Қауіпті затты шекпек болған: Алматыда екі студент көз жұмды

Қалалық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, марқұмдар Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенті.
Студенттер карбюратор тазартқыш ерітіндісін иіскеген деп болжануда.
«Алдын ала болжам бойынша, екеуі де токсикомандар. Диагнозы есірткіге мас болу мақсатымен карбюратор тазартқыш ерітіндісін пайдаланып, уланып қалған. Бірі кеше, бірі бүгін көз жұмды», – дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде.
Студенттің екеуі де 1-курсқа жаңа түскен. Заң мамандығында оқыған.
«Студент ата-анасымен Алматыда тұрды. Барлық сабаққа қатысып, өзін жақсы жағынан көрсетіп жүрді. Ата-аналарға қайғылы оқиға жайлы хабарланды. Университет ұжым қара жамылған отбасы мен жақындарына көңіл айтады», – дейді Қазақ ұлттық аграрлық университетінде.
Екінші студент те заң мамандығында оқыған.
«Ол алматылық. Ашық мінезді студент. Ешкіммен жанжалға бармаған. Орташа деңгейде оқыды. Кураторы анасымен хабарласып тұрды. Анасы 22 қазан күні баласының самса әкелуге кеткенін айтқан. Әкесі ұлының 25 ұқазан күні мерт болғанын айтты. Декан проректормен бірге қара жамылған отбасыға барып, бәрін анықтамақ», – деді Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде.
Студенттер қолданған зат транспортты құралдардың ішкі бөліктерін тазалауға арналған. Уланып қалмау үшін оны бетперемен қолдануға кеңес беріледі.