Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тастандының тағдыры»

«Тастандының тағдыры»

«Қанша дегенмен көлденең жағынан киліккен қиялға төтеп бере алмады. Біртүрлі жабырқап, манадан бергі көз ұшындағы әсем көріністен алған жағымды әсерді бір түрткүл ой дауыл тербеген теңіздей бұлқан-талқан шайқап жіберді. Осыдан біршама уақыт бұрын ол жарық дүниеге сәби әкелген. Тағдырдың маңдайына жазғаны солай болды ма екен, сол өмір баспалдағын іңгәлап аттаған жас иісті әлдилеп, оған ана болу бақыты студент қыз Гүлназираға бұйырмапты» – деп басталатынДәлелбек Батырдың «Тастандының тағдыры» атты туындысы көпке таныс болар.
Студент қыз Гүлназира сабақты жақсы оқитын, намысы мен арын биік қоя білетін қаракөз қазақ қызы еді. Әкесі мен анасы да ауылға беделді, сыйлы адамдар болатын. Әкесі ауыл әкімі қызметін атқарып, лауазымды тұлғалармен етене жақын. Гүлназира жанындағы құрбыларымен жаздық емтиханын тапсырып жүрген уақытында, көңіл көтереміз деп кафеге келеді. Сол кезде студент қыз Жантас есімді жігітпен танысады. Екеуінің сөздері жарасып, жұп болып біраз уақытқа дейін бақытты күндерін өткізіп жүреді. Күндердің бір күнінде Гүлназира жігітке аяғының ауыр екендігін жеткізген уақытта, Жантас өз әйелі мен балалары бар екендігін айтады. Сонымен бірге әйелімен ажыраспақшы болып жүргенін де жеткізеді. Дегенмен жүрегі қақ айырылған Гүлназира ішіне мұңды толтырып, қимастықпен Жантаспен арасын үзеді. Бойжеткен өзінің жағдайын отбасына айтқан сәтте әкесі баладан бұрын, өзінің билік пен абыройын жоғары қойып, қызын қабылдамай тастайды. Ал анасы болса жүрек еті баласына қанша мейіріммен қарағанымен, жолдасының айтқанынан шыға алмай, амалсыз көне береді. Тек өз бүлдіршінінен есінде қалғаны оның бір жақ бетіндегі меңі еді.
Шығарма негізінен тек бір оқиға желісіне ғана баяндалмайды. Мұнан бөлек Төрегелді мен Гүлістан есімді жас отбасының өмірі де баян етіледі. Гүлістанның студент қыз Гүлназирадан басты айырмашылығы – бала сүйгісі келетіні. Дегенмен тағдырдың жазуымен жолдасы екеуі балалы бола алмай жүрген еді. Бұл тұрғыда туындыда «Төрегелді мен Гүлістанның шаңырақ көтергеніне де біраз жылдың жүзі болды. Тағдыр неге бұларға осыншама қатал болғанын бір Алла тағаланың өзі білмесе, оның байыбына ешкім де бара алмас. Тірі пендеге қиянат жасамағаны да, бір-біріне сүйіп қосылғандары да өздеріне аян. Ендеше не болды? Неге бұлар осы уақытқа дейін бір нәрестенің балғын иісіне зар болып жүр?» деп баяндалады. Расыменде Төрегелді мен Гүлістан адам баласын ренжітпей, ешкімге қиянат жасамаған пенделер еді. Бір күні оларға көрші тұратын, үнемі жынды суға сылқия тойып жүретін көршісі бұл шаңыраққа тағы да сол суға бір тойып кетемін деген оймен келеді. Алайда мұны жақтырмаған Төрегелді бұл көрші жігітке бір жағынан аяй қараса, екінші жағынан көзге қораш көрініп жатқан оған ендігі сәтте жирене көз салады. Гүлістан да оған ішімдік бермеудің жолын іздеп, ашуға булығып біршама ауыр сөздер айтып тастайды. Осы сәтте есін әрең жиып, аяғын да әлсіз басқан көршісі «несіне байып жүрсіңдер, асырап отырған балаң жоқ. Бала таппаған қатынға да байлық керек екен»–деп, қатты айтып жібереді. «Сөз сүйектен өтеді» демекші, жынды суға тойынған көршісінің бұл сөзі екеуінің де жүректеріне найзадай қадалады. Біршама уақыттан соң өздеріне келіп, ес жинады.
Бұлардың соңғы шешімі – бала асырап алу еді. Ендігі кезекте алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру үшін барлық дерлік қажетті құжаттарды жинап, қалаға қарай жолға шығады. Сонымен бірге бала асырап алғаннан кейін, қалаға жақын ауыл маңайынан бір үй алып, көшіп келуді жоспарлайды. Балалар үйіне келіп, барлық бүлдіршінді көріп шыққан соң, Гүлістанның көзі бетінде меңі бар, сүйкімді балаға түседі. Мұнан кейін жолдасы екеуі барлық құжаттарды тапсырып, баланы асырап алады.
Ал Гүлназираның жалғыз құрбысы Сәуле оның көңілін аулау мақсатында ауылына қонақ етуге шақырады. Екі құрбы 10 күннен астам уақыт демалып, уақыттың қалай тез өткенін де сезбей қалады. Осылайша соңғы күндерін көл жағасында демалып, күн астына қыздырынып жатады. Бір сәтте ас-ауқаттарын шығарып, тойып алмақшы болады. Сәуле барлық тағамдарды шығарып жатқанда, оларды турайтын пышақтың жоқ екендігіне көзі жетеді. Сөйтіп Гүлназира көрші отырған жас отбасынан пышақ сұрау үшін орнынан тұрып кетеді. Жас отбасыға жақындап келе жатқанда, олардың кішкентай бүлдіршіндері бар екендігін аңғарады. Пышақ сұрап тұрып, анасының құшағында жатқан балаға көзі түседі. Баланың бір жақ бетіндегі меңді байқап, біршама уақыт тұрып қалады. Сонымен түк болмағандай пышақты алып, кете барады. Бұл оқиғадан соң баланың бет-әлпеті Гүлназираның есінен кетпей қояды. «Егер ол менің балам болса ше?», «Жаңағы әйелдің өз баласы болса, неге оған бөтелкемен сүт береді?» деген сынды түрлі ойлар қыздың мазасын алады.
Ертесіне Гүлназира қалаға қарай жолға шығып кетеді. Үйге жеткен соң да әлгі көл жағасындағы оқиға есінен кетпей, бір сәтке ойландырып тастайды. Кейін бойжеткен «егер ол менің балам болатын болса, жақсы отбасы асырап алғаны. Себебі жолдасы мен әйелінің жайсаң адамдар екендігі көрініп тұр ғой» деп, бүлдіршінін бір жола ұмытуға бел байлайды. Осылайша, ана мен бала тағдыры екіге бөлініп кете барады.
Түйін. Бүгінгі күні тастанды балалардың тағдыры кімді болмасын толғандырары сөзсіз. Бақытты балалық шақтың орнына, анасы қайтып оралар деген оймен балалар үйінің терезесінен телміріп күтумен өткізеді. Өз ата-анасын табамын деген жүрек түкпіріндегі асқақ арманының бос болып шыққанына көзі жеткен сәтте, өмірден де, айналасынан да көңілі қалары анық. Ал бала сүйе алмай жүрген жандар ше? Осы сәтте баласын қоқысқа тастап жатқандардың орнына, таңның атысынан кештің батысына дейін Құдайдан бала тілеп, үлкен үмітпен қарайтын жандарға неге бала бермейді екен деген ойға келесің. Әр бүлдіршін бақытты болуға лайықты!
А. НҰРЛАНОВА
28 қаңтар 2023 ж. 373 0