Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ас содасының жарамдылық мерзімі бар ма?

Ас содасының жарамдылық мерзімі бар ма?

Ас содасының қаптамасында сақтау шарттары дұрыс орындалған жағдайда оның жарамдылық мерзімі жоқ екені жазылады. Алайда кейде уақыт өте ол өз күшін жоғалтады, соның себебінен сіздің пісірмеңіз дұрыс шықпауы мүмкін. Мысалы: тортыңыз көтерілмей қалады. Ендеше, үйіңізде тұрған ас содасының тиімділігін қалай тексеруге болады?

Ас содасын пісірмелерге қопсытқыш ретінде, жемістер мен көкөністердің сыртын жууға және үй тазалауға арналған экологиялық құрал ретінде пайдалануға болады.

Ас содасы сірке суы, лимон қышқылы секілді қышқыл ингредиенттермен әсерге түсіп, көмірқышқыл газын түзеді. Ол нанды және сұйық қамырды көтереді. Ас содасының техникалық түрде жарамдылық мерзімі болмаса, оның тиімділігін қалай тексеруге болады?

Ас содасы ашылмаған күйде өз қасиеттерін 2-3 жыл бойы сақтайды. Ал ашылған ас содасы аузы жақсы жабылған ыдыста 6 айдан аса уақыт сақталуы мүмкін. Ас содасын салқындау және құрғақ жерде сақтау ұсынылады. Ас содасының басты жауы — ылғал, сондықтан оны тоңазытқышта сақтауға болмайды.

Егер ас содасының үйіңізде қашаннан бері тұрғанын білмесеңіз, оның тиімділігін анықтауға көмектесетін мына қарапайым тестті жасап көріңіз. Шағын ыдысқа ½ шай қасық ас содасын салыңыз. Оған шамамен ½ шай қасық сірке суын немесе жаңа сығылған лимон суын құйыңыз. Содан соң реакцияны бақылаңыз. Қышқыл мен ұнтақ ингредиент бірден реакция беруі керек. Егер қоспа қатты пышылдап, көбіктеніп жатса, ас содасы жарамды. Егер ол баяу пышылдаса немесе мүлдем пышылдамаса, ас содасын лақтырып тастай беріңіз.

massaget.kz

alashainasy.kz
02 қаңтар 2023 ж. 575 0