Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнер ордасында өнерпаз жастарға жол ашық

Өнер ордасында өнерпаз жастарға жол ашық

Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзді болашақ жастардың қолында екенін, оларға жасаған тәрбиелік және қаржылық инвестицияның бекерге кет­пейтінін ата-бабамыз біліп айтса керек. Балаларға жағдай жасау, оларға көмек қолын созу, қолдау – үлкендердің міндеті, парызы. Жастайынан қолдау көріп өскен бүгінгі балалар Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолын ертеңгі күні ілгерілететін үлкен күш болмақ.
Балалардың өсіп-жетілуіне, дамуына жағдай жасайтын көптеген бастамалар аудан көлемінде де көптеп жүргізіліп жатыр. Таяуда сондай шаралардың бірі аудандық мәдениет үйі жанындағы үйірмелердің жылдық маусымының ашылуына орай мерекелік шара өтті.Шараға аудан әкімнің орынбасары К.Бержанов қатысып:
– Қазіргі таңдағы біздің алдымызда тұрған міндет – жас ұрпаққа заманауи білім беріп, бала бойындағы мүмкіндіктерді ашу. Бұл бағытта өңірімізде жеткіншектердің білім алып,спортпен шұғылданып, шығармашылығын шыңдауына жағдай жасалуда. Бүгін, міне, осындай үйірмелердің биылғы жылғы дәстүрлі жұмысы бастау алмақ. Балаларды ұлттық аспаптар мен ән, би, халықтық театр және тағы да басқа өнер түрлеріне баулитын болады.Балаларымыздың жетістіктері, олардың жақсы оқып, әртүрлі үйірме топтарына белсене қатысып жүргендері – біз үшін үлкен мақтаныш, – деп барлық үйірме жұмысына сәттілік тіледі.
Мерекелік кеште өнер үйірмелерінің қатысушылары концерттік бағдарлама ұсынды. Мың бұрала билеп, әсем әндерді нақышына келтіре орындап, ертегі қойылымын сомдаған жас өнерпаздар көрермендер ықыласына бөленді.
Атап өтейік, аудандық мәдениет үйі жанында 12 өнер үйірмесі жұмыс жасайды. Оның 5-еуі халықтық ұжым, 7-еуі балалар және жастарға арналған үйірмелер. Расында қашаннан өнердің киелі бесігіне айналған ауданымызда өнерлі жастардың қатары сиремеуі қажет.


"Толқын" ақпарат
27 қаңтар 2023 ж. 355 0