Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отшашу баланың ойыншығы емес

Отшашу баланың ойыншығы емес

Алда келе жатқан жаңа жыл мерекесінде көпшілік тұрғындар жаңа жылдық атмосфераны құруға тырысатыны анық. Яғни, жаңа жылдық мерекенің басты ерекшелігі – отшашу ұйымдастырып, көңіл көтеру. Иә, мереке қарсаңында мұндай дүниелердің саудасы да қыза түсері анық. Оны халық арнайы сауда орындарынан ғана емес, лицензиясы жоқ адамдардан да алып жатады. Осы тұста отшашуды сатып алмас бұрын адам нені білуі қажет? Бұл затты қолданған кезде қандай қауіпсіздік шараларын қолдану керек? Міне, мереке алдында осы сынды сауалдардың жауабын ескере кеткеніміз де жөн болар.
Алдымен отшашу орнын дұрыс таңдау қажет. Яғни, ағаш пен ғимараттар жоқ, ашық алаңға орналастырған дұрыс. Сонымен бірге таңдалған орында 100 метр радиуста өрт тұтану қаупі бар объектілер, автотұрақтар және басқа құрылыстар болмауы керек. Отшашудың нұсқаулығымен толық таныса кетуді де естен шығармаңыз. Отшашу алдында жиналған адамдар орналасқан орыннан 30-50 метр қашықтықта тұруы тиіс. Сондай-ақ ауа райы қатты жел болған жағдайда отшашудың қаупі 3-4 есе артады.Сертификатталмаған, бүлінген және жарамдылық мерзімі өткен бұйымдарды пайдаланбаған жөн. Оларды жою үшін отқа тастауға да болмайды. Сонымен бірге отшашу жағатын адамның үстінде тез тұтанатын синтетикалық киім болмауы қажет.Егер байқаусызда адамның үстіне отшашудың жарықшақтары түссе, лезде сырт киімін шешіп, тексерген жөн.
Тағы айта кетерлігі, пиротехникалық өнім жанбай қалған жағдайда оған 10 минут көлемінде оған жақындауға болмайды. Себебі кенеттен жанып кетуі мүмкін. Сонымен бірге жерге түскен ракета тәріздес пиротехника қалдықтарын жинамаған дұрыс, олар адам қолында жарылуы мүмкін.
–Мереке қарсаңында көптеген тұрғын отшашу пайдаланатыны белгілі. Жалпы пиротехникалық бұйымдарды мақсатсыз пайдалануға болмайды. Сонымен қатар оны адамдар мен жануарларға көздеп жағуға да тыйым салынған. Тіпті ұшқындары терезеге немесе балконға, шатырға тисе, соңы оқыс оқиғамен аяқталуы мүмкін. 2022 жылдың 25 желтоқсанынан 2023 жылдың қаңтар айының 3-іне дейін «пиротехника» іс-шарасы жүргізіліп келеді. Бүгінде атаулы жұмыс бойынша аудан орталықтары мен сауда орталықтарында, сонымен бірге білім ордаларына қосымша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Түсіндірме жұмыстары нәтижесінде сатып жатқан фактілер анықталып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196- бабы 1 бөлігіне сәйкес бірнеше саудагерлерге айыппұл салынды. Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық 436-бабы 2 бөлігі бойынша кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында атаулы өнімдерді пайдалану, сондай-ақ қоғамдық орындарда түрлі атылатын заттарды пайдаланған жасөспірімдердің ата-аналарына шара көріліп келеді,– дейді Арал ауданының полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімшесі ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Дулат Мырзағалиев.
Әр адам қауіпсіздікті өзінен бастаған абзал. Атаулы мереке қарсаңында түрлі келеңсіз жағдайларға ұшырап жататындығымыз да жасырын емес. Сол үшін отшашу алдында барынша қауіпсіздік шараларын сақтап, балаларға абай болғанымыз жөн.
А.НҰРЛАНОВА

31 желтоқсан 2022 ж. 368 0