Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әжелер қайда кешегі...

Әжелер қайда кешегі...

Әже деген сөзді естісем, көз алдыма өзімнің қос әжем елестейді. Қос әжем дегенім – өз әжем мен нағашы әжем. Менің әжем мен 5 жастағы кезімде бақилық болған. Бірақ сонда да кейбір бұлдыр елестер санамда сақталып қалыпты. Әжем ауыр дерттің азабын тартып екі жылдан артық уақыт төсек тартып жатты. Ол кезде төрт жастағы менің көз алдымда әжемнің әжімді, қуарған жүзі, кең етекті, аппақ, қызыл гүлді көйлегі мен екі шетін маңдайынан айналдыра орап таққан ақ жаулықты келбеті тұр.
Оның жалғыз ұлдан туған, зарығып жеткен немересімін. Содан да болар, мені бар мейіріміне бөлеп, ізінен тастамай өсірді. Қазір бала күнгі бірді-екілі суреттерімді қарасам бәрінде басыма үкілі қалпақ кигізіп, маңдайыма қарамен нүкте салып қойыпты. Себебін сұраймын ғой. Сөйтсем тіл-көзден аман болсын дегені екен. Менің алдымда өмірге келген ата-анамның тұңғышы бес айлық кезінде белгісіз жағдайда шетінеген. Содан қорқып қалған көңіл мені бір жасыма дейін ел көзінен тасалап өсіріпті.
Жаңа айтқанымдай, кейбір ыстық естелікке толы балалық шағымның кадрларында әжемнің маған мейірлене қарап, жанына жатқызып, шашымнан сипап, анама ұрыстырмай, қорғаштап әлек болып жатқан тәтті сәттері келді. Ол мен десе бәрін берді. Анамның қасында перзентханада ғана жатқанмын. Одан соң түн баласы мазасыздығыма да, еркелігіме де көніп, әжем етегіне салып бағыпты. Осы қамқорлықты сезініп өскен мен 4 жаста ес біліп қалған шағымда әжемнен айырылғанда ересек адамша тауым шағылып, құлазыдым. Бала болсам да әжемнің көрпе-төсегін төсеніп алып, сол жатқан пештің бұрышында ұйықтайтынмын. Ата-анамды онша мойындай қоймайтын кемпірдің қызымын.
Бірде анам айтқанын қылмағаным үшін таяқтады. Жаздыгүні болатын. Жылаған дауысымды естіп көрші тұратын анамның апасы үйге жетіп келді. «Ойбай-ау, бұл қызды қалай қолың барып ұрып жатсың, құдағи соңғы демі үзілерде маған айтқан жалғыз аманаты "Назеркеме бас-көз бол" деген жалғыз сөз еді» деп мені анамның таяғынан арашалап, өз үйіне алып кетті. Не керек, сол күні мен Рабиға маманікінде қондым. Бұл кісі де менің жаныма жақын үшінші әжем. Ертеңіне анам таң атпай кемсеңдеп жылап келді. «Ақ Нәскө, кешір мені. Түсіме әжең кірді, маған ренжіп теріс қарап отыр. Қабағы түсіңкі. Көзі тірісінде саған қолымның ұшын тигізбек түгілі, қатты сөйлетпейтін...» деп анам көзінің жасын сығып алды. Мен ол кезде бар болғаны жеті жаста болуым керек. Маманың сол келісінің мәнін онша түсінбесем де, енді ұрмайтын болды деп мәзбін. Менің ауылдағы әжемнің көзін көргендердің бәрі әлі күнге дейін «Айналайын, Айжамал апамның ерні тиген қызы ғой. Бұл кемпірдің қызы» деп ерекше құрметтеп, маңдайымнан сүйіп, маған деген әжемнің ерекше мейірімді сәттерін әңгіме етіп отырады. Әкем мен анам да мені басқа баласына қарағанда "әжесінің қызын ренжітпеу керек" деп құрмет тұтады. Ал нағашыларым мені «құдаша қыз» деп атайды.
Нағашы әжем біздің үйде көп болды. Менің студент кезімде қайтты. Олар шалғай ауылда тұрды. Нағашы әжемнің қолқасы ауырып, демігіп жүретін. Ол ауылда ем-дом жасайтын дәрігер болмаған соң, біздің үйге келіп кезекті емін алып жүретін. Әжем сабырлы, салмақты, парасатты жан еді. Артық сөзі жоқ. Жақтырмаса бір шекелеп, теріс қарап отырып қалады. Артық сөйлеп, күліп қойсаң тық еткізіп таңдайын қағып домаланған әшкиінің астынан оң жақ қасын жоғарыға көтере, жүзін төмен салады. Болды, сен жақпай қалдың деген белгі осы. Басынан ақ жаулығын тастамай, кең етекті көйлек киіп, аузынан өсиетті сөзі түспей отыратын сол бір жанның айтқан көп ақылы менің өміріме сабақ болып, санамда тоқылып қалды. Жастық шақта көрген бейнетін де, өмірден түйгенін де бізге ақыл етіп сіңірді. «Сауысқандай сыңқылдап, күлгенің жетер басыңа, тымырайып отырсаң кім жуиды қасыңа» деп бізге қыз баласына биязылық тән екенін дәріптейтін. Тағы бір сөзі бар: «Сүймесіңді сүйерсің, сүйгеніңнің көңілі үшін» деген бір сөзді жиі айтып отыратын. Уақытында сол сөздің мағынасын түсінбесем де кейін есіме түсіп «Ту, әжем қалай тауып айтқан» деп қаламын. Ол өмір бақи тұрмысқа шығып кеткен қызға да, келінге де, немереге де ақылшы қамқор бола білді.
Өз әжем 60 жасқа таяп бақилық болса да, мен оның әже деген атқа саятын келбетін көрдім. Тізеден төмен көйлек киген, орамалды жүзін санамда сақтадым. Осындай аналарды көрген соң ба, кейде қазіргі заманның әжелерін көргенде осы әжелер сол атқа лайық па деп ойлап қаламын.
Қазір сөз бастасам жап-жас болып үлкендерді түзейін деді ме деп айтатын әжелер де табылар. Бірақ мен көзбен көргенімді еш боямасыз баяндайын. Бүгінде адамдар қартаймайтын сияқты. Кейде жасанып алған жасы үлкен апаларды көргенде, оларды дүкенде киім таңдап жүріп «ой, бұл көйлек кемпірлерский ғой» дейді. Ал жасын сұрасаң алпыстан асып кеткен. Сонда біз қай жастағы әйел баласын кемпірлер санатына жатқызамыз? Салон жағалап жезтырнақ болып, оны әдемілеп сәндеп, кірпік өсіріп, шаштарын жасырып орамал тағу былай тұрсын, түрлі-түсті етіп бояп алып жүргенде отыздағы мен өзімді кемпір сезініп қаламын.
Мұндай әжелер бесік тербетіп, әлди айтпайтыны анық. Содан да балалар әженің емес, балабақшадағы тәрбиеші мен үй күтушілердің тәрбиесін алып өсіп жатыр. Содан келіп қыз бен ұлдың тәрбиесі қырын кетіп жатса, кінәліні іздеп шарқ ұрамыз. Содан келіп тағдырдың тәлкегіне түсіп, өмірден бақытын таба алмай жүрген жандар "аңқау елге арамза молда" дегендей психолог, мотиватор сымақтардың ақылы сабағына естері кетіп, ақшасын сарп етіп жүргені.
Айналып келгенде, әже тәрбиесінің негізінде – ұлт тәрбиесі жатыр. Ендеше, сол ұлт тәрбиесінің бір кездегі тәрбиешісі – әжелер мектебін қалыптастырсақ, орашолақ ұл мен қыз жіптіктей болып, ұлт рухында жігерлі болып өсері сөзсіз. Тілдегі мүкістіктен, ойдағы бұлыңғырлықтан арылар еді. Өзгенің көлеңкесі болып қалудан құтылар еді. Азаттықты түйсініп, "Қазақ елінің ұрпағымын, кімнен кеммін, терезем тең" деген отаншылдық сезімі оянып, серпілер еді. Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынұлының: «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болмақ¬шы. Құлша тәрбиелесең – құл болмақшы» деп айтқан қанатты қағидасы шындыққа айналар еді.
Тәрбие тал бесіктен басталады. Қазақ әже деген атты асқақ санаған. Сондықтан ұлттық ұғым мен салт сананы өскелең ұрпаққа сіңіру үшін қоғамда әженің рөлі маңызды. Бұл ақыл емес, ойтүрткі болсын деген ой ғой біздікі. Ал маған мейірім мен әжелік жылуын, ақылын аямаған жандардың әжелік аты мен өнегелі өсиетін өмір бойы санамда сақтап, аттарын асқақ етемін. Рақмет сізге, әже!
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
25 ақпан 2023 ж. 470 0