Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАУДАЙ БИІК ТАЛАБЫМ

ТАУДАЙ БИІК ТАЛАБЫМ

ІЗБАСАР
Алда жол көп біз басар,
Таудай биік талабым.
Ағаларға ізбасар,
Нағыз ұлан боламын
КӨК БАЙРАҒЫМ

Туымнан бұл жоқ күшті,
Тұр қолын жұрт, дос бұлғап.
Байрағыма көк түсті,
Түсірмеймін ешбір дақ.
Көк байрағым менің де,
Күш-қуатым, айбарым.
Жер-жаһанның төрінде,
Желбірейді байрағым.
ӘНҰРАНЫМ

Бас имеді алып қай ел?!
Тыңдайды жұрт, жалықпай ел.
Күллі әлемде салтанатпен,
Әнұраным қалықтай бер!
ЕЛТАҢБАМ

Ағам маған:
–біл деді,
Елім үшін іргелі
Елтаңбамыз ерекше,
Азат елдің керексе,
Жан-жағына арайлы,
Алтын шапақ тарайды.
Дақ түсірме, кірлетпе,
Ең ардақты Елтаңбаң.
Әрқашанда құрметте,
Деді қағып арқамнан.
ТУҒАН КҮН

Туған күнім тап бүгін,
Тәтем келді базардан.
Алуан түрі тәттінің,
Алдымда тұр азаннан.
Балмұздақ, торт,
тәп-тәтті
Шоколад та мезі еткен.
Аузыма әжем сап жатты,
Тәттілерді кезекпен.
Бір кез одан жалықтым,
Әкем,
анам,
тәтеммен,
Қарап аң-таң қалыппын,
Ойыншықтарға әкелген.
Атам жайып құшағын,
Мені өзіне қаратты.
Тарту етті ұшағын,
Кішкентай қос қанатты.
Төрт жастағы үшін мен,
Сый болды бұл қомақты.
Айттым алғыс ішімнен,
Көлігіне қорапты.
Көк байрақты кемеммен,
Толды ойыншыққа төр бүгін.
Ойыншық жауған төбемнен,
Осынау бір болды күн.
Жадыратқан бүгін бір,
Қандай жақсы пейілі елдің.
Келмесе де тілім бұл,
"Лақ-мет!" дей бердім.

ӨСІП КЕЛЕ ЖАТЫРМЫН
Дейді әжем әрдайым,
"Бала болдың батпандай".
Былтырғыдан сәл бойым,
Өсіп келе жатқандай.
Атам, әжем кезекпен,
Көтермейді көп мені.
Бұрынғыдан өжет мен,
Төрт жастағы "батырмын".
Бірте-бірте өйткені,
Өсіп келе жатырмын.
 Әже ақылы мен үшін,
Әжептәуір ол да күш.
Сүйреп әкеп кебісін,
Бердім міне, қолғабыс.

ҚҰРТ
Әжемнің бар өресі,
Құрт-ірімшік төресі.
Сонда бәрін жаяды,
Ертелі-кеш өресін,
Қарауылдап қояды.
Әжем дедек қағады,
Бетін тормен жабады.
Шұқымасын деп торғай,
Қырағы әжем тек сондай.
Кепкен кезде таттық дәм,
Көңіліміз аптыққан,
Су сепкендей басылды,
Шайқап қойдым басымды.
Кеміріппін босқа оны,
Мұнан кәмпит тәтті екен.
Құрт дегенім ащы әрі,
Тастан бетер қатты екен.

КІШКЕНТАЙ ДӘРІГЕР
– Кім боласың өскенде?
Айбануға дескенде.
Ақ дәкемен байлады,
Қолымды әйнек кескенде.
– Болам, – дейді – дәрігер,
Жасап ем-дом тісіме.
Болады өстіп әбігер,
Үлкен түгіл кішіге.
Атам азап шекпесін,
Азанымен деп ойлап.
Салды ойыншық екпесін,
Қолыма ептеп, абайлап.
Еңбегі еш кетпесін,
Деп атасы ойлайды.
Жүрегі мен өкпесін,
Тыңдаттырмай қоймайды.
Әсте тыным таппайды,
Қабілетін таныды ел.
Жұрт Бануды мақтайды,
– Міне, нағыз дәрігер!
АҚ КЕМЕ
Байқамаппын бекер мен,
Әнтек болды әттеген!
Атам сатып әкелген,
Кетті ығып ақ кемем.
Қарап тұрсаң әдемі,
Каютасы ұядай.
Тентек желдің әлегі,
Атама тұр ұнамай.
Тымық күні егерде,
Жүздіргенде абайлап,
Кемемді сол тереңге,
Кетпес еді жел айдап.

ЖАСЫРЫНБАҚ
Жалғыз өзім іш пысып,
Жасырынбақ ойнадым.
«Ешкім мені көрмесін»,
Деп ішімнен ойладым.
Не істеу керек ол үшін?!
Кім созады қол ұшын?!
"Жоқ" деп өзім-өзімді,
Жұма қойдым көзімді.

Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері
03 желтоқсан 2022 ж. 481 0