Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті атаны білген жөн

Жеті атаны білген жөн

Әлем халықтарының салт-дәстүрімен салыстырғанда ұлттық салтымызда ерекше атап айтатын қасиетті дәстүріміздің артықшылығы баршылық. Жәнеде соның бірегейі – ата-бабамыздан қалыптасып,жалғасқан, жеті аталық ұстаным.Бұл ұстаным бізде жеті атаға толмай ағайын арасында қыз алыспайтын, қыз беріспейтіндігі, бұл қазақи қағидалы ерекше бұлжымас жүйе. Ол бірден-бір қазақ халқының таза ата тектің, текті ұрпақтың жалғасуын реттейтін дара әлеуетті қасиет. Сондықтан да ежелден-ақ қазақ халқында өзінің жеті атасын білуі ата-ана үшін әулеттікұлағаттық қалыптасқан бұлжымас дәстүрі болып келеді. Әрбір ата-ана баласына жастайынан жеті атасын талдап айтып, кейіндері ержете, жеті атаға толмай, жастардың үйленбеуін зердесіне салып сіңдіріп отыруы тиіс. Бұрында ата тегін балаға үйрету 7-9 жасынан бастап ерекше көңіл бөлінген.
Қазақ жеті атасын білмеген – жетесіз деп ол адамға үлкен мін таққан. Мұндай шартты бұзған әдепсіз табылса өте қатаң жазалап отырған. Ондайды ең ақыры туған жерінен,елінен қуып жіберетін болған.
Бұрынғы заманда жеті атаға толған күннің өзінде бір рудың жастары некелесетін жағдай туса ру ақсақалдары бозбиені сойдырып, бір пәтуаға келіп, баталасып барып рұқсат беретін болған. Осылайша жеті атадан үш жүзге дейінгі біртұтас туыстық бітім бірнеше ғасырлар бойы қазақ халқы бір атаның баласы, бір тамырдан тараған деген ұстанымды орнатқан.
Ағайын арасындағы үзілмес бірлік, бұзылмас тектіліктің негізі болған жеті атаны рет-ретімен дұрыс санаудың да өз жолы бар.
Жеті ата шежіресі өзімізге дейінгі ата-бабаларымыздан бастап таратылады. Яғни: бала, әке,ата,арғы ата,баба,түп ата,тек ата. Рас, бұл атаулар кей жерлерде басқаша таратылатын.Бұрынғы би, шешендер айтып кеткені ақиқат шындық. Буған қазіргі жөн, шежіре білетін қариялар да дәл жауап бере алады. Бұрынғылар жөн сұрасқанда «Ата тегің кім?» деп сұрайтыны, міне осыдан шыққан екен.
«Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер. Жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер» деген жүйелі сөзі көп мағынаны білдіреді. Сондықтан да біздің ата-бабаларымыз өз ұрпақтарына жеті атасының аты- жөнін, атамекенін, өз руынан шыққан белгілі батыр би, жақсылардың есімін айтып, үйретіп отырған.
Қазақта «жүрежат, туажат» деген туыстық атаулар бар. Мұны біреулер жеті ата баласына теліп жүр. Бұл жерде «жат» деген сөзге мән беру керек деп ойлаймын. Себебі ұлт тәрбиесіне зер салсақ, ұрпақ бұрынғы ата-бабаларын жат санамаған. «Туажат» – қыздан тарайтын ұрпақ(жиен-жиеншар, көгеншар, дегеншар, жүрежат, туажат деп таралады).Мысалы ер азамат өз нағашысын, әкесінің нағашысын біледі де, одан арғысын білмейді. Осыған сәйкес «көгеншар», «дегеншар» деген атаулар да ұмытылған. Одан туғандар жүре-жүре жат немесе туа жат болып туады. Мұны бұрынғы шежіре, сөз, жөн білетін қазына қарттар айтып кеткен.
Сонымен «жеті аталық» дәстүрді туыстық мейірімнің ұзақ уақыт жалғасатын тірлігі мен бірлігін бұзбауға, жасалған ереже-заңы деуге болады. Бұл аталас адамдар арасындағы ар-ұятты, адамгершілікті адал ұстаудың тұрақты жолы екенін көрсетеді.
А. МҰРАТБЕКҚЫЗЫ
17 қаңтар 2023 ж. 611 0