Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Уақыт сұранысындағы орталық

Уақыт сұранысындағы орталық

«Қолы қимылдаған адамға, кедейлік жоқ. Аяғы қимылдаған адамға, алыстық жоқ» дейді қазақ. Расында қазіргі уақытта кәсіп бастап, табыс табамын деген әрбір азаматқа мүмкіндік көп. Тек сол кәсіптің көзін тауып, тәуекел етсең болғаны. Ал берекесін еткен еңбегің мен маңдай теріңнен табасың. Бұл бүгінгі күннің басты қағидасына айналып кетті.
Жасыратыны жоқ, осыдан санаулы жылдар бұрын алыпсатарлықты кәсіп деп танып, табысқа ұмтылғандарды осы санатқа қосып келсек, қазіргі уақытта халыққа қызмет ету арқылы жетістікке жетуді көздейтін, қоғамдағы сұранысқа ие түрлі жұмыстарға тартынбай баратын кәсіпкерлерді атап айтуға болады.
Бір қуанарлығы, осы бағытта ауданымызда бұрын-соңды қолға алынбаған тың бастамаларды көтерушілердің қатары күн санап артып келеді. Бұл бір жағынан бағыт-бағдардың дұрыстығынан болса, екінші тұсы қазіргі айналамыздағы түрлі келеңсіздіктерді көріп, сол қолайсыз қарекеттерге төзбеушіліктен туған ой деп білемін. Міне, осындай берері мол тың бастаманың бірі – «Жан сыры» психологиялық кабинеті.
Жаңа кәсіптің көзін тапқан кәсіпкер Айнұр Тәжібаевамен тілдескен болатынбыз. Оның айтуынша, "қазір адамдарда керектінің бәрі бар. Тек «жан рахаты» жетіспейді. Осы мәселе кәсіби психолог ретінде ойландырды. «Мен ол үшін не істеуім керек?» деген сұрақты өзіме жиі қойдым. Біз қашанда бірінші кезекте адамға көмектесуді ойлауымыз керек қой. Осы мақсатта 25 жылдық психология саласындағы еңбек тәжірибемді пайдалана келе психологиялық кабинет ашуға бел будым» дейді.
Осы тұста тағы бір сауал туындайды. Біздің халық көнеден үлкеннің сөзіне тоқтап, айтқан ақылымен жүріп, тура жолдан жаңылмай келді. Олай болса, психологиялық кабинеттің бізге қажеті бар ма?! Осы сауалға тоқталып көрейік.
Осы кезге дейін болмыстың бұзылмай, ұлттығымыздың сақталып келуі кешегі қоғамның қарапайымдылығы мен түсініктің бөлектігінде. Ал дәл қазіргі уақыт тіпті бөлек. Нарықтық заман талай шаңырақтың шайқалып, отбасының бұзылуына, тіпті ата-ана мен балалардың арасындағы қарым-қатынастың қайшылығына әкеп соқтыруда. Бұл кезекте психологтың маңыздылығы өте жоғары. Себебі айналасындағыларға сенуден қалған бүгінгі халық үшін сырласы да, ақылшысы да дәл осы мамандар болады. Олармен сөйлесе келе арадағы орнаған сенім арқылы қиындықтан шығатын тура жолды нұсқай алатындар да психологтар. Өйткені олар осы саланы кәсіби тұрғыда меңгеріп, сол бағытта бірнеше жыл еңбек еткен нағыз өз ісінің шеберлері. Қарап отырсақ, тіпті психологиялық кабинеттегі ашық әңгіме үшін тіпті кабинеттегі жайлылық пен жылулықтың өзі адам жанын ерекше көңілге бөлейді екен. Және кеңес алушы мен психолог арасындағы әрбір талқы құпия сақталады. Соның өзі адамға, қоғамға, ертеңгі күнге деген сенімді арттыра түсері даусыз. Біз мұны кәсіп иесінің сөзінен анық аңғардық.
– Көптеген психологтар клиенттерді үйде қабылдайды. Бірақ мен мұны істеуді ұсынбаймын. Үй ортасы кеңес беру процесіне кедергі келтіруі мүмкін.Жұмыс пен үйді, жеке кеңістікті араластырмау керек. Сондықтан кеңсе үшін жеке бөлме бөлудің маңыздылығы өте жоғары.
Қазіргі уақытта психологиялық орталықта екі маман жұмыс жасап жатыр. Осы уақытқа дейін де ауданымызда педагогикалық-психологиялық кабинет болды. Бірақ ол арнайы шеңберде ғана жұмыс жасады. Ал "Жан сыры" психологиялық кабинеті өз алдына жеке орталық болғандықтан, оның мүмкіндігі өте жоғары. Бізде оқушылармен қатар ересектерге де психологиялық консультация беріліп, келушілермен топтық та, жеке де кеңес алмасуға, пікірлесуге болады. Мұнда келушілерден бір байқағанымыз, бүгінгі уақыттың басты күрмеулі мәселе отбасылық кикілжіңдер мен түсініспеушілік салдарынан орын алатын дүниелер. Біз олармен тілдесіп обтасылық дағдарыстардан шығудың жолын нұсқаймыз, ата-аналар мен балалар арасындағы байланысты нығайтып, әрбір отбасы мүшесінің бір-біріне деген сыйластығын сақтауды көздейміз.
Сонымен қатар бұл кабинетте тек психологиялық кеңес беріліп қана қоймайды. Екі маманның бірі логопед қызметін атқарады. Кәсіби маман тілінде кемшілігі бар балалармен жұмыс жасап, ондағы ақауды жою жолында түрлі жағдайларды қарастырып, арнайы білім береді, дамытады.
Жұмысты бастағанына көп уақыт болмаса да, қазірдің өзінде көптеген келушіге көмегі тиген кабинеттің жүйелі жұмысына алдағы уақытта да көз жетеріне сенім мол.
О.ЖОЛДАСОВ
27 желтоқсан 2022 ж. 354 0