Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскердегі қызмет – азаматтық міндет

Әскердегі қызмет – азаматтық міндет

«Адамның бойындағы құрметтеуге тұратын ең ұлы қасиет – өз Отанына деген махаббат» дейтін тәмсіл бар қазақта. Міне, бәрінен биік, барлығынан жоғары тұратын осы бір қастерлі ұғымды құрметтеу, оған бас иіп, елдің, жердің амандығы үшін әдетте ер азамат міндетті саналады. Жай ғана міндетті емес, Отанды қорғау олардың адамдығының алдындағы басты парызы. Сондықтан әрбір ер баланы ес білген уақытынан бастап елін сүюге, патриоттыққа тәрбиелеу қажет. Сонда ғана азамат болған шағында азаттықтың қадірін, бейбіт күннің құнын, байтақ жердің пайдасын түсіне алады.
Бұл көнеден келе жатқан бұлжымайтын қағида. Әлі күнге дейін қарттарымыз дүниеге нәресте келсе, «атқа мінер ме, кесте тігер ме екен?» деп сұрайтынын есітіп жатамыз. Иә, атқа мінер дегеніміз біз айтып отырған ер бала. Бұл сөз сонау жаугершілік уақытында атқа мініп, қолына қару алып жау шебіне аттанғаннан қаласа керек-ті. Атамекенін аманаттай қорғап, елдің ертеңін ойлайтын болашақ иелерін дүниеге келген күннен бастап ержүректікке, батырлыққа тәрбиеленген.
Бірақ қазір заман басқа. Қоғам мүлде өзгерген. Дегенмен ер азаматтың міндеті сол қалпында сақталып қалғанын естен шығармаған абзал. Себебі қашанда қабырғалы елдің қорғанына айналатын Отан қорғаушылар екені даусыз.
Отан қорғаушы. Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Түсінген жанға мұнан қанатты сөз жоқ шығар. Әр азаматты желпінтіп, жігерін қайрай түсетін «Отан» деген ұғымды қорғап қалу өзінің басты міндеті екенін ұғындырады. Демек әскер қатарында қызмет етіп, тәуелсіз қазақ елін қырағылықпен қорғау әрбір азамат борышы. Батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.
Қазіргі уақытта жастарды әскер қатарына шақырту бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оларға жиі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қызығушылығын арттыру бағытында кездесулер өткізіліп, үнпарақтар таратылып келеді. Баспасөз беттерінде әскери қызметте болып, Отан алдындағы борышын адал атқарған жас жауынгерлер жайлы жиі жарияланып, олардың ерлігін, әскери шеберлігін насихаттап жатқанын да аңғаруға болады.
Дегенмен әскерге құлшынысы артқандар қатары әлі де болса көп емес. Бүгінгі уақытта, нарықтық қоғамда әскер жасына келген жігіттердің менталитеті, көзқарасы өзгеше десек артық айтқандық емес. Бұл түсінікті жағыдай. Қызметке ерте араласып, табысты азамат болғысы келеді. Ал әскерде өткен бір жыл уақытты зая кеткен кездер деп танитындар қаншама. Оның үстіне біреудің жалғызы, біреудің қараушысына айналып отырған ата-аналар да баласын әскерге жіберуге қорқатыны да ақиқат.
Бірақ дәл осы уақыттың, бейбіт күннің қадірін түсінген әрбір жас азаттықтың ақ таңы мәңгілік болуы үшін сап түзеп, қатарға алынуы керектегін де бір сәт естен шығармаған абзал. Сонда ғана біздің болашақтан күткен бақытымыз жақындай түседі. Елдің келешегі кемелдене береді. Себебі «Бағалай білгенге бақ қонады, қадірлей білгенге құт қонады» деген емес пе?!
Қазақтың көрнекі қаламгері, жазушы Мұхтар Әуезов: «Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен үркер күшім жоқ – деп ер қайратыңа мін дағы, өрге бас» деп ұрандап кеткен екен. Ендеше осы ұранды ұстанып, қайратымызды, жігерімізді Отан үшін, елге қызмет ету үшін жұмсасақ, туымыз тұғырлы, тәуелсіздігіміз ғұмырлы болмақ.
О. Жексембайұлы
09 қазан 2022 ж. 502 0