Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арманы ақиқатқа айналған ару

Арманы ақиқатқа айналған ару

Қай халықтың да болмысын аша түсетін, елдігін танытатын әлбетте сол елдіңұлттық киімі. Оның құндылығы қашанда өзгелерден биік тұрған. Бірақ бір кездері қазақылығымызды танытатын қастерлі дүниенің кенжелеп қалуы, күнделікті тұрмыстан шеттеуі байқалды. Оған да себеп бар. Себебі егемендікке енді ғана қол жеткізіп, қайтадан аяққа тік тұру жолында көптеген қиындықтардан өттік. Тіпті киім түгілі, ішер асты табу да қиындап, халық өте ауыр күндерді көрді. Бірақ бүгінде жоғымыз табылып, кеткеніміз қайта оралды. Дәл осы уақытта өзгелерді әлемдік брендтермен таңғалдыра алмаймыз десек те артық емес шығар. Есесіне, сол әлемдік брендтердің орнын басатын ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс өте жоғары.
Ұлттық киімдерге көнеден келе жатқан тек киім деп қарауға болмайды. Мұнда қазақтың тіршілігі мен танымы, терең тәрбиесі мен нағыз шеберлікті қажет ететін айшықты өнері жатыр. Расында ата-бабамыз киім тігу барысына аса қатты көңіл бөлген. Әр киімді киюдің өзіндік әдебі қалыптасқан. Тіпті киімге салынатын ою-өрнекке дейін жіті қадағалап, мағынасына терең үңілген. Ұлттық киімнің түрлерін дайындауда көшпелі қазақ халқы төрт түлiк малдың жүнi мен терiсiн пайдаланған. Жүндi иiрiп, мал терісін илеп, күнделікті киетін киімдерін дайындаған.
Бірақ қазіргі таңда қолжетімділік артып, шикізатты тек жүннен емес, өзге де тауар түрлерінен тұтынушылардың талғамына сай, сұранысына бейімдеп әзірлеуге мүмкіндік мол.
Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, бүгінде ұлттық киімдерге жаңаша сән беріп отырған тігінші Тұрсын Жәнібекова. Жас кәсіпкер жаңа үлгідегі ұлттық киімдерді әзірлеудің тілін терең меңгерген. Осы салада жүргеніне 2 жыл ғана уақыт өтсе де, шебердің қолынан шыққан дүниелерге сұраныс өте жоғары.
«Балапан ұяда не көрсе, өскенде соны алады» демейді ме?! Тәлімі мол тәмсіл Тұрсынның да осы салаға келуіне қозғаушы болған. Бала күнінен әжесі мен анасының жанында отырып, көрпе, құрақ құрауды, көйлек тігуді үйреніп өсті. Кейіннен мектеп қабырғасында жүріп моншақпен жұмыс істеуге машықтанған ол бала күнгі қызығушылығын кәсіпке айналдыруды ойлады.
Арманның ақиқатқа айналуын ойлаған тігінші аудандық кәсіпкерлер палатасының кеңесімен өз жұмысын бастады. Мемлекеттің қолдауынан жігерленген Тұрсын жай ғана тігін тігумен емес, ұлттық нақыштағы дүниелер жасауды мақсат етті. Осылайша ұлттық киімдерге ден қойды. Ал былтыр «Бастау Бизнес» жобасы аясында LUNEVIL кестесі негізінде ұлттық киім тігу бағыты бойынша 1 225 200 теңге грантты жеңіп алған кәсіпкер «Бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Әркім өз кәсібін бастауға ниетті. Ал сол кәсіпті бастап, кейіннен түрлі қиындықтарға байланысты жарты жолдан тастап кетіп жатқандары қаншама. Оларды естіп, көріп жүрміз. Бірақ жас кәсіпкерлерге берілген қайтарымсыз грант осы қиындықтың нақты шешімі дер едім. Өйткені өз жұмысымды одан әрі дамытуды ойлап жүрген маған үлкен көмек болды. Қажетті техникаларды алдым. Олар маған бұрынғыдан да көп мүмкіндіктер сыйлады» дейді. Мәселен, ұлттығымызды танытатын киімдерді атай қалсақ, алдымен қазақтың түрлі ою-өрнегі мен кестелері еске түсе кетеді. Бірақ оның киімге қондыру үшін көптеген функциялар жасалуы қажет. Ал арнайы техникалар мен машиналар осы функцияларды орындауды жеңілдетіп, тапсырыстың барынша тез дайындалуына жағдай тудырады.
Сондай-ақ өз сөзінде Тұрсын Сарқұлқызы:
– Негізінен ұлттық нақыштағы киімдердің салтанат құратын жері тойда екені жасырын емес қой. Талай қиындықтардан өтсек те, еліміз халықтың қазынасы саналған тойда қазақ деген ұлттың қандай боларын анық көрсетіп келді. Әлі күнге дейін солай. Қыз ұзатуға арналған ұлттық киімдерге өте көп тапсырыс түседі. Сонымен қатар тұсаукесер тойларына да тапсырыс беретіндер аз емес. Бірақ біздің ұлттық киімдеріміз тек осындай жерлерде қолданылады деп ойлауға да болмайды. Өйткені ұлттық нақыштағы заманауи киімдерді күнделікті тұтынғысы келетіндер бар. Әсіресе қыз балалар осы бағыттағы тапсырыстарды жиі береді. Қазіргі заманауи киімдерде ұлттық болмысымыздың көрініс табуы нағыз бақыт деп білемін, – деді.
Жас кәсіпкердің алға қойған мақсаты да айқын. Алдағы уақытта «Сырғалым» брендімен көшшіліктің сұранысын орындағысы келеді. Қазақтың әрбір сырғалысы осы брендтің өнімін пайдаланып жатса, ауданның абыройы, кейіпкеріміздің бақыты емес пе?!
"Шебердің инесі де, күймесі де – алтын" демекші, тапсырыс берушінің талғамына сай келетін ұлттық киімнің қалай дайындалатынын өте жақсы білетін Тұрсыннан алдағы уақытта тек жақсы жаңалықтар күтеміз.
О. ЖОЛДАСОВ
21 қаңтар 2023 ж. 1 081 0