Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн несие орға жығады

Онлайн несие орға жығады

Бірнеше беттік құжатты толтырып, әуреге салынбаудың ең оңай жолы онлайн несие екені даусыз. Бүгінде онлайнға оратылғандар қатары күн санап артуда. Себебі тиімділігінде болып тұр. Қашықтықта отырып, смартфоныныздың көмегімен қажетті құжаттың дерегін енгізсеңіз, сұраған ақшаңыз қолыңызда дей беріңіз. Бір ұтымды жері мұндай ұйымдар жұмысыңның, тіпті табысыңның бар не жоқтығына шектеу қоймайды. Бірақ бергенін алуға келгенде олар сіздің тарапыңыздан айтылатын сылтауды қарастырмайтыны тағы бар. Тек осындай кезде ғана оңай олжаға кенелгендер опық жегенін анық ұғынып жатады.

Несібесін несиемен өлшейтін қоғамда туған-туыстан не жақыннан қарыз алу алыста қалды. Неге десеңіз, қазір екінің бірінің өзгеге қарыз беруге қауқары жоқ. Сондықтан амалы құрығандар бауырдай болған банкке жүгінеді. Бірақ кейде екінші деңгейлі банктердің бүйрегі бұрылмаса, шарасыздықтан жылдам қаржы беретін орталықтың қызметін таңдайды. Ал ондай ұйымдардың ғаламтордан сан түрлісін кездестіресіз. Тұтынушыны тартатын маркетингі, желіде желдей ескен жарнамасы жұртшылықты өзіне баурамай қоймайды. 0% проценттік үстемемен деп кездесетін хабарламасының өзі қаржыға қардар болып тұрған жанды еріксіз қарыз алуға мәжбүр етеді.
Бір қызығы сол, жарнамасы жер жаратын мұндай несиені рәсімдеуде сіздің жұмыс орныңыздың анықтамасы, міндетті зейнетақы төлемі, несие тарихы сұралмайды. Тек жеке сәйкестендіру нөміріңізді теру арқылы, бірнеше минут ішінде сұраған сомаңызды ала аласыз. Тіпті кепіл де қажет емес. Айтқандай, несиені 18-ден асқан асқан кез-келген азамат рәсімдей алады. Оларға кемі 5 мыңнан 150 мыңға дейінгі көлемде қаржы ұсынылады. Тіпті одан да көп несие беретін орталықтар да баршылық.
Микроқаржы ұйымдарына екінші деңгейлі банктен несие ала алмаған немесе шұғыл қаржы қажеттілігі туындаған азаматтар жүгінетін көрінеді.
Кент тұрғыны Әділет Нұрғали есімді жігіт шұғыл қажет болып онлайн несие рәсімдегенін айтады.
– Бұрын соңды онлайн несие рәсімдеп көрген емеспін. Жаз айында ай сайын алып жүрген жалақымыз белгілі бір себептерге байланысты кешікті. Екінші деңгейлі банктен алған несием бар болатын. Қысылтаяң кезде адам барлық амалды қарастырады емес пе?! Жақындарымнан қарызға ақша сұрадым, бірақ олардан қайыр болмаған соң, амалсыз онлайн несиеге жүгіндім. Дереу смартфонымды алып, несие рәсімдедім. Аз уақыт ішінде төлем картама өзім сұраған сома түсе қойды. Шаруамның тез біткеніне қуанып, алдыңғы несиемнің ай сайынғы төлемін жасадым. Мәселені онлайн несие арқылы оңай шешкеніммен, кейін уақыты келгенде тағы да ақшам болмай, қарыз үстіне қарызға баттым. 60 мың көлемінде алған ақша екі есеге өсті. Төлемеген күндерге күн қосылып, үстемесі арта берді. Олар әдетте алып жүрген несиеден көп үстеме қосады екен. Басында оп-оңай алынған ақшаны қайтаруға келгенде біршама қиналдым. Ет-жақындарым қиналғанымды байқап, қол ұшын созды. Сөйтіп барлық қарыздарымды реттедім. Өзгелер жылтыр жарнамасы бар, ұсыныстары ұтымды болып көрінетін мұндай микроқаржы ұйымдарына жүгінгенде «алмақтың да салмағы бар» екендігін қаперден шығармаса екен, – дейді Әділет.
Онлайн несие турасында мақаланы дайындауда, Ұлттық банк жариялаған ресми деректерге көз түсті. Ресми дерекке сенсек, бүгінде елімізде 239 микроқаржы ұйымы бар.
Оның ішінде онлайн негізде 50 АЕК-ке дейін микрокредит беруді ғана жүзеге асыратын 30 компания бар. Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығының өткен жылы жариялаған мәліметі бойынша сектордағы проблемалық борышкерлердің саны 555 мыңға жуық адамды құраған, оның 496 мыңы – мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын онлайн-несие тұтынушылары. Бүгінде бұл көрсеткіш көбеймесе, азаймай тұрғаны белгілі. Себебі тығырықтан шығар жолды іздеген жан жақынынан қарыз алғаннан онлайн несиені рәсімдеуді тиімді көреді. Бірақ бұл сенімді қызмет деуге келмейді. Себебі қашықтықтан несие беретін қаржы ұйымдары сіздің жеке мәліметтеріңіздің сақталуына кепілдік бермейді. Интернет алаяқтар қаржы ұйымдарының атын жамылып, түрлі қулықа көшуде. Олар сайтқа несие рәсімдеуге жиі өтінім қалдыратын тұтынушыларға өздері қоңырау шалып, әр қилы айла-шарғымен банктік деректемелерді оңай қолға түсіреді. Сондай оқиғаға тап болған Аяулым жақыным белгісіз бір номерден хабарласқан біреулер өзінің жеке мәліметтерін алмақ болғанын айтты.
– Телефоныма дамыл болмаған соң, тұтқаны көтердім. Аузын жаппай сөйлеген бір бойжеткен өзін «Zaimer. Robocash» микроқаржы ұйымының операторымын деп таныстырды. Сіз бізден бұрын-соңды онлайн несие рәсімдеген екенсіз. Сіздің жеке деректеріңіз алаяқтардың қолына түсу қаупі бар. Бұған дейін сізге ешкім хабарласқан жоқ па? – дейді. Жеке мәліметтерімді сақтандыру үшін Play market-тен «AnyDesk» қосымшаcын жүктеуім керек екен. Бірақ іште күмән болған соң, оператор қыздың сөзін аяғына дейін тыңдамай, тұтқаны қоя салдым. Сөйтіп қызығушылық туындап, әлгі қосымша жайлы өзімше ізденіп, құжаттың сипаттамасын ашып қарасам, қосымша арқылы жеке деректерді 2-3 тұлғаға жіберуге болады екен. Содан кейін белгісіз қоңырауларға мүлдем жауап бермейтін болдым. Мұндай алаяқтықпен ұшырасатын жандар көп. Көбі сауаттылықтың жоқтығынан зардап шегеді. Сондықтан кез келген белгісіз қоңырауға жауап бермей, өзің танымайтын адамның берген нұсқаулығын орындамаған абзал, – дейді Аяулым.
Мамандардың айтуынша, несие алушылар көбіне өз құқығын білмегендіктен қарыздың қамытын киінеді екен. Қаржылық сауаттылықтың аздығынан онлайн несиеден опық жеп, өз құқығын қорғауға құлықсыз азаматтарға мамандардың айтар кеңесі де жоқ емес.
– Несие беретін микроқаржы ұйымдарына Ұлттық банктен арнайы қаржылық операцияларды жүргізуге рұқсат беретін лицензиялары болса ғана сенуге болады. Ұлттық банкте арнайы Қаржылық қадағалау агенттігі бөлімі бар. Лицензияны сол бөлімнен алса болады. Кей жағдайда лицензиясы жоқ қаржы ұйымдары халықтың сауатсыздығын пайдаланып, ЖШС не ЖК тіркелгені туралы куәлікті көрсете салуы мүмкін. Оған алданбаған жөн. Нақты құжаттарды талап ету керек, – дейді сала мамандары.
«Оңай олжамен оңаламын» деп соңынан сазға отырғандар әлі де болса азаймай тұр. Бірақ оңай жолмен келген дүненің оп-оңай желге ұшатындығы, берекесінің де болмайтындығы баршаға аян. Онлайннан опық жеп, орға жығылмауды ойласаңыз, жеңілге жүгірмегеніңіз абзал.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
qazaly.kz
14 ақпан 2023 ж. 266 0