Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпті дерт асқынып барады

Қауіпті дерт асқынып барады

Қан тамырының қысымы – қауіпті сырқат түрі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша, әлемде жыл сайын инсульттан 12 миллион адам бақилық болса, Ресейде 1 миллион  300 мың адам көз жұмады екен. Қазақстанның 100 мың тұрғынына шаққанда 181,32-ні құрайды. Бұл дегеніміз – Қазақстанда әр оныншы адам осы аурумен ауырады деген  сөз. Республика бойынша адам өліміне соқтыратын аурулардың ішінде қан қысымы бірінші орынды алады. Бұрынғы кездері бұл ауру түрі жасы егде тартқандардың арасында кездесетін болса, бүгінде жасарып, тіпті 20-40 жастағыларды да қамти бастады. Біз осы аурудың себеп-салдарын, неден пайда болатынын білу үшін маман дәрігерлерге жүгіндік.
Бұл ауруға шалдыққан науқас дер кезінде ем қолданбаса, ол жүректің жансыздануына, яғни инфарктке немесе жүрек қыспасына (стенокардияға) әкеледі. Жүректің бұлшық еттерін әлсіретіп, оның жұмысын тежейді. Арты миға қан құйылуға, бауырдың нашарлауына әкелуі мүмкін.
– Бүгінде қан қысымының жоғарылауына шалдыққандар саны жыл санап артуда. Мәселен, аудандық аурухананың терапия бөлімшесінде өткен жылы артериялық гипертензия диагнозымен 380 науқас ем алды. Артериялық гипертензия – бұл жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі бірден-бір жиі кездесетін ауру. Бұл аурумен 40 жастан жоғары, орта және егде жастағы адамдар ауырады. Қан қысымының қалыпты көрсеткіші –120/70, 20-40 жас шамасында – 130/80, 40-60 жас шамасында – 140/90, 60 жастан жоғары адамдарда 150/90 болады. Артериялық гипертензияның үш дәрежесі болады. 1-дәрежесі – 130/85; 139/89;  2-дәрежесі – 140/90 және одан жоғары, 3-дәрежесі – 180/110 және одан жоғары. Әсіресе, үшінші сатысы науқас үшін өте қауіпті саналады. Сонымен қатар қауіп тобына қарай төрт түрге бөлінеді: төмен, орташа, жоғары және өте жоғары.
Қан қысымын қалыпты ұстау үшін біріншіден, тұтынатын тағам көлемін шектеу керек. Салмақтың артуы кезінде қан тамырының қысымы жоғарылайды, бұл жүректі салмақпен жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Ал салмақты азайту өз кезегінде қан тамыры қысымын төмендетуде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ жаяу жүруді дағдыға айналдырып, қимыл-қозғалысты күшейту қажет. Шылым шегіп, ішімдік ішу де өте зиян. Дәрігерлік есепте тұратын адам дәрілерін үзбей ішуі керек. Себебі, дәрі-дәрмекті уақытылы пайдалану – қан қысымының жоғарылауынан сақтап, миға қан құйылудың, жүректің жансыздануының алдын алады, – дейді ауданаралық аурухананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі Құралай Омарова.
Аурудың негізгі белгілері мен себептері
Адамда қан қысымы тұрақсыз болған жағдайда оның тікелей белгісі болмайды. Шаршау, құлықсыздық, бас айналу – қан қысымының қалыптан тыс артқанын не төмендегенін көрсетеді. Негізінен қан қысымы тұрақсыз науқастарда мына белгілер кездеседі: басы ауырады, көз алды қарауытады, құлағы шулайды, жүрегі жиі соғып, жүрек тұсында ауырсыну, ентігу, ауа жетіспеу сезімі байқалады. Сондай-ақ артық салмақ, стресс, тұқым қуалаушылық, жүрек-қан тамырларының бітелуі (атеросклероз), зиянды әрекеттер (темекі шегу, арақ ішу), дұрыс тамақтанбау (майлы, тұзды тағамдарды көп мөлшерде пайдалану, газды сусындарды көбірек қолдану) бұл аурудың асқынуына басты себеп болады.
Қан қысымы ауруының алдын алған жөн
Қазіргі таңда қан қысымының жоғарылауы да, төмендеуі де көп кездеседі. Әсіресе жасы ұлғайған адамдарда қан қысымының жоғарылауы жиі байқалады. Осы жөнінде Байтұрсынов ауылдық емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Жадыра Махашева:
– Артериялық гипертензия – систоликалық қан қысымының 140 және одан жоғары, диастоликалық қан қысымының 90 және одан жоғары болуымен нысана мүшелерінің зақымдануымен жүретін  жүрек-қан тамыры жүйесінің ауруы. Аймақта былтыр 82 науқас артериялық гипертензия диагнозымен диспансерлік есепте бақыланды. Артериялық гипертензияға  ер адамдар 55 жастан жоғары, 65 жастан жоғары әйел адамдар жиі шалдығады. Бұл аурудың пайда болуына жаңағы айтып өткендей жас ерекшелігі, шылым шегу, қандағы холестерин, төменгі тығыздықты липопротеидтер  мен қандағы несеп қышқылының көбеюі, қант диабеті және де басқа неше түрлі психоэмоционалдық жағдайлар және әйелдерде менопаузаның ерте  болуы себеп болуы мүмкін.Сондай-ақ қан қысымының төмендеуіне байланысты көбінесе жасөспірімдер мен орта жастағы адамдар жүгінеді. Оны медицинада «гипотония» деп атайды. Гипотониямен ауыратын науқаста бастың ауруы, тез шаршағыштық, бастың айналуы, кейде көңіл-күйдің төмендігі, ашушаңдык жиі байқалады. Қан қысымының төмендеуіне жүрек-қан тамыр жүйесінің сырқаттары, асқазан-ішек жолы аурулары әсер етеді.
Аймақтық учаскеде былтыр инсульт алған 9 адам тіркеуге алынды және ҚР ДСМ 9.01.2023 жылғы №75 бұйрыққа сәйкес диспансерлік есепке алынған науқастар тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады. Сонымен қатар ауруды қауіп факторлары бойынша төменгі қауіп тобындағы адамдар 6 айда бір рет,  жоғары қауіп тобындағылар 3 айда бір рет арнайы бақылаудан өтеді және  жылына бір рет кардиолог маманының қабылдауында болу керек,– деді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының таратқан ақпаратына сүйенсек, жүректің ишемиялық ауруы мен инсульт өлімге апаратын он басты дерттің көшін бас­тап тұр. Қазіргі кезде барлық аурудың түрлері жасарып бара жатқаны мәлім. Бұл инсультті де сырт айналып өткен жоқ. Осы тұрғыда ауданаралық аурухананың терапия бөлімшесінің кардиолог-дәрігері Айнұр Әмірешова:
– Адамдардың көбі өз денсаулығына жауапсыздықпен қарайды. Инсульттің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану, дене салмағын бірқалыпты ұстау, үнемі физикалық белсенділікте болу, зиянды әдеттерден аулақ болу қажет.  Сонымен қатар  газды сусындарды көп ішу семіздікке душар етеді. Соның салдарынан инфаркт, инсульт ауруы, одан әрі қант диабеті, көз ауруына шалдыққандар саны көбейеді. Ал аурудың көбеюі еңбекке жарамсыз жастардың қатарын арттырады. Бір жағынан экономиканың дамуына кері әсерін тигізеді. Еліміз бойынша профилактикалық жұмыстардың өз деңгейінде болмауы қынжылтады. Науқастардың дені ауруы асқынған кезде дәрігердің көмегіне жүгінеді. Ол кезде қолымыздан келгенше көмек көрсеткенмен, науқасты емдеп жазу мүмкін емес. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қан қысымының алдын алуды, салауатты өмір салтын ұстануды көбірек насихаттаған жөн, – дейді.
Қан қысымы ауруына шалдыққандар қанша?
Арал ауданаралық ауруханасының әдістемелік бөлім меңгерушісі Гүлсім Балмағанбетованың мәліметінше, бүгінде аудан бойынша 4357  тұрғын қан қысымының көтерілуінен зардап шегуде. Қан қысымы асқынуларының алдын алу үшін ультрадыбыстық доплерография, «Холтер» аппараттарының көмегімен тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде қауіпті асқынулардың алдын алуға мүмкіндік туды.
Мамандардың айтуынша, қан қысымы ауруының алдын алудың бірден бір жолы – кешкі уақытта жарты сағат болсын жаяу жүріп, серуен құру. Күні бойы аяғына тыным жоқ адамдар көп жүрдік деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Бірқалыпты жүріспен 500 метр болсын жаяу жүру денсаулыққа өте пайдалы.Ал кейбір адамдар қан қысымының жоғарылағанын сезбестен жүре береді. Бұл өте қауіпті. Өйткені үлкен қан қысымы жүрек қалқаншасын кеңейтіп жібереді. Тіпті таңертең қан қысымы қалыпты болып, кешке ғана көтерілетін болса да емделу керек. Өйткені адам кез келген уақытта инсульт алуы мүмкін.Сондықтан бас айналғанда, құлақ шулағанда немесе жүрегі айнып, құсқысы келгенде бірден қан қысымын өлшеп, дәрігерге қаралу керек.
Түйін. Кез келген сырқаттың алдын алып, оның асқынуын тежеуге болады. Әрбір азамат өз денсаулығына жауап­кер­шілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстанып, скрининг тестен және дәрігер қаралуынан уақытылы өтіп тұрғанда ғана нәтиже бол­мақ. Ен­деше, әркім денсаулықтың қадірін ерте бастан ұғынып, «ауырып ем із­деген­ше, ауырмаудың жолын іздегені» жөн.
К. КӨЗДІБАЕВА 
07 ақпан 2023 ж. 437 0