Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсылық жасау – жақсы мінездің ең үстемі

Жақсылық жасау – жақсы мінездің ең үстемі

Әрбір мұсылман баласы бар нәрседен бұрын өз көңілін, яғни жүрегін тазартуы тиіс. Себебі көңіл – барлық дененің басшысы. Көңілдің жақсы болуы – жаман мінезден арылып, жақсы мінездермен безенуді білдіреді. Хадис шарифте «Мінездеріңді жақсартыңдар!» делінген.
Мұсылман – мұсылманның айнасы. Адам өзінің кемшілігін көру қиын. Сондықтан сенімді досынан сұрап, өз кемшілігін білсе болады. Сенімді дос қана оны қауіп-қатерден, қорқыныштан сақтайтыны ақиқат.
Әрине, ондай адал досты табу өте қиын. Сондықтан хазіреті имам Шафии: «Адал дос пен таза жауһар табу қиын» деп айтқан. Адамға дұшпандарының айтқан сөздері де өз айыбын, кемшілігін білуге көмектеседі. Өйткені дұшпан кісінің кемшілігін іздеп, бетіне басуға дайын тұрады. Ал жақсы достар кемшілігін көрмейді. Біреу хазіреті Ибраһим Әдхамға келіп кемшілігін айтуы үшін жалынады. «Сен менің досымсың. Барлық әрекеттерің маған әдемі болып көрінеді. Кемшілігіңді менен емес, басқалардан сұра» дейді. Біреудің кемшілігін көргенде оны өз бойынан іздеп, бар болса, одан құтылуға тырысу да жаман мінезден құтылудың бірден-бір жолы. «Мұсылман – мұсылманның айнасы» хадисінің мағынасы да осыған саяды. Яғни, өзгенің кемшілігінен өзінің кемшілігін көру. Иса алейһиссаламнан «бұл көркем мінезді кімнен үйрендің?» дегенде, «Адамдарға қарадым, ұнамаған мінездерді алмадым, ұнағандарын амалға асырдым» дейді. Лұқман Хакимге «Әдепті кімнен үйрендің?» деп сұрағанда, «Әдепсіздерден» деген екен.
Өзінде жаман мінезі бар адам, оған шалдығуының себебін іздеуі керек, себебін жоюға тырысу керек. Себебі адамда әдет болған нәрседен құтылуы өте қиын болады. Мәселен, бір жамандық жасасам пәлен теңге садақа беремін немесе ораза тұтамын, түнде тұрып намаз оқимын деп ант етуі керек. Нәпсі мұндай қиын нәрселерді жасамау үшін бұларға себеп болатын өзінің жаман әдеттерін жасамайтын болады. Жаман мінездің зияндарын оқу, есіту де пайдалы шара. Бұл зияндарды білдіретін хадис шарифтер де көп. Біразы мыналар: «Алла алдында жаман мінезден үлкен күнә жоқ». Себебі адам оның күнә екенін білмейді. Білмегені үшін тәубе етпейді. Жасаған сайын күнәсі көбейе береді. «Ыстық судың мұзды ерітетіні сияқты, жақсы мінез де қателерді ерітеді. Сірке суы балды бұзатыны сияқты, жаман мінез де жақсылықтарды жояды». Жақсы мінезді болу үшін және мінез-құлқын сақтай алу үшін жақсы мінезді адамдармен дос болу керек. Адамның мінезі досының мінезі сияқты болады.
Мінез – ауру сияқты жұқпалы болады. Жаман мінезді адаммен дос болмау керек. Хадис шарифте «Адамның мінезі, досының мінезі сияқты болады» делінген. Пайдасыз нәрселерден, ойындардан, әбес қалжыңдардан және дауласудан аулақ болу керек. Ілім үйреніп, пайдалы нәрселермен шұғылдану керек. Байлық, мансаптың артынан қуғандардың ешқайсысы мұрат-мақсаттарына жете алмаған. Байлық, мансап мақсатқа айналмауы керек, игі істер жасау жолында құрал болуы керек. Байлық, мансап теңізге ұқсайды. Өте көп адамдар ол теңізде тұншығып батып қалған. Хадис шарифте «Дүниеде қалушы емес, жолаушы сияқты өмір сүру керек! Өлетінін еш ұмытпау керек!» деп бұйырылған. Адам өмірі мәңгі емес.
Жақсы мінезді адам өзіне ренжігендерге жақсылық жасайды. Мал-мүлкіне, абыройына, денесіне зиян жасағандарды кешіреді. Жамандық еткендерге жақсылық жасау – жақсы мінездің ең үстемі, кәміл адам екендігінің белгісі.
Н. КЕҢЕСХАНОВ,
Арал аудандық орталық мешіттің наиб имамы

Фото: ​massaget.kz​​​
21 қаңтар 2023 ж. 701 0