Ж.Сүлейменов қатысып қайтады.
Өмірі Ералы атамызды Ақкөкем деп атап кеткен Нұралы атаның баласы Тайыш аға:
– Сонау 1940-1941 жылдары 8 сыныпты Бөгенде оқыдым. Ақшатау мен Бөгеннің арасы 40 шақырым. Әр сенбіде үйге жаяу қайтып, демалыста кері қарай кететінмін. Соны білген Ақкөкем жолда жазым болар деп қорыққан болуы керек, оқуымды аяқтатпай Ақшатауға шақырып алды. Ақкөкем басқарған сол жылдар өте қиын болды. Ауыр жылдар еді ол. Бірақ ел Ақкөкемнің барлық айтқандарын бұлжытпай орындайтын. Сонымен бірге ол кісіні қатты сыйлайтын, – дейді.
Соғыс жылдарының қиын кезеңдерінде мұнда да босқындар әкелінген. Солардың бәрінің көңілдерінен шығып, қарындарын тойдырып, киіндіре білген атамыз жұмыс істейтіндеріне жұмыс та тауып беріпті. Жақсылық жасау әр адамның парызы. Бірақ Тайыш ағамыз айтпақшы сондай өте бір қиыншылық кезеңде кісіге көмектесу бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Алайда Ералы атамыз жасады. Соғыс зардабын татып, арып-ашып келген босқындар атамыздың пейіліне риза болып, жүздеріне қан жүгірген.
Ералы атамыз әруақты, киелі кісі болған. Ол кездері Ақшатау көліне отыз шақты жылым түседі екен. Мұз астынан балық аулау науқанына Аралдың бүкіл балықшылары келетін болған ғой. Бірақ бәрі де орталықтың шешіміне бағынып, нөмір алады. Сол нөмірлері бойынша белгіленген жерге жылымдарын дайындай бастады. Ералы атамыз басқарған ақшатаулықтар «Көтенбай» жаққа түседі. Бірақ пендешілік дегенді қойсаңшы. Балықты бар жерінен молдау аулағысы келген басқа бір бригаданың адамдары ақшатаулықтардың жеріне жылымдарын қойып, мұз астына өткізіп те жіберген екен. Бұл енді үлкен дау туғызатын нәрсе. Қашанда сабырлы қалпынан таймайтын Ералы атамыз таяқ алып жүгірмей-ақ ренішін білдіргенде жүріп келе жатырған жылымның арқалығы мұзға біртіндеп қата бастапты. Ау-құралдың қат кезі. Пайда табам деп жылымнан айырылуға бола ма? Үлкен қателік жасағандарын білген балықшылар Қожа атамыздың аяғына қалай жығылғындарын да білмей қалады. Ішіндегі бір-жар адамдардың кесірі қаншама бала-шағаны несібесінен айыратынын ойлаған атамыз сары жорғасын мініп, көлді айнала бірдеңелерді айтып айқайлаған кезде қатып тұрған жылым жылжи жөнеліпті. Атамыз бойындағы ерекше құбылысты өз пайдасына емес, халық үшін жұмсаған.
Тағы да Тәңірберген Дәрменовтің «Ишандар өткен ғұлама, хабар берген Алладан» деген кітабына тоқталсақ. Тегі тұғырлы таудай тұлға Ерәлі Әкімұлы басқарған «Ақшатау» колхозының «Газ-51» жүк көлігінің соғыстан кейінгі жүргізушісі Суханберлі Сейтмағамбетов. Үнемі көшіп-қонып жүретін балықшылардың жағдайларымен шыққан кезекті бір сапарда ескі көлік жолдың ауырлығынан батпаққа белуарынан батып қалады. Оталып тұрған көлікті ары-бері ырғағанымен, одан сайын балшыққа бата түседі. Осы кезде кабинадан түскен Қожекең машинаның артынан келіп қолын тигізуі мұң екен, машина желімдей жабысқан саз балшықтан ытқып шығады. Міне, ерекше қасиеті бар атамыз осы бір көріністен-ақ ел игілігі үшін, халық үшін бойындағы барын аямағанын сезгендейміз.
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Әкім атамыздың бойында да үлкен құдіретті күш болғанын білеміз. Балдыздарының жағада қайықтары бола тұра, әжуалап намысына тигеніне шыдамаған Әкім атамыз арнасынан асып толып ағып жатқан Сырдарияны кешіп өткенде, атамыздың тобығынан ғана келген екен. Таңғаларлық оқиға. Бірақ болғаны рас. Содан кейін балдыздары Әкім атамызбен ешуақытта ойнамайтын болған.
Ол кісі емшілікпен айналысса да, дүние жинамаған кедей кісі болған деседі. Атамыздан тараған қожалар ұрпағы жалпы тегін болмаған. Сол себепті де жергілікті жұрт олар тіл тигізбек түгіл, алдарынан кесе де өтпеген.
Ералы атамыздың құдіреттілігі туралы балықшылар қауымы да көп айтатын. Жастайынан балықшы болып істеген әкемізден қалған мына бір әңгіме құлағымызда ұмытылмастай болып қалыпты. Ералы атамыз бірде дария бойында жылым тартып жатқан балықшылардың үстінен түсіп, балықшылардың ежелгі салты бойынша оң болсын айтуға атының басын бұрған екен. Бұл кезде балықшылар жылымдарын жиекке шығарып, жинастырып жатса керек. Шонтайдан шыққан бір үлкен сазан мен үлкендеу қаязды біреу-міреу келіп қалмасын деп жылымның астына тықпайлап қойыпты. Бұлар Әбдірей, тағы басқа адамдар бар. «Райым» колхозының балықшылары екен. Келген адамға сыралғы беру керек. Содан балықшылар «Қожаға анау үлкен сазанды беріп, қаязды өзімізге жасырып қалайық» деп сыбыр-сыбыр етеді. Пендешілік қой. Мұның артының неге соғарын қайдан білсін олар. Әйтпесе Ералы қожа сияқты атағы шыққан адамға сазан емес, семіз қаязды ұсыну керек еді ғой. Балықшылардың қулығын сезген Ералы атамыз:
– Қаяздарыңды бермесеңдер бермей-ақ қойыңдар. Кешке қарай баламды жіберіп алдыртармын, – деп әзілдейді. Қожа атамыздың әлгі сөзінен секем алған балықшылар қостарына келгесін жерді терең қылып қазып, қаязды соған көмеді де, көк пішенмен молдау қылып жауып, үстіне масаханаларын құрып, жата кетеді. Азанда тұрса қаяз жоқ. Балықшылар аң-таң. Шұңқырды ешкім қозғамаған. Үстінде өздері жатыр. Кешегі Қожа атамыздың әзілі естеріне түскен балықшылар:
– Қап, – дейді, – ұят болды-ау. Одан да сол кезде беріп құтылып, батасын алу керек еді.
Ералы Әкімұлының бойындағы тылсым күштері туралы Тәңірберген Дәрменов көп еңбектеніп, оның әруағы мен киелі құдіреттілігі туралы көп ізденіп жазған.
Жоғарыда айтқанымыздай, бір колхозды 25 жыл басқарған Ералы атамыз адамдармен тіл табыса білетін, іскер басшы болған. Сол кездегі Қазақстанның Балық шаруашылығы министрі Сәубенов Ақшатау елді мекенін көзбен көріп, атамыздың шаңырағынан дәм ауыз тиген екен.
Ералы атамыздың қолынан емшілік те, көріпкелдік те келген. Бойында шындап кетсе тас қайнатар қасиеттері болса да, маңдай терлетіп еңбек етуді бірінші жолға қойған. Ешкімге де қысастық жасамай, түзу жолмен Ақшатау халқын адал еңбек етуге құлшындырған.
Өз тұстастары Әбжан Назаров, Мақсұтқали Демесінов, Қали Құмаров, Наужан Қодаманов, тағы-тағылармен жақсы қарым-қатынаста болып, жұмыс барысымен араласып та тұрған.
Ералы атамызды ел Әкім қожаның ұрпағы, әулие кісі деп қаншама көтермелеп, пір тұтса да бойындағы қарапайым, кішіпейілділік қасиетін әрқашанда сақтай білген жан. Сол кішіпейілділігі емес пе, «Шөмішкөл» колхозының басқарма төрағасы Наужан Қармановпен басқа елдің балықшылары арасында болған дауда Ералы атамыз:
– Тоқтатыңдар. Наужан Ақтан батырдың ұрпағы емес пе? Оны ренжітсеңдер арты жақсылыққа апармайды, – деп балықшыларды сөзге тоқтатқан.
Ералы атамыздың шаңырағына күн-түн демей қанша қонақ келсе де қабақ шытпайтын кемпірі Үршан әжеміз Алтынбай руынан еді. Өзі аңқаулау болғанымен сөзі айбат, елге қадірлі кісі болды. Төлеген ағамызды бағып-қағып өсірді, оқытты, үйлендірді. Қызметке тұрғызып, нанын жеп кетті. Атамыздың Төлегеннен басқа Нәти, Зәру деген қыздары да болды. Бүгінде о дүниелік болған олардың артында ұрпақтары бар. Үршан Шейтімқызы әжеміз 1981 жылы Төлегеннің қолында қайтыс болды.
Бүгінде аты аңызға айналып, кейінгі ұрпақтарына үлгі боларлық мол мұрасын қалдырған Ералы атамыз туралы Әкім атаның ұрпақтарының бірі Болат Жолтайұлының естелігінде оның ақындық таланты болғаны да айтылады. Сексен төрт жылдан кейін табылған жазбаша мәлімет Махамбетов Әбілда жыраудың мұраларының ішінен табылған. Арабшадан аударылған жыр жолдарының қысқаша мазмұны мынандай еді. Әйгілі Нұртуған ақынға ұстаз болған Сұлтан Рахметов Мырзастан Ақшатауға дүкенші құдасы Нағыметке келеді. Жоқшылық заманның кезі ғой. Балаларының киімі жыртылып, соны Нағымет дүкеншіден алып келші деп үй-іші отырғызбағасын шыққан екен. Алайда Сұлтанды Ақшатаудың халқы да, Нағымет дүкенші де елемей, бостан-босқа отырып қайтады. Бұл жағдайды жұмыстан қолы босамай кейіннен естіген Ералы атамыз елдің елдігін көрсетпегеніне ұялып, Сұлтан ағасынан кешірім сұрап, өлеңмен хат жазады. Сол кездегі әйгілі ақындардың сарынымен жазылған өлеңде әрбір ұйқас өз орнын тауып тұрғандай. Осы бір өлең жолдарының ішінен-ақ Ералы атамыздың үкіметтің жұмысынан бір сәт те босамағанын көреміз.
... Жұмысы үкіметтің мұрса бермей,
Қолымды босатпады қаққан шоттан.
Көпшілік қолым тимей, назар салман,
Мен аға, босамадым қалайықтан,– дейді атамыз.
Тарихтан белгілі болғанындай ол кез өте бір ауыр кезең еді. «Ер етігімен су кешкен» заманда Ералы атамыздың да бел шешуге мұршасы болмағанын сездік. Сұлтан атамыз да жас кезінде аурушаң болып, әкесі Әкім атаны алдырып, бір дем салғанда көрмей қалған көзі шырадай жанған екен. Сондықтан қожалардың алдында үлкен қарыздар екенін әкесі Сұлтан ағамызға айтып кеткен екен.
Адамдардың бір-бірін аңдып, жау санайтын кезінде жазылған екі арыстың өлеңдерінде сақтық шаралары да айтылады. Досың аз, дұшпаның көп заманда:
... Күн батып, намазшамды қарлықтырып,
Келіңіз сол шамада кеш батқансың.
Бұл күнде адам жаман байқамасаң,
Айтамын тек, өзіңде дос болғансың, – дейді Ералы атамыз. Өлеңдегі бұл оқиға 1932 жылы болған екен. Арада көп ұзамай-ақ 1937-1938 жылдары қазақтың небір марқасқалары жазықсыздан-жазықсыз атылып кете берді. Оның ішінде осы өлеңге себепкер болған Сұлтан Рахметов те бар еді.
Ақшатау халқы үшін ыстықты да, суықты да елемей, бар өмірін сарп еткен әулие атамыз Ералы қожа сол елді 25 жыл басқарып, 1955 жылы ауыр науқастан қайтыс болады.
Қожа ұрпақтарының қай-қайсысы да елдің аузынан жырып, артық дүние жинауға әуестенбеген. Кейіннен Ақшатау колхозы тарап, ел жан-жаққа көшкен кезде Әкім ата ұрпақтары Қызылжарға қоныстанды. Өткінші өмір Әкім ата балаларын да шектеулі жастарына жеткен соң қара жер құшағына алды.
Қызылжар топырағында 43 жыл шот қағып, колхоз қаржысын ысырапшылдыққа жеткізбеген Нұралы баласы Тайыш ағамыз осы қожа ұрпақтарына өле-өлгенше басшылық жасап, қамқоршы бола білді. Тайыш ағаның ағайын арасындағы бірлікті сақтап, қай-қайсысынан да көмек қолын аямағанын Ералы атамыздың баласы Төлеген де, Нұртаза ұрпағы Қуаныш, Нұрхожа ұрпағы Шора, Болаттар да ауыздарынан тастамай айтып жүреді.
Хорасан қожалық Ералы Әкімұлы қаріпке қамқор қолын созып, жылағанға жұбаныш, құлағанға сүйеніш болып, ширек ғасыр Ақшатауды түлетті. Адалдықты ту еткен Ералы атамызды білетін бұрынғылардың қатары жыл өткен сайын азайып келеді. Ендігі тілек Арал балықшыларының тарихында өзіндік орын алған қожа атамыздың есімі ескірмесе екен.
Ералы атамыздың тұсында Ақшатауда бірталай үйлер болған екен. Сонау бір жылдары сол үйлердің үйіндісі ғана қалып, жұрт жан-жаққа көшкен. Қазір міне, атамекен Ақшатауда жыл өткен сайын үйлер саны да қайта көбейе бастады. Ақшатаудың бүгінгі ұрпақтары ел есінде қалған Ералы атамызды ұмытпай ұлықтай білсе дейміз біз де. Көл жағалай қонған келбетті елге мектеп салынады дегенде елең ете қалғанбыз. Салса екен. Салынып жатса сол мектепке Ералы қожа Әкімұлының есімін берсе, Сыр бойының халқы қарсы болмас еді. Атамыздың әруағы қолдап аман жүрсек, бұл істің де куәсі боларымыз анық. Біздің тілегіміз елі үшін еңбек еткен атамыздың есімі ешқашан өшпесе дейміз. Қалай болғанда да «Ақшатау» колхозын алғаш құрып, оның гүлденуіне бар қажыр-қайратын жұмсап, ширек ғасыр сол колхозды басқарған Ералы Әкімұлының есімі тарихтан мәңгі өшпейтіні анық.
Ж. МУСАЕВ,
Қызылжар елді мекені
24 желтоқсан 2022 ж. 430 0