Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2023 жылдан бастап автонесие беру қайта жалғасады

2023 жылдан бастап автонесие беру қайта жалғасады

Биыл басталған жылдық 4 пайызбен автонесие беру бағдарламасы 2023 жылғы қаңтардың екінші жартысында қайта жалғасады. Жеңілдетілген несие беру жобасы револьверлік механизм негізінде жүзеге асырылмақ. Қазақстан даму банкі хабарлағандай, бағдарламаға қатысатын екінші деңгейлі банктер қазір қарызды ай сайын төлеп отырған тұрғындардан түскен төлемді жинақтап жатыр.

Екі бағдарлама бойынша 13 млрд теңге көлемінде қаражат жиналады, бұл кемінде 1 300 жаңа автонесие беруге жетеді.

«Азаматтарға ыңғайлы әрі әділ болу үшін және халықты көбірек қамту мақсатында қол­даныстағы екі бағдарламаның үздік опциясы қолданылады. Бұл қаражат көзін біріктіріп, тұрғындардың елімізде шыққан жаңа автокөлікті бірыңғай және ашық ереже бойынша сатып алуы­на мүмкіндік береді», делінген Қазақстан даму банкінің хабарламасында.

Сондай-ақ орталықтан бақы­лауды қамтамасыз ету үшін бұдан былай бағдарлама бойынша қаражаттың бір ғана операторы ретінде Даму банкін қалдыру жоспарланып отыр. Қазір автонесие операторы – ҚДБ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ.

Банк таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылғы 1 жел­тоқ­санға дейін Қазақстанда банктер 14 мыңнан аса пайызы төмен не­сиені мақұлдады, оның ішінде 12,5 мыңнан аса жаңа машина берілді. Автонесиенің орташа бағасы 7,8 млн теңге болды. Бағдарламаға Halyk Bank, Forte­Bank, «Банк ЦентрКредит» және «Еуразиялық банк» қатысып жатыр. Аталған банктерге алдын ала берген өтініші мақұлданған азаматтар көлігі келгенде несие рәсімдейді.

egemen.kz
28 желтоқсан 2022 ж. 674 0