Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңізді өлкеде мәдениет саласының деңгейі қалай?

Теңізді өлкеде мәдениет саласының деңгейі қалай?

Халқымыз ертеден өнер саласын қадірлеп, оның абыройын асқақтата білген. Ел арасынан түрлі талантты тұлғалар шығып, өз өнерлерімен көпшілікті тамсандыра білген. Айдынды өлкемізден де өнерпаз аға-апаларымыз елге танылып, бүгінгі жас ұрпаққа үлгі қалдырған. Ендігі кезекте бүгінгі дамыған заманда әр қала, аудан, сондай-ақ ауылдық округтердің өзінде мәдениет үйлері мен мәдени клубтар бой көтерген. Мұндай мәдени орталықтар жастар арасынан талантты өнерпаздардың өнерін халыққа таныту мақсатында көптеген мүмкіндіктер қарастырылған.
Айдынды Арал өлкесі қай кезде болмасын өнерден артта қалған емес. Осы уақытқа дейін мерекелік түрлі шаралар қойылып, аудан өнерпаздары халық ризашылығына бөленіп келеді. Мемлекеттік және атаулы шаралар, түрлі-түрлі байқаулар, кездесу кештері, облыстық және республикалық дәрежедегі шаралардың өз мәнінде өтілуіне мұрындық болып келеді. Өткен 2022 жылы Арал ауданыбойынша клуб кәсіпорындарының материалдық базасын нығайтуға арнайы қаражатқа дыбыс күшейткіш аппаратура, принтер, монитор, процессор, микрофон, колонка, видеопроектор, компьютер, ноутбук, домбыра сынды дүниелер сатып алынған. Сонымен бірге 2022 жылы аудан көлемінде мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары 990 мәдени-көпшілік шаралар атқарып, оған 201673 көрермен қамтылған болатын. Оның 274 онлайн жүйесінде жүргізіліп, 65765 қаралым болған.
Ел іші – өнер кеніші
Ендігі кезекте бүгінге дейін атқарылған шараларға тоқталып өтелік. Өткен жылы ҚР Халық әртісі, әнші Роза Бағланованың туғанына 100 жылдығына орай «Сырдың сұлу еркесі» атты аудандық әншілер байқауы, қазақтың көрнекті жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Молдахмет Қаназовтың 80 жасқа толуына арналған «Ұшқыр қиялды қаламгер» атты әдеби кеш, 26 наурыз – Арал теңізі күніне орай «Аралды сүю керек қайтқанда да» атты Арал туралы әндерден фестиваль, «Ақ босағаның алтын діңгегі – әжелер» атты әжелер ансамбльдерінің аудандық байқауы, ауылдық мәдениет үйі мен клуб кәсіпорын қызметкерлерінің арасында «Жеті қазына» атты ашық аспан астындағы аудандық байқауы, жерлесіміз, Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевтың 75 жылдығына орай "Шын күлкі ардан биік, шың бір өнер"атты әзіл-сықақ отауларының республикалық байқауы болып өткен.Сонымен бірге ауданға қарасты кент, ауылдық округтерде де түрлі іс-шаралар кең көлемде өткізіліп келеді. Аудандық мәдениет үйінің жылжымалы мәдени демалыс кешен ұжымдары Шижаға, Қосжар, Қамбаш, Аманөткел, Қарақұм елді мекен тұрғындарына «Өнерлі өлке – Аралым» атты қойылым концерт,Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашеватындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, жергілікті ақын Толыбай Абылаев ағамыздың 70 жас мерейтойына арналған «Ақын боп туған азамат» атты кездесу кеші Бөген ауылындағы мектеп сахнасында өткізілсе, Абай ауылдық клубының ұйымдастыруымен де «Жүректегі жыр шыңы» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы, «Келіні жақсының – керегесі алтын!» атты аудандық байқау, жергілікті сазгер ақын Дархан Оразымбетовты еске алуға арналған «Дарабоз – дарын Дархан ең...» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жерлесіміз, Арал ауданының құрметті азаматы, жазушы Қуаныш Жиенбайдың70 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кеші болды. Шығармашылық кеште жазушының «Ұры» атты туындысы желісінде қойылған «Тулақ» атты қойылымнан үзіндіні Аманөткел ауылдық мәдениет үйі жанындағы Халық театры көрерменнің назарына ұсынған болатын.
Сатирик, режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет саласының төсбелгісінің иегері, «Еңбек даңқы» медалінің иегері Бақтыгүл Бахрамованың «Өмірім – өнеріммен өрнектелген» атты шығармашылық кеші, Шөмішкөл елді мекенінің мәдениеті мен өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты азамат, ақын Қуаныш Қондыбаевқа арналған «Перзент пейіл – Қуанышы ең Аралдың» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.
Өткен шаралардың жастарға да берер үлгісі мол екендігі байқалып-ақ тұр емес пе?! Өткен өнер тарихы арқылы еліміздің мәдениетін сақтап қала береріміз анық. Сол үшін ертеңгі болашақ жастар қолында екендігін басты назарға қойып, аудан жастарына өнер жолындағы асыл қазыналарымыз өнеге болып келеді.
Арал қаласының – 95 жылдық мерейтойында атқарылған іс-шаралар лебі де баршылық
Арал қаласының 95 жылдығы аясында Сыр сүлейі Нұртуған Кенжеғұлұлының 135 жылдығына арналған «Қанекей, тілім, сөйлеші» атты аймақтық термешілер байқауы, ақын З.Шүкіровтің 95 жылдығына орай «Кіндігім бірге Аралмен...» атты жазба ақындар мүшәйрасы, ақын Әбілхан Махановтың 100 жылдығына орай «Аралым – айдын шалқарым»атты республикалық ақындар айтысы, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржановтың 85 жылдық мерейтойына арналған «Елдің ерен перзенті» аттышаралар ұйымдастырылды.
25 қазан –Республика күні мен Арал қаласының 95 жылдығына арналған «Бірліктің көзі, елдіктің өзі – Аралым!» және балықшылар аллеясының ашылуына орай «Теңіз төскейіндегі балықшылар» атты театрландырылған қойылым концерт ұйымдастырылды.«Балалар жылы» мен Арал қаласының 95 жылдық мерекесіне орай«Балаларға базарлық» атты өнерпаз балалардың қатысуымен үлкен көлемде ұстаз бен шәкірт қосылып концерт берілген.
Өнерге талпынған жанға әрдайым жол ашық
Өнерлі аудан жастарына арнайы даярлайтын үйірмелер жетерлік. Олардың бірі ұлттық аспабымыз домбыраға баулыса, енді бірі мың бұралған биші қыздарымызды дайындайды. Осы секілді өнердің көптеген түрінен арнайы үйірмелер ашылып, балаларға мүмкіндіктер қарастырылған. Жалпы аудан бойынша 122 үйірме бар. Оған 1554 адам қатысады екен. 2022 жылы З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйіндегі домбыра үйірмесі сазгер, күйші Мұрат Сыдықов атындағы балалар үйірмесі болып аталса, Арал аудандық мәдениет үйі жанынан балалар вокаль үйірмесі ашылып, жұмыс жасап келеді.
Жетісігімізбен мақтанамыз
Аудан өнерпаздары өткен 2022 жылы 3 халықаралық, 6 республикалық байқауға, сондай-ақ 2аймақтық және 40 облыстық байқауға қатысты.
Халықаралық байқаудан Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстан Республикасының Халық әртісі Р.Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ақмаңдайлым» ашық ән байқайқауынан әнші Көлбаев Сабыржан I орынмен, онлайн форматта өткен Халықаралық «Топ жарған» конкурс-фестивалінен Аралқұм ауылдық клуб үйінің әдіскері Ақмарал Серікбайқызы Бас жүлдемен, Қызылорда облысында Балалар жылына орай өткізілген «Менде жұлдыз боламын» атты балалар байқауынан өнерпаздар Уляеев Санжар II орынмен марапатталып, Түркия-Мәскеуге жолдама алды.
Ал республикалық байқаудан Халық әртісіР.Бағланованың 100 жылдығына арналған «Ақмаңдайлым» атты әншілер конкурсынан әнші Назерке Сәрсенбаева дипломант, Ырғыз ауданының 100 жылдығына арналған «Аймақты әнмен тербетіп...» атты республикалық өнер фестивалінен Нұрәлем Лайық Алғыс, Бектасов Абылай арнайы номинациямен, Арал қаласының 95 жылдығы және ақын Әбілхан Махановтың 100 жылдығына арналған «Аралым – айдын шалқарым» атты республикалық ақындар айтысынан Бексұлтан Орынбасаров II орынмен, Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдығына арналған «Дәуірлер бейнесі домбыра үнінде» атты республикалық күйшілер байқауынан Ақнұр Төлегенова Алғыспен, ақын-сазгер Ш.Сүлейменовтің «Шайыр Шынберген» атты республикалық ән байқауынан Қаратерең ауылдық клуб сүйемелдеушісі ДәулетТастыбаевАлғыспен марапатталды.
Облыстық байқаудан «Маржан сөз, қоңыр үн» атты концерт жүргізушілерінің байқауынан Аманөткел ауылдық мәдениет үйі өнерпазы ЕрдосЕсқали I орынмен, халық әртісі Р.Бағланова атындағы «Қазақтың әнші бұлбұлы» атты әншілер байқауынан Дәулеткерей Қуантқанов III орынмен, НазеркеСәрсенбаева I орынмен, әнші-сазгер Батырхан Шүкеновтің 60 жылдық мерейтойына арналған «Аманат» облыстық жас әншілер байқауынан Қарақұм ауылдық клубының өнерпазы Ақбілек Жақсылықова Бас жүлдемен, «Ақ көгершін» балалар байқауынан Амелья Пак I орынмен, З.Шүкіровтің 95 жылдығына арналған «Кіндігім бірге Аралмен» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасынан ақын АлтынбекҚыстаубаев I орын, Райым ауылдық клубының өнерпазы АлматҚойбағаров II орынмен, дәстүрлі әнші Мейірімхан Киікбайұлы Шамшиевті еске алуға арналған «Ән ғұмыр» атты облыстық дәстүрлі әншілер байқауынан Қызылжар ауылдық мәдениет үйі көркемдік жетекшісі АйтуғанСембаев I орынмен, тағы басқа да аудан өнерпаздары жүлделі орындарға ие болды.
А.НҰРЛАНОВА

24 қаңтар 2023 ж. 175 0