Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Масаң күйде көлік басқарғаны үшін 97 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Масаң күйде көлік басқарғаны үшін 97 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Арал аудандық сотында 2022 жылы масаң күйде көлік басқарған тұлғаларға қатысты 97 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралған.
Жол жүру ережесін өрескел бұзған жүргізушілердің кінәсі медициналық куәләндырудың қорытындысымен расталып, соның нәтижесінде оларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 608-бабымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылған.
Сотта аталған жүргізушілерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралып, ӘҚБтК-нің 608-бабында көзделген құқық бұзушылық құрамының белгілеріне қарай, әкімшілік қамаққа алу және көлік құралын басқару құқықтарынан айыру жазасы тағайындалған.
Көлікті масаң күйде жүргізген жүргізуші үшін тағайындалатын жаза қаншалықты қатал болса да, ішімдік ішіп көлік жүргізу әрекеті көбеймесе, азаймай келеді.
Статистикалық мәліметке сәйкес, аудандық сотта 2021 жылы осындай құқық бұзушылық үшін 68 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2022 жылы қаралған іс саны 29 іске артқан.
Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қатарын, масаң күйде көлік тізгіндеген азаматқа қатысты іс құрап отыр.
Азамат У. 1 қаңтар күні өзінің басқаруындағы «Lada 21074» маркалы автокөлігін алкогольдік ішімдік ішкен масаң күйінде тізгіндеген. Құқық бұзушының ішімдік ішкен күйде болғандығы медициналық куәләндырудың қорытындысымен расталған. Сондай-ақ, құқық бұзушы сот отырысында өз кінәсін мойындаған.
Жасаған құқық бұзушылығы үшін ол кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазаға тартылған.
Жол-көлік оқиғасы өздігінен туындамайтыны белгілі. Ол жол жүрісі қағидаларының қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болады. Сондықтан да ішімдік ішіп көлік басқару орны толмас қайғыға себепші болатынын естен шығармайық.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі

11 қаңтар 2023 ж. 288 0