Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырлы сандық

Сырлы сандық

Әкемнің үйінде сонау жылдары сырты өрнекті қаңылтырмен қапталған ағаш сандық тұратын. О бастан төрден ойып тұрып орын алған әлгі сандықты әжем байғұс көзінің қарашығындай көріп, қызғыштай қорушы еді. Жалаңаяқ шапқылап жүрген қара сирақ бізді маңайына жолатпайтын. Неге екенін білмеймін, сол бір сандықтың қақпағының ашылар аузына таман "1942" деген төрт сан болар-болмас көрініп тұратын. Бұл не екен? Әжемнен сұрауға батпаймын. Әжем қатал адам. Әлгі сандыққа жоламақ түгілі, ретсіз сөйлесең, жоныңнан таспа тіліп алады. "Көп сөйлеме, көбік ауыз Көбенге ұқсап кетесің" дейді. Сондықтан аяғымды ұшынан басып, үйде тыныш жүремін.
Сонан әлгі сырлы сандықтың сары майдай сақталған сырын Жеңістің жиырма жылдығын ауыл болып ат шаптырып атап өтіп жатқан күні әжемнің өзі көзіне жас алып отырып айтты.
– Мен теңіз қойнауындағы Кіші Қаратүп, Үлкен Қаратүп деген жерді жайлаған Жолмақан деген орташа ауқатты байдың қызымын. Әкеміздің Ораз, Қораз атты екі ұлы, Жазық пен мен және Жамал деген үш қызы болған. Мен сенің атаңа 1927 жылдары ұзатылып келдім. Арада екі жыл өткенде сенің әкең дүниеге келді. Кіндіктен жалғыздығын білдірмей, бетіне жел тигізбей өсірдім. Атаң да, оның ата-бабалары да Қарашалаңды, Қызылжар мен Батпақты деген жерлерді жайлаған балықшы болатын. 1939 жылы соғыс басталмастын екі жыл бұрын "Қалақай" атты аралшықтан көшіп келіп, Ескібөгенде отырғанбыз. Суық хабар төбемізден жай түсіргендей болды. Елдің іші жылап-сықтау...
1901 жылдары туған атам сонан 1942 жылы Арал аудандық әскери комиссариаты арқылы қырық бір жасында әскер қатарына шақырылады. Соғысқа аттанардан бұрын Арал қаласында тұратын Шақат зергер деген жекжаттығы бар өнерлі кісіге осы сандықты жалғыз ұлына арнап соқтырып, маңдайшасына "1942" деген жазуды өрнектеп жаздырады.
Атышулы 1942 жылдың күзінде Сталинград майданына түскен атамнан бір-екі рет үш бұрышты хаттар сағындырып келеді. Артынан сап тыйылады. Сонан атам да, өзімен бірге майданға үйленбей кеткен інісі Үсен де хабар-ошарсыз кетеді. Өлісі-тірісі белгісіз. Бірақ әжем қосағын, қайнысын өлді деуге қимай, оқта-текте төрдегі сандықты саусақтарымен сипалап, ыңылдап отырушы еді. Сол сурет жадымда сақталып қалыпты. Үй маңайындағы отынға қонған қара қарға қарқылдаса, әжемнің "ақ сөйле" дейтіні де есімде. Сонан бері қаншама жылдар өтті. Әжем байғұс осыдан 48 жыл бұрын 67 жасында қосағын күте-күте көз жұмды. Атамнан қалған сандық бұл күндері әкемнің қара шаңырағының төрінде тұр. Сонан бері сексен жыл уақыт өтті. Талайлар дүниеге келіп, талайлары бұл фәниден кеткелі қай заман. Атамыз қазақтың "Адам тозады, дүние тозбайды" дегені осы шығар.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
10 шілде 2022 ж. 917 0