Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сарқылмайтын сағыныш

Сарқылмайтын сағыныш

Абыз аталарымыздың «Бұл жалған көзді ашып-жұмғандай-ақ» деп бекерге таусылмағанын жетпістің жотасына аяқ басқанда шынтуайттап сезініп, мойындайды екенсің. Сондайда мынау мазасыз тіршіліктен өзіңді- өзің арашалап, балалық балдәурен кейіпке еніп кете барасың. Көз алдында атамекен сұлбасы қараңдап,туған жерге табаның тигенше асығасың. Алайдаит арқасы қияндағы Көкаралға жыл он екі ай ішінде сапар сәтін түсіру әруақыт мүмкін бола бере ме?! Ыңғайы келе қойғанның өзінде қаңырап қалған көне жұрт әлдеқашан ұмыт қалдырған түлектеріне бірден іш тарта қояды деймісіз?
Бізді әу бастан қиял құшағына алған ежелгі жыр-аңыздар, ілгері-кейінді тауып айтылған қанатты сөздер бұл жолы да ақыл қосты. Қойын дәптерімізге оқта-текте түртіп қоятын әдетімізбен оқшау жазбаларға қайтадан көз сүріндіруге тура келді. Шығыстың даңғайыр шайыры Бабурдан қалған жасын жыр көкейіме қонып, іштей де,дауыстап та жүрек күмбезін жаңғырықтыра бердім.
Алыс жақта елді ойлап қамығасың,
Мұң көрпесін көңілге жамыласың.
Алтын күміс жанынды жұбатпайды,
Отаныңды күн сайын сағынасың!
Иә, солай,сарғайған сағынышпен ғана мауқыңды басып, өткен-кеткен өмір белестерімен жолбарысша жортып сабаңа түсесің. Ол шеті мен бұл шетін өлшеп болмастай көрінген шалқар теңіз күндердің күнінде маң тегістікке айналады деген күпірлік үш ұйықтағанда түсімізге еніп пе екен,тәйірі?!
Арал атауының өзіне әлі күнге дүдәмал ұғыммен сұрау саламын. Әдетте теңіздің не мұхиттың ортасындағы құрлықты арал деп атамаушы ма еді?! Тұран ойпатындағы көлеңке тәрізді дария мен көлдерге таптырмас оқшау теңізге Арал деп айдар тағу кімнің ойына келген? Даналар ма, әлде жиһанкездер ме? Ертедегі жазбаларда Көк теңіз деген атау ұшырасатыны аракідік айтылып та, жазылып та жүр. Арал батыр есімінің қойылуынан да сыр ұшқындатуға болатын шығар. Қайткенмен де тіліміз шыққалы таңымыз Арал деп арайлап атып, күніміз Арал деп көкжиекке күлімдей құлап жататыны табиғи жарасымға ұласып, таусылмас рухани ләззат сыйлайтын.
Ұзындығы 500 шақырымға тарта, ені соның тең жарымындай Арал теңізінен бұл күндері оймақтайы ғана қалғаны неткен өкінішті?! Кезінде алып айдын бойындағы 22 балық колхозы аулаған, 5 балық зауыты өндеген тонналаған су маржаны одақтық өндірістің эталоны дәрежесінде бағаланған. Темір жол қатынасы өркендемей тұрғанда, Арал портынан Орта Азия республикаларына толып жатқан халық шаруашылығы тауарлары кемелер керуенімен жөнелтілетін. Теңіз даңқын әуелеткен, тақсыретін тартқан Ұялы мен Көкарал сияқты екі бірдей елеулі елді мекен бұл күндері еңбегі еш болған бейнетқордай тіл ұшына да іліге бермейді.
Шіркін, Көкарал! Оңтүстік шығысы ұзына бойы тік жар, отыз шақырымнан мен мұндалайтын тауға бергісіз Қаратөс, Өңдір, Кетік шыңдары дәулет пен сәулеттің құймасы іспетті еді ғой. Көкаралдың бір басында «Ленин» колхозы, бір басында Ауан балық зауыты еңбек көрігін желпінтетін. Бұл арадан Арал портына дейін Балтық шкаласымен есептегенде, теңіз үстінен туралай 90 шақырым болатын.
Туған жерге деген ынтық сезім өшпес алау тәрізді. Аңсасаң болды,шалқисың да төгілесің. Жас кезімізде жастанып жүріп оқыған қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романындағы Қайрош бозбала шырқаған «Көрінген сонадайдан Гурьевім, көргем жоқ Гурьевтей жер биігін» дейтін мақтаныш бізге де жұғысты болатын. Ауылдан ұзамаған біздей шикіөкпелерге Көкаралдан көрікті жер жоқтай сезілгені ғой.
Біздің өңірден де исі қазақ жадында жүрер тұлғалар шыққан. Жаугершілік заманда атағы аспандаған Тойқожа, Божбан, Былан бабаларымыздың ерен ерлігі ешқашан ұмыт қалмайды. Жорық үстінде сынған аяғын қанжығаға байлатып, ұрыс даласынан тасаламаған Тойқожаны былайғы жұрт «Бәйімбеттің ақсақ бөрісі» атап кеткен деседі. Асқан садақшы, Божбан мерген ағасы Тойқожадан «Жауды өлтіре атайын ба, әлде қорқыта атайын ба?» деп келісімін күтеді екен. Сондағы тұспалы – өлтіре ат десе ту ұстаушыны, қорқыта ат десе туды баудай түсірмекші. Божбан атқан садақ оғы зар еңіреп ұшқан. Қарулы қолдан серпілген оқ көкше мұзға кірш етіп қадалған. Замандастары оны «тәңірі» деп әспеттепті.
Батырлар беделін жалғастырған Қара ишан, Қосбай ишан, Алданияр, Жинияз, Ермұханбет секілді дін өкілдері төңірекке мұсылманшылық ілімін насихаттаған. Әрідегі дуалы ауыз Наурыз-Дос, Сүлей, Бәйімбет-Рамбердінің Құлжаны, Бораштың Төлеуі, Аймұханның Төлеуі, беріректегі Көлжан,Смағұл, Сырғабек, Кеулімхош шешендік үрдісімен дараланған.
Отаршылдық өктем саясат қияндағы Көкаралды да қамтыды. Жан- жағы көк теңіз, бұра тартар өткелі жоқ алыстағы аралға құғын-сүргінге ұшыраған 5 мыңға жуық жазықсыз жазаланғандар тоғытылды. 1927-1928 жылдары орыс, татар, 1937 жылдары корейлер, 1938-1939 жылдары латыш, эстон, шешен, қарашай, балқар, қалмақтар қойыны кең, мейірімі мол жағалау жұртшылығының шапағатынан жан сақтап қалды. Өздері жетісіп тұрмаса да, жетімнің күйін кешкендерге аузынан жырып ас берді, тоқал тамның бір бұрышына паналатты.
Алғашқы пәттен айдау азабын тартқан олардың біразы жаңа жағдайға көндікпей қырылды. Бала кезімізде ашылып қалған босқындар моласынан адам қаңқаларын талай көргенбіз. Жер аударылғандарды кейінірек ауданның басқа мекендеріне бөліп-бөліп таратты.
Соның өзінде Ауан балық зауытында 1960 жылдарға дейін көптеген ұлт өкілдері жұмыс істеді. Олардың арасында оқып-тоқыған, озық ойлы сан түрлі мамандық иелері де болатын. Ауыл жастары бұларды өркениет қарлығаштары санап, мәдениет пен тазалық дағдысына ерте қалыптасуға талпынды. Тіл үйрену, достықты бағалау, білімге құштарлық жігерімізді жаныды.
Көкарал, Ауан – медальдің екі жағы сияқты қанаттас қоныс. Бұл екі ауылда 500-ге жуық жанұя түтін түтетті. Маңайлас Құланды, Қазалы, Шөмішкөл, Жалаңаш, Ақеспе, Ақбасты елді мекендері де Ауан ауылдық кеңесіне қарайтын .
Ауан кент тәрізді көрінетін, үлкен орталық саналатын. Кейде асыра дәріптеп Ауанды астана деп те марқаятынбыз. Бұл ауылдан Ұлы Отан соғысына 96 азамат аттанып,соның 39-ы ғана оралды. Көпшілігі жарымжан еді, арттарында ұрпаққалған жоқ. Қан майданда көз жұмған 57 ауылдасымыздың арасында елге тұлға болатын қаншама боздақ арманда кетті?! Анамның ағасы 25 жасында болыс сайланған Әзбергеннің ұлы Жекен нағашым аса зеректігімен елді қайран қалдырған.
Әскер қатарында алғырлығымен көзге түсіп, 123-артиллерия полкінің барлау бөлімін басқарған. 1944 жылы Украинадағы кескілескен шайқастың бірінде ерлікпен қаза тапқан. Туған жерден топырақ бұйырмағандарды кім жұбатсын?!
Арал теңізінің өзіне тән еркілігі– сәл ғана көтерілсе, ақ бас толқындар аласұрып атой салатын. Бірнеше ауыр баржа тартатын үлкен кемелер дауыл басылғанша басаттарға ықтап тұратын. Суы алыстан қаншама көкпеңбек тартқанымен, соншалықты мөлдір. Қайық үстінде тұрып 8-10 метр тереңдіктегі балықтарды көретінбіз. Жел қай жақтан соқса да күннің ыстықтығы сезілмейтін.Ғажайып салқын самал есетін. Содан ба екен, жердің шөбі шүйгін, сан алуан болатын.
Қайран, қамсыз балалық шақ, сірә да естен шығар ма?! Зеңгір көктегі құс жолымен үндескен Арал теңізінің жағалауы тұнып тұрған құс базарына ұқсайтын. Ауыл айналасындағы көлдер мен басаттар бетін құс көмкеріп жататын. Құстың келіп-қайтуында нешеме түрлі қанаттылардың сұңқылдаған, шаңқылдаған даусынан ертеңгісін ұйқымыз бұзылатын.
Жазғытұрым жаппай жұмыртқа теруге шығамыз. Түрі де, көлемі де әрқилы жұмыртқадан аяқ алып жүргісіз еді.Көз үйренгені екібастан, басқа құстар да қонақтап ұя салатын. Әке-шешелеріміз «Жұмыртқа екеу болса біреуін, төртеу болса екеуін ғана алыңдар. Балапан жұмыртқаға тиіспеңдер. Суға батырып байқап көріңдер. Обалына қалмаңдар» деп құлағымызға құятын. Құсқа тұзақ құру, құс ату, күзде асырау айдын арманшылдарының кәдуілгі құмар ісі болатын. Құмнан сағыз, көсік қазу, судан борық тартудың да қызығы мол.
«Туған жер қандай көркем, қандай ыстық!» деп әндеткендей, Көкарал мен Ауаннан түлеп ұшқан марқасқа ұл мен қыз кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен шаң береді. Елмен, жермен көптен көріспеген, сыртқарылау болып кеткен мақтаныштар бір басқа да, экология зардабынан тайталаса жүріп, қалтарыста қалған Көкарал мен Ауанның аманатындай Ақбастыда ауылдастарының амандығына қырық жылдай араша тұрған Күнжан Ахметовтің орны айрықша еді. Ел екшеген бұл бағаға ешкімнің таласы болмаса керек. Ұрпақтар есінде балалар қалай ардақталса, бертіндегілер дәрігер Күнжанды сол тұрғыда қастер тұтады. Ол – біздің жан досымыз.
Шәкірт шақтың шатағына дейін қымбат. Көкаралда жеті жылдық мектеп оқушысымыз. Колхоз бухгалтері Әбжан ағай бізбен көрші тұрады. Әкесі Мамбетырза атам жеңіл табиғи, бала қылықты, ойынпаз болатын. Кемпірі Алтайы әжем сабырлы, байтақ адам еді. Алғашқы шапалақ еске түссе, әлі күнге ұяттан бетіміз дуылдап қоя береді. Мамбетырза атам екеуміз тұсап қойған атты іздейміз. Тұсаулы жылқы ыстыққа шыдамай, қопа арасындағы атауға кіріп кетеді. Жолымызда бақша бар. Бұдан бұрын да бірде-екілі рет олжалы болып, әдеттеніп алғанбыз. Атам ши барқыттан тігілген шалбарын шешіп алып, балағын байлап ат үстінде тұрады. Мен бақшадан қауын-қарбыз үзіп лақтырамын. Екі балақ тырсиып толған кезде, біреу артымнан келіп жағымнан тартып жіберді. Бақсақ-көрсек, Ыбыраш ағаның бақшасын үптеп жатыр екенбіз ғой. Мен оны қайдан білейін.Содан былай су тегін болып жатса да, біреудің несібесіне, дүниесіне қол сұғұдың түбінде опық жегізетіні кеудеме оқтай қадалып, қарауылым қасымнан табылды.
Әбжан ағаның Аралдағы Әлшүкір деген туысының Амантұрды, Ауандағы Ахмет деген кісінің Күнжан есімді баласы жазғы каникулдың басым көпшілігін Көкаралда өткізетін. Қала қиқарларына қыр көрсетіп, шама байқасқанбыз. Күндізгі қиқуымыз жетпегендей, түнде от жағып, ақсүйек ойнайтынбыз. Сонда Амантұрды «аяғым күймейді» деп, отқа тым жақын отыратын. Сөйтсек, оның бойында сол кездегі балықшы ауылына сіңісті жаман аурудың ізі бар екен ғой. Осының салдары ма, ерте қайтыс болды.
Аралдың батагөй ақсақалы Әлшүкірді кім білмейді?! 103 жасында бақилық сапарға дүйім ел арулап аттандырды. Жалғыз ұлы Амантұрды мен келіні Жаңылғаннан, кемпірінен ерте айырылған қамкөңіл қартты немерелері мәпелеп бақты. Абыз атасының батасымен көгеріп-көктеп отырған оларға әрдайым сүйсінеміз.
Әңгіме төркіні қимас достар жайында болғанымен, алдымен туған жерге тағзым толғанысынан оза алмадым. Бұл жазбаның қағаз бетін шимайлату себебі Күнжан Ахметов туралы естелік кітапқа үн қосу ниетінен туындады. Ендігі сөз қатар-құрбылар мен баршамыздың қадірменіміз Күнжанның ерекшеліктері төңірегінде өрбиді.
1957 жылы Ауан орта мектебінің сегізінші сыныбына барғанда, Күнжанмен жолымыз біржолата түйісті. Мен зауытта кеме механигі болып жұмыс істейтін Жамаладин Қалмағанбетов ағаның үйінде жатып оқыдым. Күнжанныңда үйі сол маңайда. Қанша айтқанмен, Көкаралдағы алыс-жұлыс есінен кетпеген сияқты. Суықтау амандасты. Бір күні қасында Сайын деген қара шомбал және бойы көк тіреген Кәри дегені бар, үшеулеп мені оңашалап қыспаққа алды. Жамаладин ағам кезігіп қалып, айырып алмағанда оңдырмайтын түрі бар. Содан кейін еш ищаласқан жоқпыз. Балалық пәктік бәрін ұмыттырды.
Теңіздің тартылуына орай Ауандағы балық зауыты үш шақырымдағы құрлыққа көшірілді. Ақбастыдан жаңа мектеп ғимараты салынған. 1959 жылы жазғы каникулда соның кірпішін бастық. Біз Ақбасты орта мектебін 1960 жылы бітірген алғашқы түлектері боламыз. 2010 жылы ұядан ұшқанымызға 50 жыл толғанын Арал қаласында дүркіретіп атап өттік. Өмірден өткен достарымыздың жұбайларын қоса шақырып, аудандық орталық мешітте рухтарына дұға бағыштадық. Кең-байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінен тоғысқан сыныптастар Көкарал бөгетінде теңіз-ананың мақпал құшағында мауқын басты.
Өмірдің ұйқы-тұйқы сынақтары аз болушы ма еді?! 8-сыныпта әр ауылдан келген 27 бала болатынбыз. Соның бірі шөмішкөлдік Бақтыбай Дәулетбаев 1958 жылы қысқы каникулда ауылына жаяу бара жатып, үйіне таяу қалған жерінде үсіп, қапылыста көз жұмды. 1970 жылы 31 қыркүйекте Нағима Жәмішева, 2001 жылы 25 тамызда Әбужан Сермағамбетов, 2002 жылы 2 қарашада Күлпатша Қалиева, 2005 жылы 29 қазанда Күнжан Ахметов, 2007 жылы 10 наурызда Ажарғали Әбілов, 2009 жылы 2 мамырда Күлпатша Берешова, 2011 жылдың 9 тамызында Сәнтай Көптілеуова өмірден озды. Шүкіршілігі, бұлардың барлығы да отбасын құрды, ұрпақ көрді, немере сүйді.
Жетпіске қол беретін 11 ақсақал мен 8 әженің атынан тәуелсіздігіміздің асқаралы асуларына куәгер қылған Жаратушы шерепетіне мың да бір тәубе айтамыз. Бір-біріміздің амандығымызға күнбе-күн алаңдап отыратын 19 замандастың аты-жөніне тарлық қылмай, оқырманды құлағдар еткенді жөн көрдім. Олар: Қайырла Жұмағалиев, Кәри Мәтешов, Бағжан Жоламанов, Сайын Ибрашев, Қуантқан Аташбаев, Орынбай Сағындықов, Жалғас Әміржанов, Аққазы Есентүгелов, Ермекбай Қадыров, Ерболат Нәжімашов және осы жолдардың авторы – Құанышбай Ердіхалықов, Салиха Қалағанова, Миуа Ысқақова, Кемал Оңғарова, Дида Жақыпова, Балқатша Қартамысова, Даража Құдайбергенова, Шапу Абауова, Моншақ Шымбергенова.
Қай кезде де ауыл балаларының ынтымағы күшті, бір анадан туған бауырлардай етене болады. Бітім-болмысымыз, қабілетіміздің ертеректегі нышандары да әрқилы. Күнжан жастайынан тағдыр тауқыметін тартқандықтан ба тұйықтау, шорт мінезді еді. Сыныптағы оқушылардың тәртіптісі, жақсы оқитыны саналатын. Басқалардай не болса соған әуестенбеді. Оқытушыларда оны жақсы көретін.
Әкелері Ұлы Отан соғысынан оралмаған Ажарғали мен Бағжанның шатақтығы бөлек. Бір-бір үйдің жалғызы олардың үнемі басы піспейді. Әлі есімде сегізінші сыныпта оқимыз. Ауыл көл жиегін жағалай ұзына бойы орналасқан. Арқадан жел тұрғанда, кейде қораларды су басып кететін. Бағжан мен Ажарғали көптен бірін-бірі жеңісе алмай жүрген. Көл жиегінде келесі шайқас басталды. Түске дейін екеуінің де бет-аузы көкала торғайдай болды. Айырып, үсті-басын ретке келтіріп татуластырғанымызбен, сабаққа бара жатқанда қайтадан төбелесті бастап жіберді ғой сабаздар.
Сол тентектер мықты азамат болып қалыптасты. Ажарғали медицина институтын бітіріп, ауданымызда белгілі дәрігер атанды. Бағжан педагогиқалық институтты тәмамдап, республика білім беру ісінің үздігі биігіне жетті. ҚСРО спорт шебері дәрежесін иеленді. Бүгіндері Шалқарда шалқып өмір сүруде.
Арамызда ерте бойжеткен Даража ғой деймін. Даражаға оқып жүргенде-ақ мектеп бітірген жігіттер көз салып жүретін. Паң қыз бізді онша менсінбейтін. Оған арналған махаббат хаттары ақ көгершіндей қонақтап, баршамыздың жүрегімізді лүпілдетіп қоятын. Сыныптастар ішінен алғаш жанұя құрған да сол. Қазір Ақтөбеде, немерелер қызығына кенелуде.
Бозбаланың нағыз киімге қарайтын кезінде көбіміз аға-апаларымыздың қалған киімін үстімізге іліп, қанағат еттік. Қоңторғай заманда бұған ешкім арланбайтын. Бүкіл сынып бойынша жаңа киімді алдымен Қуантқан мен Ажарғали киетін. Олардың әкесі қан майданнан оралмаған. Қамкөңіл балалардың аналары бар жылы-жұмсағын жалғыз тұяқтың аузына тосып, асыраушысынан айырылғандар жәрдемін солардың үсті-басын бүтіндеуге жұмсайтын. Қуантқанның анасы Нәжен шешеміз сатушы болатын. Ол көзімізді қыздырып жетісіне бір киім жаңалайтын. Арамызда велосипедті алғаш тақымына басқан да сол еді. Құрылыс инженері Қуантқанның талай ғимарат нысандарда қолтаңбасы бар.
Томпиып жүретін Қайырла өскесін айды аспанға шығарды. Батыс Қазақстан темір жолы құрылыс тресінің бастығына дейін көтерілді. Кәри Мәскеудегі авиация институтын бітірді. Денесі темірден жаралғандай Сайын көңіліне жақпай қалсаң мытып жіберетін. Арнаулы техникалық мамандықты игеріп, ұзақ уақыт кәсіптік училищеде абыройлы қызмет жасады. Республика кәсіптік білім беру ісінің үздігі.
Біз соғыс кезінде дүниеге келген балалар еңбекке ерте араластық. Қызық қуып қылмыңдамадық. 4-5 сыныптан бастап жазғы каникулда колхоз жұмысына жегілдік. Шөп шабуға, балық аулауға, лабазда балық тізуге болысатынбыз. Әйтеуір үйде бос отырғызбайтын. Заман талабы солай болғасын, ешкім қарсылық білдірмейтін. Ал 7-сыныптан оқушы балалардан жылым бригадасын ұйымдастыратын.
Ол кезде біздің елде бар тіршілік балықта. Күзде және көктемде болатын абыржыдан басқа уақытта судан ау кетпейді. Күзде ау мұзға қатқанша, жазғытұрым мұзбен бірге ығып кеткенше таусылмайтын қарбалас. Жастайынан үйге айналған Күнжан мал бағу, балық аулау жөнінен бізге қарағанда әлдеқайда шалымды еді. Ойлау қабілеті, тез шешім табатыны таңырқататын. 1957 жылы көктемгі абыржы қарсаңында Күнжан әкесімен бірге «Қарабасаттан» ауды суыруға ертеңгі қатқалақта мұз үстіне шығады. Әне-міне дегенше, арқадан жел көтеріліп мұз көбесі сөгіледі. Бөлінген мұз жиектен алыстай бастайды. Сәл кешіксе, мұз көшкіні ұлы теңізге қарап зымырайды. Онда аман бол, тұңғиық түбіне шым батқаның. Күнжан дереу шешініп, кеңірдегіне тақалған мұзды суға түсіп, әкесін ат-тұрманымен аман алып қалады.
Тағы бірде Күнжанның тапқырлығына жағалау тарландары тәнті болған. Арал теңізінің солтүстік -батыс бөлігінде «Изенді» деген шың бар. Теңіз табаны ылғи тастан қаланғандай. Жазғытұрым тасқа шемая деген балық уылдырық шашады. Бағалы балықты аулауға бүкіл аудан балықшылары жұмылады. Шемаяның көптігі сондай, ауды бірінің үстіне бірін салады. Күнжан да әкесімен осы жерге келген. Түнде дауыл тұрып, кеме винті ау торына оралып, жүзе алмай үлкен кісілер дағдарады. Күнжан жалма-жан беліне арқан байлап, су астына сүңгиді. Аузына тістеген кездігімен кеме қалағын тұмшалаған есілген ауды бырт-бырт қиып, тығырықтан шығар жол табады. Күнжан осылайша жасөспірім шағының өзінде көпшіліктің батасын алған. Нартәуекел оның хоббиі тәрізді. Оныншы сыныпта оқимыз. Мектеп Ақбастыға көшкесін интернат ашылды. Сырттан келген оқушылар сонда жатамыз. Ауан мен Ақбасты арасы недәуір терең суға толы. Мұз қатқанша екі араға «Смелый» дейтін темір қайық өзектегі мұзды бұзып қатынап тұрады. Мұз әбден қалыңдағасын барып тасымалды доғарады. Сондай шақта Ауанда тұратын балалар да уақытша не таныстарының үйін немесе интернатты паналайды. Абыржы кезінде халықтың негізгі тамағы балық ауланбайды. Жұрт қайбір жетісіп жатқан уақыт. Иманды болғыр Сапура апамыздың табаға салған нанымен аш құрсағымызды тыныштандырамыз. Бірде Ауанда тұратын Кәри, Күнжан, Сайынға ілесіп бір тойып қайтуға бекіндік. Доти конькиді аяғымызға интернаттан зып бердік. Заулаған күйі өзекке жетсек, көрпешелердей кесек-кесек мұздар әлі ұстаса қоймапты. Қатқылдау мұздақтарды лақтырсақ, қата бастаған мұз арасы опырылып жатыр.
Мына ғажапты қараңыз, біз басымызды қатырып тұрғанда Күнжан мұз үстіне жата қалып, енді ғана ұстасқан кесек мұз үстімен жұмалап аунап өзектің арғы бетінен бір-ақ шықты. Сол тәсілді біз де қайталадық. Қазір мұндай жүрек жұтқандықты ерлік деп әспеттеп жатырмыз ғой.
Осы тұрғыдан келгенде, Күнжанның бүкіл өмірі бейбіт күнгі ерліктен тұрады деп жарияға жар салса әсте артық емес. Өзі де пошымы келген нағыз жігіттің сұлтаны еди ғой. 1967 жылы Алматы медицина институтын бітіріп, атамекен ауылына дәрігер болып оралды. Аядай Ақбастыны арайландырған Оңтүстіктің айдай сұлуы Жәмила сынды жұбымен жүрген жеріне көрік беріп, баршамызды қызықтырды. Ойып түсер тілі қағытса ащы, құптаса тәтті болатын.
«Мынадай сылқымды қалай қолға түсірдің?» деген қыжыртпа сауалға тосар уәжі сондай қисынды. «Не сасатыны бар? Теңіз ортасындағы аралда өскеніміз рас. Балықтың да, құстың да базары екені және аян. Ауылға ұшақпен бұлт қуалап жететініміз бекер ме?! Осындай алғышартпен Көкарал, Ауан өңірін Қара теңіз курортынан қалайша кем қылып суреттейін. Жәмила шынымен-ақ ығыланып, Аралға сырттай ынтық болды» деп арсалаңдай күлетін еді.
Біздер бойдақпыз. Күнжанның Алматыдан келіншегімен кешкі пойыздан түсетінінен хабардармыз. Сайын, Қуантқан үшеуміз қарсы алуға дайындалдық. Маған бір идея келді. Оңтүстіктің қызына қалайда гүл сыйлау керек. Қалада орыстар ғана гүл өсіреді. Сату үрдісі орнықпаған. Көк базар жақтағы жатақ үйдің шарбағы ашық екен. Ешкім жоқ сияқты. Қазақы аңғалдықпен бес-алты шоқ гүлді тамырымен үзе бергенімде, үй егасы зор орыс сап ете қалды. Досымның үйлену тойына тосын сый іздеп тұтылғаныма кешірім сұрап жатырмын. Анау көнбеді, ұрысың деп милиция шақыртты. Сөйтіп, өмірімде бірінші рет қызыл жағалыға жауап бергенім бар.
Күнжан маман ретінде де, азамат ретінде де туған жеріне тұтқа болған қайталанбас тұлға. Қырық жылға таяу дәрігерлік даңғылында институт қабырғасында қаныққан бүкіл дәрісті сәтті тәжірибеге ұластырды. Өздігінен білім жетілдіру жөнінен де қамшы салдырған жоқ. Баланы да, ананы да, дананы да емдеді. Ол кең көлемді терапевт: гинеколог, невропатолог, педиатр да өзі.
Қажет жағдайда хирург қандауырын да қолға алды. Ауруды ретсіз ауданға сабылтпады. Дертіне дауа іздегендер Шалқардан да шапқылады. Алыс-жақындағы таныс-білістер де Ақбастыдағы ажалды үркіткен атақты дәрігерден кеңес алуға асығатын.
Жігіттің маңдайы жарқырауы жарының жаныпелінен табылуына тікелей байланысты. Жәмила замандасымыз елге бірден сіңісіп, абысын-ажын, қайынаға-қайны арасына дәнекер болды. Мақтаулы ұстаз, жақсы келін атанды. Күнжанның бауырларын оқытып, аяқтануына дейін ықпал жасады. «Екі жақсы қосылса, жаққан шамдай» дегендей, бұлар аға, інінің енші айырыспай осы уақытқа дейін бір қазаннан ас ішуіне кепіл болды. Мұндай сыйластықты ілуде бір кездестіресіз.
Асылы, Күнжан – аса бақытты жан. Таңдаған мамандығын тапты. Сүйгеніне қосылды. Халқына қалтқысыз қызмет етті. Жиған-тергенін бауырлары мен балаларының игілігіне жаратты. Туған жердің төбе биіндей құрметке бөленді. Бұйырған ғұмырдың берекетін көрді. Елдің есінде, иықтас азаматтардың жүрек түкпірінде рух шырағындай болып маздай бересің сен, қадірлі дос Күнжан! Көкарал мен Ауанға тізе бүккізетін сарқылмайтын сағыныш ақырында өзіңді де, өзімізді де кейіпкерге айналдырып жіберді.
Көңілдің көк дөненін жорғалатып, «Ойхой, шіркін, жас дәурен!» деп суымас сезімнен құптау тапқанның өзіне қанағат! Онсыз да салтанатты шақтар сағым жетегінде кеткелі қашан?! Асыл сөзбен ай мандайы жарқыраған ақын анамыз Мариям Хакімжанова қаламнан көркем байлам тапқанда барып, толғаныс нүктесі қойылды. Сөз зергерінің адамзаттық пәлсапасы қандай терең?!
Дөнгелетіп келеді өмір шіркін,
Өкінішті ой көбейді дүркін-дүркін.
Қаласың-ау, жарқылдап жарық дүние,
Көз жұмылып, тіл тоқтап қалса бір күн!
Қуанышбай Ердіхалықов,
«Дәулетэнерго» ЖШС директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі
25 қаңтар 2023 ж. 273 0