Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Медицина саласының майталмандары

Медицина саласының майталмандары

Еліміздің тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асты. Егемендікті еншілеп, өз алдымызға еркіндік алғалы бері әр атқан таңның қадірі биік, әр күннің алар орны ерекше. Себебі бұл қаншама жылдар бойы азаттықты аңсап өткен ата-бабаларымыздың асқақ арманы. Біз бейбіт күнде өмір сүріп жатқан әр уақытымызды бағалай білуіміз қажет.
Дегенмен қазіргі уақытта елімізде бірнеше буынның азаматтары тұратыны анық. Солардың қатарында Кеңес әскерінің қатарында әскери борышын өтеген аға буын үшін 23 ақпан ұмытыла қойған жоқ. Әскери өмірді бастан кешіп, әскери билетті қолға алған сәттері мүлде ұмытылмақ емес.
Мұнан бөлек, әскери билетпен толықтай қамтылатын, әлбетте, медицина саласының қызметкерлері екені даусыз. Адам жанына араша болып, мылтықсыз майданда инені қару еткен жандарды да жауынгерге теңесек артық болмас.Бүгінде саналы ғұмырын осы салаға арнап келе жатқан перзентхананың аға мейіргері Күнқияш Кусупова мен травматологияның аға мейіргері Бақыттыгүл Төлепованың еңбегі елге таныс.Бүгін осы екі кейіпкер жайында айтуды жөн санадық.
Күнқияш Әмірәліқызы 1962 жылы Сексеуіл кентінде дүниеге келген. 1971 жылы әкесінің қызмет бабымен Арал қаласына көшіп келеді. Мектеп бітірген соң, Қызылорда медициналық училищесін мейірбике мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң аудандық емханаға қызметке орналасады. Осы жерде барлық қызметтік баспалдағынан өткен ол аймақтық мейіргер, таңу бөлмесі, физиотерапия бөлмелерінде аяжан болып, 2011 жылы аудандық аурухана бас дәрігерінің бұйрығымен перзентхана бөлімшесінің аға аяжаны болып тағайындалған. Күнқияш Кусупова:
– Медицина саласы дегенімен, әр бөлімнің қызметі бір-біріне ұқсамайды. Мұны осы салада жұмыс істегендер анық біледі. Мен де түрлі бөлімдерде ұзақ жыл қызмет атқарғаныммен, дәл осы перзентхана жұмысына келуді ойламаған едім. Себебі де бар. Жалпы қай науқастың болса да қауіпсіздігі, дертінен айығып шығуы біздің басты міндетіміз ғой. Бірақ бала мен ананың қауіпсіздігі тіпті жауапты қызмет. Алғашында бұл қызметтен бас тарттым. Бірақ сол кездегі аудандық аурухананың бас дәрігері Арғынбай Асанбаев ағамыздың сеніміне алғыс айтқым келеді. Сол уақыттарда білгенін үйретіп, бүгінгідей дәрежеге жетуіме себепші болған дәрігерлер Н.Ташканова, А.Ілиясова, Х.Кульбаеваның қолдауы ешқашан ұмытылмақ емес, – дейді.
Еңбегі еленіп, бірнеше рет аудандық аурухана басшылығының, аудан, облыс әкімінің және денсаулық сақтау басқармасының мақтау қағаздары мен алғыс хаттарын алған мейіргер 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, 9 немересінің сүйікті әжесі болып отыр. Ендігі арманы да – абыроймен зейнет демалысына шығып, солардың қызығын көру.
Ал екінші кейіпкеріміз Бақыттыгүл Қойбағарқызы 23 ақпанда 56 жасқа толады. 1967 жылы 23 ақпанда Көкарал елді мекенінде дүниеге келген ол 1984 жылы Қызылорда қаласындағы қазіргі Жоғары медициналық колледжіне оқуға түсіп, 1986 жылы «Медбике» мамандығы бойынша тәмамдаған.Алғаш еңбек жолын 1986 жылы Ақбасты ауылдық ауруханасында медбике болып бастаған. «Әлі есімде. Жұмысқа қосылған күні ауылдық аурухананың меңгерушісі болған Күнжан Ахметов жұмысқа қосылған күні бірінші болып өзіне ине салдырған еді. Ақ халаттылардың жауапкершілігі қаншалықты ауыр екенін осылай көрсеткен болатын. Бірақ оқып жүріп те қызмет жасағандықтан, жұмысты ары қарай алып кету маған аса қиын болмады» деген кейіпкеріміз 1988 жылы Арал аудандық емханасында, аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінде, 1991 жылы құлақ, тамақ, көз аурулары бөлімшесінде медбике, 2005 жылы құлақ, тамақ, көз аурулар бөлімшесінің аға аяжаны, 2013 жылдан бастап травматология бөлімшесінің аға аяжаны болып қызмет етіп келеді.Бірнеше мәрте аудан, облыс әкімдерінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаттары, Құрмет грамоталарымен, Қазақтан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған медбике қызметтік қиындығы мен қызығы жайлы жиі айтып жүреді. Солардың бірі:
– 1987-1990 жылдары травматологияда кезекші аяжан болдым. Осы уақытта бас, ми жарақатын алған емделушілер түрлі әрекетке барды. Ол уақыттарда автобустар қатынайды. Ауруханадан қашып шыққан емделушілер сол автобустарға отырып, пойызбен кетіп қалып та жатты. Мұндай кездерде Қамбашқа барып, пойызды алдынан күтіп алып, науқастарды қайтадан ішке алып келетінбіз, – дейді.
Мұнан бөлек, қазірдің өзінде жарақат алған өзге ұлт өкілдері жиі ауруханаға түсіп жатады. Біздің міндетіміз медициналық көмек көрсету болғандықтан, әр адамның толықтай емделіп шығуы үшін көмек көрсетеміз. Бірде жол-көлік оқиғасынан жарақат алған Өзбекстан азаматы түсті. Біз үшін науқастың бәрі бірдей. Сондықтан ол азаматқа да қолдан келген көмек көрсеттік. Науқасты шығарып алуға келген жұбайы, өзге де азаматтар біздің жұмысымызды жоғары бағалап, батасын беріп кеткендігін айтады.
Иә, баршаның алғысына бөленіп жүрген Бақыттыгүл Қойбағарқызы2 бала тәрбиелеп отыр. Екеуі де анасының жолын қуып, Ерқанаты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде «ІТ медицина» мамандығы, Әселі С.Бәйішов атындағы Ақтөбе медициналық колледжінде «Мейіргерлер ісі» мамандығы бойынша білім алуда.
Қос бірдей медицина саласының жауынгерімен сөйлесу барысында оларға елдің алғысынан асқан марапат жоқтығын түсіндік. Басы ауырып, балтыры сыздаған адамнан бастап, түрлі деңгейдегі науқастарды емдеу, ана мен баланы аман қауыштыру, олардың айналасындағы жандардың қуанышын көру расында ең үлкен бақыт!
Оңталап ЖОЛДАСОВ
21 ақпан 2023 ж. 397 0