Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2023 жылы қазақстандықтарды қандай маңызды оқиғалар күтіп тұр?

2023 жылы қазақстандықтарды қандай маңызды оқиғалар күтіп тұр?

Екі жылға созылған пандемия бәсеңдеп, әлемде және елімізде іс-шаралар онлайннан офлайнға қайта ауысты. Адамдар бір-бірімен жүзбе-жүз кездесіп, маңызды оқиғаларда бас қосып жүр. Алда келе жатқан қоян жылы да мәдени, саяси, спорттық шаралардан кенде емес, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Евровидение-2023
Келесі жылы әлем халқы "Евровидение" музыкалық байқауын тамашалай алады. 2023 жылы конкурс Украинаның орнына Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өтеді.

Байқаудың жеңімпазы атанған Украинаға бұл жолы артықшылық беріледі – бұл елдің өкілі бірден финалға өтеді.

2022 жылы украиналық Kalush Orchestra тобы "Евровидение" байқауында Stefania әнімен жеңген болатын. Дәстүр бойынша келесі байқау жеңімпаз атанған елде өткізілуге тиіс. Алайда Еуропалық хабар тарату одағы Украинадағы жағдайға байланысты "Евровидение-2023" бұл елде өткізілмейтінін жариялады.

Қысқы Универсиада
XXXI Бүкіләлемдік қысқы Универсиада Американың Лейк-Плэсид қаласында өтеді. Студенттердің спорттық сайыстары қаңтар айына жоспарланып отыр.

Айта кетері, Лейк-Плэсид бұған дейін де 1972 жылы қысқы Универсиаданы өткізген болатын.

Универсиада – Халықаралық университет спорты федерациясы (FISU) өткізетін студенттер арасындағы халықаралық және ұлттық спорт сайысы. "Универсиада" атауы "Университет" және "Олимпиада" сөздерінен құралған.

Көбіне "Бүкіләлемдік студенттер ойыны" және "Бүкіләлемдік университет ойындары" деп аталады. Әр екі жыл сайын жазғы және қысқы универсиадалар ұйымдастырылады.

Жазғы Азия ойындары – 2022
Жазғы Азия ойындары 2022 жылы 10-25 қыркүйек аралығында өтуге тиіс болған. Алайда әлемде коронавирус індетінің өршуіне байланысты дүбірлі дода кейінге шегерілді.

Енді Азия ойындары 2023 жылы 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді.

Жазғы ойындарды өткізуге Қытай ғана өтінім берген. Спорттық сайыстардың бір бөлігі қытайлық Нинбо, Шаосин және Хучжоу қалаларында ұйымдастырылады.

Ойындарға Азияның Олимпиада кеңесіне кіретін 45 елдің спортшылары қатысады. Олардың арасында Қазақстан да бар. Спортшылар спорттың 40 түрі бойынша бақ сынайды.

Мамандандырылған Expo-2023 көрмесі
Латын Америка алғаш рет Expo-2023 көрмесін өткізу құқығына ие болды. Мамандандырылған көрме Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында 15 қаңтар мен 15 сәуір аралығында ұйымдастырылады.

Бұл қала 2017 жылы 15 қарашада Халықаралық көрме бюросының бас ассамблеясында таңдалған болатын.

Көрмені 9,4 млн адам тамашалайды деп болжанып отыр. Іс-шараға 100-ден астам ел қатысады деп күтілуде. Көрме тақырыбы – "Адамның дамуына арналған ғылым, инновация, өнер және шығармашылық. Цифрлық эволюциядағы шығармашылық индустрия".

Айта кетері, дәл осындай мамандандырылған Expo көрмесі 2017 жылы Қазақстан астанасында өткен еді.

Қазақстанмен байланысты оқиғалар
ТМД саммиті

ТМД мемлекет басшылары кеңесінің келесі саммиті 2023 жылы 13 қазанда өтеді.

Биыл ТМД-ға Қазақстан төрағалық етті. Келесі жылы төрағалық Қырғызстанға өтеді. Ал Қазақстан мен Ресей төрағалықты қоса атқарушы болады

Қырғызстанның ұсынысымен ТМД мемлекет басшылары кеңесінің келесі отырысын 2023 жылы 13 қазанда Бішкекте өткізу туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ 2023 жылы 7 маусымда Ресейдің Сочи қаласында ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы жоспарланған.

Ал 2023 жылы 14 сәуірде Өзбекстан астанасы Ташкентте ТМД сыртқы істер министрлері бас қосады.

ЕАЭО саммиті

Еуразиялық экономикалық одақтың келесі саммиті 2023 жылы мамыр айында Мәскеу қаласында өтеді.

Айта кетері, келесі жылдың қаңтарынан бастап ұйымға Ресей төрағалық етеді.

Бүгінде одаққа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей елдері мүше.

ҰҚШҰ саммиті

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының келесі сессиясы 2023 жылдың төртінші тоқсанында өтеді деп жоспарланып отыр.

Ұйымға мүше елдердің өкілдері Беларусьтің Минск қаласында жиналады.

Жуырда ҰҚШҰ-ның жаңа бас хатшысы лауазымына 66 жастағы Иманғали Тасмағамбетов тағайындалған болатын. Экс-шенеунік бұл қызметті үш жыл атқарады.

II ТМД ойындары

Қоян жылы Беларусь елінде II ТМД ойындары өтеді. Сайыстар 2023 жылғы 4-14 тамыз аралығына жоспарланып отыр.

Алдын ала мәліметке сүйенсек, спортшылар 21 спорт түрінен бақ сынайды. Олардың арасында баскетбол, гандбол, волейбол, мини-футбол, көгалдағы хоккей, каратэ, садақпен ату және тағы басқалары бар.

ТМД ойындарының ашылуы мен жабылуы "Минск-Арена" спорт ойын-сауық кешенінде өтпек.

Айта кетері, ТМД елдерінің алғашқы ойындары 2021 жылы қыркүйекте Қазанда ұйымдастырылған болатын. Халықаралық додаға 9 елдің 14 пен 23 жас арасындағы өкілдері қатысып, 180 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммиті мен ІІ Түркі универсиадасы

Бұл екі шара да келесі жылы Қазақстанда өтеді деп жоспарланып отыр.

Түркі мемлекеттері ұйымы 2009 жылы құрылған болатын. Ұйымның келесі мерейтойлық 10-шы саммиті 2023 жылы Қазақстанда өтеді.

Сондай-ақ республика ІІ Түркі универсиадасын да ұйымдастырады. Бұл туралы Түркі елдері ұйымының саммитінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген еді.

"Түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажет. Осыған орай, біз 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Оны Түркі университеттері одағы аясында өткізуге болады",- деді Қазақстан президенті.

Еске салсақ, алғашқы Түркі универсиадасы Бакуде өтті.

Қазақстан мен Ресей форумы

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ХІХ форумы Қостанайда өтеді.

Биыл жыл сайынғы іс-шара Орынбор қаласында ұйымдастырылған болатын. Екі елдің президенттері оған онлайн қатысты.

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумы екі елде кезек-кезекпен өткізіледі. Қос мемлекет басшылары күн тәртібіндегі өзекті проблемаларды талқылау үшін шекаралас өңірлердің бірінде бас қосуды дәстүрге айналдырған.

Форум екі ел өңірлері арасында өзара іс-қимыл бағыттарын талқылау, екіжақты қарым-қатынасты нығайту, іскерлік байланыстарды әртараптандыру, сондай-ақ билік пен бизнес өкілдерінің араласу алаңына айналды.

kyzylorda-news.kz

Фото: kaz.nur.kz
04 қаңтар 2023 ж. 223 0